ЖаңалықтарЭкономикаҚала тіршілігіӘкімдік

Азық-түлік белдеуінің жаңа жол картасы қабылданды

Үкімет отырысында Ауылшаруашылық министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов «Астана қаласының азық-түлік белдеуін жетілдіру жөніндегі жол картасын таныстырған болатын. Жаңа жоба қандай түйткілді мәселелерді шешуді көздейді? «Elorda Aqparat» мәселеге тереңірек үңілуді ұйғарды.

Естеріңізде болса, Статистика комитеті биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Астана халқы миллионнан асып кеткенін (1002,8 мың) хабарлаған болатын. Осынау алып қалаға, тұтынудың ең төменгі нормалармен есептегеннің өзінде, жылына шамамен 617,2 мың тонна негізгі азық-түлік өнімдері қажет. Қолда бар мәліметтерге сенсек, ұн, нан, макарон өнімдері мен жұмыртқа қала шегіндегі өнеркәсіп орындарын қамтамасыз ете алады.

Ал, Ақмоланың 17 ауданы мен Қарағанды облысының жақын маңдағы төрт ауданының шаруашылықтарынан сиыр, жылқы, шошқа, құс еті, сүттің қышқыл өнімдері, пияз бен аққауданды қырыққабаттан басқа көкөністің барлық түрі тұрақты жеткізіліп тұрады. Алайда, қой еті, аққауданды қырыққабат, шұжық өнімдері, балық, сүт, ірімшік, сүзбе, сары май мен күнбағыс майы тапшылығы ара-тұра білініп қалады. Жағдайды сараптай келе мамандар бұл салада бірқатар проблемалар бар екенін анықтады. Атап айтсақ, кәсіпорындардың өндірістік жүктемесі аз; өнімді дайындау және өткізу бойынша кедергілер көп; сондай-ақ ұсақ тауарлы өндіріс пен сауда-логистикалық инфрақұрылымның жетіспеушілігі жеме-жемге келгенде азық-түліктің бағасына әсер етпей қоймайды.

Аталған проблемаларды шешуді Елбасы ағымдағы жылдың 21 сәуір айында өткен кезекті жиналыстардың бірінде Үкімет пен Астана қаласы әкімдігіне шегелей тапсырған болатын (2017 жылғы 21 сәуірдегі №11-8/04-260//170-01-7.3 хаттамалық тапсырмасы -ред).

Соған сәйкес, Ауылшаруашылық министрлігінің әзірлеуімен «Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі 2017-2018 жылдарға арналған жол картасы әзірленді.

Ауылшаруашылығы министрлігінің вице-министрлі Қайрат Айтуғановтың айтуынша, жоба үш маңызды мақсатты көздейді:

Біріншіден, азық-түлікті үздіксіз қамтамасыз ету үшін әуелі қаланың және көршілес Ақмола және Қарағанды облыстарындағы өнеркәсіптер мен шаруашылықтардың өндірістік әлеуетін, әсіресе, шикізат базасын дамыту қолға алынбақ. Осы мақсатта 300 км радиуста жатқан елді мекендер шартты үш аймаққа бөлініп, терең талдау жүргізілді. Нәтижесінде қой еті өндірісін 60%-ға, шұжық өнімдері, сүт және сүт өнімдері көлемін 50%-ға арттыратындай мүмкіндік бар екенін анықталды. Азық-түлік белдеуіне кіретін аумақтағы ет өңдеуші 24 кәсіпорынның өндірістік қуаты 72%-ға, сүт және сүт өнімдерін шығаратын 20 сүт зауыты бар болғаны 55 пайызға ғана жүктелген. Сондықтан, аталмыш кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыру бойынша нақты индикаторлар анықталды. Ал, өңдеу кәсіпорындарына шикізат беруді ынталандыру ұсақ және орташа шаруашылықтарды кооперативке біріктіру жалғастырылып жатыр.

Екіншіден, республиканың барлық өңірлерінен негізгі азық түлік өнімдерін тұрақты жеткізуге жағдай жасалмақшы. Ол үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, «Астананың азық-түлік белдеуіне қатысушы» мәртебесін анықтаудың заңдық тетігін пысықтайтын болады. Ол ауылшаруашылық өндірушілеріне бірқатар жеңілдіктерге қол жеткізуге болады. Атап айтсақ, субсидия беру кезінде, «ҚазАгро» еншілес кәсіпорындары арқылы кредит беру кезінде басымдықтар беру, елорданың өткізу нарығына, оның ішінде коммуналдық базарларға қолжетімділікті қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Азық-түлік белдеуін жетілдірудің жаңа жобасының тағы бір ерекшелігі — сауда-логистика инфрақұрылымын қалыптастыруға да айрықша мән бермек. Ол үшін Астана қаласында, Ақмола және Қарағанды облыстарында үш көтерме сауда-тарату орталықтары ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Астанада елу шақты модульдік сауда павильоны ашылады. Сонымен қатар, Астана қаласының әкімдігі арнаулы жер телімдерін бөліп, «Көше саудасын дамыту» бағдарламасы аясында 90 млн теңгеге инвестиция тартып отыр.

Әділбек ЖАПАҚ

Close