ЖаңалықтарҚоғам

Астана радиосының 101,4 FM әуе толқынында жаңа жоба іске қосылды

Бүгін тікелей эфирде Астана Радиосы мен Elorda Aqparat медиа-ресурсымен бірлескен «Городская среда» жобасы іске қосылды. Жобаның авторы әрі жүргізуші Kaissar Zhumabayuly.
Енді бұдан былай әр аптаның сәрсенбісінде Астана радиосының ASTANA 101,4 FM әуе толқынында сағат 19.15-те елорданың барлық жаңалықтары мен реформалары сала мамандарының қатысуымен талқыланатын болады.
Ал бүгінгі шығарылым Астананы смарт-сити және қауіпсіз қала етіп қалыптастыру идеясының құрамдас бөлігі болып табылатын тақырыпқа арналды. Нақтырақ, енгізілгелі тұрған «Сергек» бейнебақылау, талдау және болжам жасау интеллектуалды жүйесіне тоқталды.

Қазір жүйе сыналу тәртібімен жұмыс істеп тұр. Бірақ 15 қыркүйектен бастап «Сергек» камераларының алдында жол жүру ережелерін бұзған көлік жүргізушілерге айыппұл салына бастайды.
Бұған дейін хабарлағандай, Астана қаласында жыл соңына дейін 13 мың сурет пен бейне белгілеу камералары бірыңғай жүйеге бірігеді. Біреулер мұны жаппай бақылауға баласа, енді біреулердің пікірінше, бұл – қала халқының қауіпсіздігіне қажетті шара.
Сонымен, бүгін эфирде осы жайында Астана қаласы әкімдігінің Инвестиция және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров, әзірлеуші компанияның директоры Әсет Ахметов және Астана қ. ІІД Әкімшілік полиция басқармасы Әкімшілік тәжірибе бөлімі басшысының орынбасары Дархан Ташмұхамбетов әңгімелеп берді.

1) Камералар қай бағытта жұмыс істейді және қаланың қай көшелеріне қойылады?

2) Жоба әкімдіктің бе әлде жеке меншік компанияның бастамасы ма? Ұсынысқа балама табылмады ма? Әріптестік шарттары қандай?

3) Жаңа камералар жылдамдық тәртібін, тоқтау сызықтарын және «Bus Lane» жол сызығымен қозғалу ережелерін өлшеуден басқа жолдағы қандай тәртіпсіздіктерге назар аударады? Қоғамдық көліктің жол сызығына өту жол ережесін бұзу болып есептеле ме?

4) Астананың қаһарлы қысына мен ыстығына камералар төзімді ме?

5) Камера жұмысында даулы мәселелер туындамай ма?

6) Айыппұл төлеудің қандай амалдары бар?

7) Камераларды өндіруші мен жабдықтаушы кім және оларды сатып алуға қанша ақша жұмсалды?

8) Астанада жұмыс істеу үшін бизнестен қанша ұсыныстар мен идеялар келіп түседі? Инвестиция және даму басқамасы қазір қандай жобаларды жүзеге асырады? Олардың қаншасы жақын арада қалаға енгізілетін болады?

Эфирде осы сұрақтарға жауап берілді. Тыңдай алмағандарыңыз болса, «Астана ақшамы» газетінің алдағы нөмірлерінен оқитын боласыздар.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Теги

Статьи по теме

Close