ЖаңалықтарМәдениет

«ART-ORDO» театрлардың VI халықаралық фестивалінде Н. Жақыпбайдың өнері жанып, «Үздік режиссер» атанды

Биыл өнердегі 10 жылдық белесіне көтерілген Астана қаласының «Жастар театры» Уфа қаласында өткен «Туғанлық» атты түркітілдес халықтарының VI халықаралық театрлар фестиваліне Н.Гогольдің «Ревизор» трагифарсымен қатысып, үш бірдей жүлдені қанжығасына байлады. Артынша Бішкекте ұйымдастырылған «ART-ORDO» театрлардың VI халықаралық фестиваліне У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен барған астаналық өнер ұжымының онда да мерейі үстем болды.

Осыдан 21 жыл бұрын Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Туғанлық» фестиваліне  Ш.Құсайыновтың «Алдар көсе» музыкалық комедиясымен қатысып, лауреат атанған еді. Осы жолы «Жастар» театры астаналық театрлар осал еместігін бекіте түскендей болды. Башқұртстанда жастарлықтар «Кәсіби жабдық пен ансамбльдік ойын үшін» және «Үздік музыкалық безендіру» аталымдарында топ жарды. Ал Анна Андреевна бейнесін сомдаған театр актрисасы Маxаббат Мадғұлова «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» аталымын иеленді.

Қырғызстанда «Ревизор» трагифарсы мен «Асауға тұсау» комедиясын сахналаған театрдың көркемдік жетекшісі, бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайдың өнері жанды. Ол «Үздік режиссер» аталымын иеленіп, Қырғызстан театр қайраткерлер одағы, қоғамдық театр өнері академиясының академигі атанды. Өнер ұжымын да, биыл жетпіс жастың жотасына көтерілген режиссерді де осынау жетістіктерімен құттықтаймыз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ


comments powered by HyperComments
Close