ЖаңалықтарҚылмыс және оқиғалар

Астанада жыл басынан бері «телефон терроризмінің» 4 дерегі анықталды

Астана қаласы ІІД жыл басынан бері ҚР ҚК 273 бабында қарастырылған қылмыс бойынша (террорлық акті туралы әдейі жалған хабарлама жасау) 4 дерек тіркелген. Кінәлілер анықталып, тұтқынға алынып, келтірілген шығынды өтеу арқылы ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Elorda.info Астана қаласы ішкі істер Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Былтыр осындай 14 қылмыс тіркелген. Барлығы жауапқа тартылды.

Бұл ауыр қылмыс санатына жатады, үлкен қоғамдық резонанс туғызады, көптеген күш пен мемлекеттік құрылымдардың қаражаты тартылады. Жарылғыш заттың қойылғандығы туралы хабарлама түскен жағдайда барлық шұғыл әрекет ету қызметі жедел шығарылып, полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары кешенін жүргізеді.

2015 жылдың қаңтар айынан бастап террорлық актінің дайындалып жатқандығы туралы әдейі жалған хабар беруге қолданылатын жаза қатаңдатылған, ол үшін алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі. Сонымен бірге мекемелердің, кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмыс режимінің бұзылуына байланысты заң бұзушыға миллиондаған теңге талап беріледі.

Астана ІІД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Олжабаевтың  айтуынша, «көбіне мұндай хабарлар жалған болып шығады, мұндай қылмысқа кәмелет жасына толмағандар бұзақылық ниетпен, ересектер мас күйінде барады. Бірақ, «телефондық террористер» қайсыбір мекеменің жұмысына әдейі кедергі келтіру үшін де осындай қадамға барады. Телефондық террористерді анықтау полицияға қиынға соқпайды, ал мұндай бұзақылықтың жазасы — ауыр. Полиция қызметкерлерінің заманауи технологияларының арқасында осындай қылмыс жасағандар негізінен бір тәулік ішінде табылады».


comments powered by HyperComments
Close