Жаңалықтар

Астананың алты мектебіндегі әжетханалар санитарлық талапқа сай емес

Қалалық білім саласы бойынша құрылған жұмыс тобы орта білім беретін бірқатар оқу орындарын тексеру барысында санитарлы талаптардың бұзылғандығын анықтады. Осыған орай мектеп басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады, деп хабарлайды Елорда инфо әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Дүйсенбіде қалалық білім басқармасында құрылған жұмыс тобы тексеріс барысында қаладағы бірқатар мектептердің  оқу жылы басталмай тұрып, ағымды жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтауға үлгермегендігін анықтады.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылдың көктемі мен жазында барлық нысандар тексерістен өтіп, анықталған ескертулер бойынша актілер жасалған болатын. Білім беру мекемелерінің тарапынан ұсынылған бюджеттік арыздарға сәйкес нысандарды ағымды жөндеуден өткізу жұмыстарына, сондай-ақ, 42 нысандағы санитарлы тораптарды ауыстыру мен жаңарту шараларына қаражат қажетті көлемде бөлінген.

Алайда 42 нысанның алтауында бүгінге дейін әжетханалар қоршалмаған болса, 10 мектептің санитарлы тораптарындағы қоршаулардың есіктері орнатылмаған.

«Басқа нысандардағы санитарлы тораптар талаптарға сай келеді. Жоғарыда аталғанның негізінде қысқы демалыстың аяғына дейін нормаларды бұзу фактілерін дұрыстау бойынша барлық қажетті шаралар қолданылатын болады», — деп мәлімдеді қалалық білім басқармасында.

Бұдан бөлек, жұмыс тобы тексеріс барысында басқа да санитарлы нормалардың бұзылғандығын анықтады. Мәселен, кей мектептердегі санитарлы тораптарда жеке гигиена құралдары қойылмаған.

«Аталмыш мекемелердің жетекшілері тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады», — деп атап өтті білім басқармасында.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда Facebook әлеуметтік желісінде елорданың №7 гимназиясындағы әжетханалардың суреттері жарияланған болатын. Суретте әйелдерге арналған санитарлы тораптардағы әжетханалардың арасында қоршаудың жоқтығы тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Суреттер жарияланған соң, Астана қаласы білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин елордадағы барлық мектептердің санитарлы нормаларды сақтау-сақтамауын тексеруді бұйырды.

Жыл сайын оқу жылы басталмас бұрын арнайы құрылатын жұмыс тобы оқу орындарын тексерістен өткізеді. Комиссия құрамына ТЖ және қоғамдық денсаулықты қорғау департаменттерінің, денсаулық сақтау және білім басқармаларының қызметкерлері кіреді. Нысанды қабылдау кезінде өрт қауіпсіздігінің жүйесі, тамақтану орындарының жағдайы, жылыту жүйесі, санитарлы тораптар мен т.б. тексеріледі.


comments powered by HyperComments
Close