Саясат

Елбасы ескертпелері – күн тәртібінде

Кеше Астана әкімі Әсет Исекешев аппарат жиналысын өткізіп,  Мемлекет басшысының қатысуымен «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық және елорданың даму мәселелері бойынша өткен кеңесте айтылған ескертпелерден қорытынды шығару жөнінде қалалық басқармалар мен мекемелерге тапсыр­малар берді.

 

Әкім алдымен «Елбасы Н.­Назарбаевтың қатысуымен өткен жиналыста бәріңіз болдыңыздар, сондықтан айтылған кемшіліктерді білесіздер, ендігі міндет сол кемшіліктерді жою керек, шұғыл нәтиже шығару керек» деп атап өтті.

Астанаға мейлінше цифрлық технологияны енгізу қажет. Бұл жұмысты жандандыру үшін «Astana Innovations» АҚ өкілдеріне нақтылы тапсырмалар жүктеді. Жұмыс істемейтін терминалдар болса, оларды орнынан алу қажеттігі айтылды.

Аппарат мәжілісінде қаралған өзекті мәселенің бірі игерілмей жатқан жер учаскелеріне қатыс­ты болды. Бұл ретте әртүрлі нысан салуды жоспарлап жер алған бірнеше кәсіпкерлерден түсінік алынды. Сонымен қатар құрылыс алаңдарында қоқыс жинауға мән бермейтін, санитарлық тазалықты сақтамайтын бірқатар компания­ларды сынға алды. Қала әкімі жерді игере алмайтын кәсіпкерлерден жер учаскелерін қайтарып алу, сондай-ақ қала аумағында құрылыс жүргізіп жатқан, бірақ санитарлық тазалыққа мән бермейтін «Экатон строй инвест» ЖШС, «Экополис инвестментс» ЖШС, «Премиум логистик» ЖШС компанияларына заң шеңберінде шара қолдануды, қажет болса лицензияларын қайтарып алуды тапсырды. Сондай-ақ Ә.Исекешев қала аумағында мүгедектер үшін арнайы пандустардың дұрыс орнатылмағанын айтып, бұл кемшілікті дереу жөнге келтіруге тапсырма берді.  Астана әкімі ІІД басшыларына қалада адамдарды пәтерге тіркеу мәселесін реттеуді, сонымен қатар заңсыз негізде заңсыз кеніштерден құм және тас қиыршықтарын өндірушілерді тоқтату жөнінен тапсырма жүктеді.

Қала басшысы Елбасы ескертпелері күн тәртібінен түспейтінін ескертіп, осы бағытта қаланың барлық мекемелері мен қызметтерін жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Ал жұмыстың жүйелі атқара алмайтындар болса, ондайларға қатаң шара қолданылатынын да құлаққағыс етті.


comments powered by HyperComments
Close