ЖаңалықтарҚоғам

Астана қаласы әкімдігінің арнайы жұмыс тобы көмір сататын бірнеше мекемелерді аралап, жағдайды өз көздерімен көрді

Бүгін Астана қаласы әкімдігінің арнайы жұмыс тобы БАҚ өкілдерімен бірге елордадағы көмір сататын бірнеше мекемелерге барып, ондағы жағдайды өз көздерімен көрді.

Жұмыс тобы алдымен Герцен 6/2 мекенжайындағы кәсіпорынға ат басын тіреді. Мұнда тек «Кузнецкий» көмірі ғана бар екен. Бағасы 11500 теңге. Ал осы жерге жақын маңда орналасқан Герцен 6/1 мекенжайындағы кәсіпорында «Қаражыра» көмірі сатылуда. Отынның сөредегі (стартовый) бағасы 14000 теңге болса, тұтынушылар (потребительский) бағасы 13500, ал қалыпты (стандарт) баға 10500 теңге. Жұмыс тобы барған уақытта кезекте тұрған 90-ға жуық жүк көлігінің 60 жуығына көмір тиелді. 60-шы кезектегі Мейрам есімді азаматпен тілдесіп, мән-жайды сұрадық.

Оның айтуынша, көмір сатып алуға кезекте тұрғандардың алды түнгі сағат 3-тен бері осы жерге келген.

— Соңғы 2-3 күннен бері көмір болмап еді. Бүгін бар екен. Бірақ түстен кейін аяқталып қалуы мүмкін. Бастысы мұндағы кезек күту жағы жолға қойылыпты. Әйтпесе бұрын мұнда кезекке тұрғандар арасында төбелес жиі болып қалатын, — дейді Мейрам.

Ал Көктал көшесі  78 мекенжайындағы кәсіпорында қаңтарыла кезек күткендердің қатары қалың екен. Жүк көліктеріне отын тиеу жұмысы баяу жүріп жатқанына, бірнеше вагон көмірдің түсірілмей тұрғанына көпшілік наразылық білдірді. Алайда кәсіпорын басшысы Дулат Құсайын мұндағы ажиотаждың себебін түскі үзіліспен байланыстырды.

— «Шұбаркөл» 11500, «Майкөбе» 9500, ал «Богатырь» 6500 теңгені құрайды. Түске дейін 60 жүк көлігіне отын тиеліп жөнелтілді. Вагондардағы көмір түстен кейін түсіріледі. Отын барлық тұтынушыларға жетеді. Бүгінше ең соңғы сатып алушыға дейін қызмет көрсет береміз. Сондықтан мұнда ажиотаж болмайды, — деді кәсіпорын басшысы. Дулатов көшесі, 182 мен Алаш тас жолы 19/1 мекенжайларында көмір мүлде болмай шықты.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Close