ЖаңалықтарСпорт

Астанада қазақ күресі бойынша әлем палуандары белдеспек

Ағымдағы жылдың 27-29 қазан күндері елордада Қазақ күресінен (Qazaq kuresi) Әлем чемпионаты өтеді. Еліміздің ұлттық ойынына әлемнің 40 мемлекетінен ​ 172 палуан қатысады. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Аустралия, Үндістан, Литва, Ресей, Бельгия, Камерун және т.б. бар.

Ежелден келе жатқан қазақ күресі бүгінде қайтадан жанданып, спорттың бұл түріне әлем қызығушылығын тудырып отыр. Қазақ күресі түрлі той мен салтанатты іс-шараларда өткізіліп жүр. 2016 жылдан бастап ЮНЕСКО оны материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізген.

Бұл сайыс еліміздің абыройын асқатта түседі және дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытына жағымды ықпал етіп, сондай-ақ, спорттық және мәдени байланыстардың нығаюына мардымды үлес қосады деп күтілуде.

Чемпионатта 8 салмақ дәрежесі және абсолюттік дәреже бойынша өтеді.

27-ші қазанда «Хан шатыр» ойын-сауық орталығында спортшыларды өлшеу және жеребе тастау шарасы жоспарланған.

28-29 қазан күндері «Барыс-Арена» мұзайдын сарайында жарыс болады.

Сайыстың алғашқы күні спортшылар 55, 90, 100, 100+ және келесі күні 60, 66, 74, 82 және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды.

Іс-шараның басты ұйымдастырушысы:  «Қазақ күресі халықаралық федерациясы»  заңды тұлғалар бірлестігі (ЗТБ).

Айта кету керек,  «Қазақ күресі халықаралық федерациясы» ЗТБ 2017 жылдың 24 наурызында Астана қаласының Әділет департаментінде тіркелген.

2017 жылдың ақпан айында 35 мемлекет өкілдерінің қатысуымен Астана қаласында өткен Қазақ күресі халықаралық федерациясының Конгресінде федерация жұмысы нықталып, президенті ретінде Қанат Бозумбаев тағайындалды. Сонымен қатар, федерацияның вице-президенттері қатарында олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен танымал балуан Дәулет Тұрлыханов, ҚХР мен Польша федерацияларының жетекшілері бар.

Close