Саясат

Ерлан ӘБЕН, ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi Агенттiгiнiң Астана қаласы бойынша Басқарма басшысы – Тәртiптiк кеңес төрағасы: ЖАҢА ТАЛАПТАР ЖАУАПКЕРШIЛIКТI КҮШЕЙТЕДI

Жақында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мем-лекеттiк қызмет мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу» туралы Заң жобасы әзiрлендi. Қабылданған жағдайда мемлекеттiк қызметшiнiң нақты құзiретi айқындалады деп күтiлуде. Енгiзiлген өзгерiстер нақты басқа қандай қажеттiлiктен туындады? Бiз осы жағдайға байланысты ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi Агенттiгiнiң Астана қаласы бойынша Басқарма басшысы – Тәртiптiк кеңес төрағасы Ерлан Әбендi әңгiмеге тарттық.
– Естерiңiзде болса, былтыр Елбасының Жарлығымен «Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметi жаңа моделiнiң тұжырымдамасы» бекiтiлген. Соны жүзеге асыру мақсатында осы заң жобасы әзiрлендi. Яғни, мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделi тиiмдi кадр тетiктерiн – мемлекеттiк қызметке кiрудiң айқын тәртiбiн, қызметкерлердiң үздiксiз кәсiби даму мүмкiндiгiн, жұмыс нәтижелерi мен ынталандыру жүйесiнiң өзара байланысын қалыптастыру қажеттiлiгiнен туындады.
– Қазiргi таңда бос жұмыс орындарына ұйымдастырылатын байқауға халықтың сенiмi жоғалды. Бұл заң жобасы бойынша конкурстық iрiктеу қалай жүргiзiлмек?
– Халықтың сенiмiнен шығу үшiн бiраз толықтырулар мен өзгертулер енгiзiлдi. Президент айқындайтын кадр резервiне iрiктеудiң және конкурстың ерекше тәртiбiн, сондай-ақ арнайы бiлiктiлiк талаптарын қарастыратын мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдардың тобы – «А» корпусын қалыптастыру қарастырылған. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру және оны жетiлдiру турасында кадр резервiне iрiктеу және бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға орналасу резервшiлер арасында реттiлiкпен жүзеге асырылатын болады. Яғни кадр резервiне iрiктеудi мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган, ал резервшiлер арасында iрiктеудi – тiкелей мемлекеттiк органдар жүргiзедi. Конкурсқа қатысушы үмiткерлермен әңгiмелесу техникалық жазба құралдары көмегiмен белгiленедi. Iрiктеудiң нәтижелерi туралы ақпарат мемлекеттiк органдардың интернет ресурстарында және ақпараттық стендтерде орналастырылады.
– Конкурстық рәсiмдердiң тәртiбiн мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайды дейсiз. Ал, соны ұйымдастыратын конкурстық комиссия мүшелерiнiң жауапкершiлiгi қандай болмақ?
– Әрине, олардың жауапкершiлiгi қарастырылған. Олар өткiзiлген конкурстың iрiктеу сапасы мен әдiлдiгiне жауап бередi.
– Қоғамда сұранып тұрған тағы қандай мәселелер толықтырылды?
– Мансаптық жоспарлау, кадр резервi, тағылымдама, тәлiмгерлiк, этика және тағы бiрқатар түсiнiктермен толықты деуге болады.
– Мекеме басшысы ауысса, кадрлық өзгерiстердiң болатыны сөзсiз. Осы орайда амалсыздан, мәжбүрлiкпен өз өтiнiшi бойынша жұмыстан кететiн азаматтар кездеседi. Ал олардың құқын кiм қорғайды?
– Бұл заң жобасында «командалық ауысуға» жол жоқ. Жаңадан келген мекеме басшысы өзiмен бiрге қызметкерлердi алып келуге немесе өзiмен алып кетуге түбегейлi тыйым салынады. Мұндай жағдайда лауазымды тұлғаны әкiмшiлiк және тәртiптiк жауапкершiлiкке тарту заңнамалық тұрғыдан бекiтiледi. Ал жұмыстан амалсыздан кету туындаса, ол адамды осы заң қорғайды. Ол үшiн, өзiнiң аты-жөнiн көрсетпей-ақ, бiзге арыздануға болады. Әрi қарай iстiң ақ-қарасы тексерiледi.
– Елiмiзде 90 мыңдай мемлекеттiк қызметшi бар екенi белгiлi. Ал Астанада олардың құрамы қандай?
– Бас қаламыздың жергiлiктi және атқарушы органдарында 3 мыңға жуық мемлекеттiк қызметшi еңбек етуде. Олардың 51 пайызы – әйелдер. 93 пайызы – жоғары бiлiмдi азаматтар. Мемлекеттiк қызметшiнiң орташы жасы – 36. Қызметтегi орташа тәжiрибесi – сегiз жыл.
– Сiздiң ойыңызша, мемлекетiк қызметшiге не жетiспейдi? Мiнi мен мiндетi қандай?
– Мемлекеттiк қызметшi, ең алдымен, халыққа сапалы қызмет көрсету керек. Мейлi қай салада болсын, азаматтардың өтiнiшiн қанағаттандыру – басты назарда. Жай қызмет көрсету емес, сапалы әрi жылдам қызмет көрсету керек. Заңда көрсетiлген мерзiм iшiнде азаматтардың өтiнiшiн уақытылы қарастырмау – кемшiлiк.
Қазiргi таңда мемлекеттiк қызметшiнiң ең басты кемшiлiгi – бiлiм деңгейiнiң төмендiгi. Тәжiрибесiнiң аздығы. Азаматтармен қарым-қатынасты дұрыс жолға қоймағандығы дер едiм. Әсiресе, заң, экономика саласында бiлiм деңгейi жетiспей жатады. Әрине, мұның бәрi – реттелетiн шаруалар. Тағы бiр айта кетер мәселе – мемлекеттiк тiлге шорқақтығы. Осыдан бiр-екi жыл бұрын кейбiр басқармадан қазақша жөндi сөйлейтiн, қазақша құжат дайындайтын бiр адам табылмайтын.
– Қазiр де солай сияқты ғой… Жалпы заң жобасында тiлге талап күшейтiлдi ме?
– Рас, мемлекеттiк тiлге айрықша көңiл бөлiнген. Тiптi, «А» корпусындағыларға ерекше тәртiп қарастырылған. Әзiрге бекiтiлмегендiктен, айта алмаймын. Жасыратыны жоқ, тiлге деген талап күшеймек. Қазiргi қолданыстағы ескiрген талаптар, жаңа талаптармен толыққан. Ал жоғарыда айтқан ерекше тәртiп Елбасы жарлығымен айқындалады. Бiр айта кетерлiгi, әркiмнiң құзiретi нақтыланады.
– Мекеме басшыларына жазған азаматтардың өтiнiшi қанша күнде қаралады?
– Денсаулығына байланысты немесе өмiрiне қауiп төнген жағдайда өтiнiш кезек күттiрмей қаралады. Сонымен қатар ережеге сәйкес үш күн iшiнде, жетi күн iшiнде, отыз күн iшiнде қаралуы тиiс. Егер азаматтардың шағымы мекеме тарапынан ескерiлмей жатса, Астана қаласының тәртiптiк кеңесiне арыздануға болады. Өйткенi, азаматтардың шағымын қарау – әрбiр мемлекеттiк қызметшiнiң мiндетi.

Close