Әсет Исекешев салынып жатқан нысандарды аралады

Елорда әкімі қай жерлердегі орам ішіндегі жолдарға асфальт төселетінін айтты, деп хабарлайды Elorda.info.

«Бүгін жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобаны көріп шықтым. «Құлагер» ТК 2 және 4 үй аумағында үлкен тұрақ салынатын алаң жолға дейін толығымен асфальтталады. Аулаға шлагбаум қойып, көліктердің кіруіне және тұруына тиым салу үшін ПИК арқылы тұрғындармен келісуге барып жүрміз. Аулаларға балалар және спорт алаңдарын саламыз, шағын саябақтар жасаймыз», — деп жазды Әсет Исекешев өзінің фейсбуктағы парақшасында.
Қала әкімінің сөзіне қарағанда тағы бір күрделі мәселе – орам ішіндегі жолдар.
«Есіл ауданында биыл осындай 18-ін жасаймыз. Бүгін «Инфинити» ТК үйлері маңындағы жұмыстардың барысын көрдім. Мамыр айында жұмыстар аяқталып, барлық жолдарға асфальт төселеді. Тағы бір маңызды жоба – аяқжол құрылысы, ол Қабанбай батыр даңғылының бойымен Сығанақ көшесінен ЭКСПО-ға дейін созылады, ені — 4,5 метр болады, жаяу жүргіншілер үшін — 3 метр және велосипедшілер үшін 1,5 метр», — деп атап өтті Исекешев.