ТАБИҒАТТЫҢ ТӨЛБАСЫ

Наурыз мерекесi туралы деректi түрiк қағанаты-нан қалған Орхон ескерт-кiштерiнен табуға болады. Бұл дереккөздер көне қыпшақ тiлiнде жазылған. Күлтегiн 731 жылы 47 жасында қайтыс болғанда Бiлге қаған қазаның жайын хабарлап, келешекте киелi орынның құрылысын жүргiзуге, тас қашаушы – бiтiкшi жiберуiн өтiнiп, қытай императорына хат жолдаған. Сол кездегi Таң императоры Сюань Цзун Күлтегiннiң даңқына, мәрте-бесiне бас игенi сонша – өзiнiң әскербасын бас етiп, бес жүз кiсiлiк көңiл айту көшiн тарту-таралғысымен аттандырады. Қытайдан келген әлгi бiтiкшi қашаған жазуда Ұлы даланы мекендеген бабаларымыздың тыныс-тiршiлiгi түгел қалыпталған. Тасқа түскен ауыр жыр құлағымызға жаңғырып жетедi. «Халықты көтермекке терiстiкте оғыз халқына қарсы, шығыста қытай, татабы халқына қарсы, түстiкте табғашқа қарсы көп қол-мен он екi жорық жасадым. Өлiмшi халықты тiрiлттiм. Жалаңаш халықты тонды қылдым… Аз халықты көп еттiм», – деген сөздер сай-сүйегiмiздi сырқыратады. Тастағы «tenir» сөзiн еуропалық зерттеушiлер әрдайым «көк аспан» деп келдi. Шындығында тәңiр – аспан емес. Ең дұрысы, «тә-ңiрi, Жаратқан иеге ас бердiк» болып оқылғаны жөн. Осындағы ерте көктем кезiндегi ас беру рәсiмi – наурызды ұлықтауға дөп келедi.
1797 жылы Ұлы даланы 2-3 ай аралаған ағылшын саяхатшысы Джон Кестель Ор өзенiнiң бойынан Бұқараға керуенмен жүрiп өткен. Жолай қазақ ауылдарын аралайды. Кейiнше, елiне барған соң көрген-бiлгенiн баяндап әптиектей әдемi кiтап шығарған. Шоқан Уәлиханов секiлдi әрi суретшi, әрi пайымы терең ғалымның бiраз суретi қазақ өмiрiнен хабар бередi. «Қар ерiп, мал төлдеп жатқан кез едi, – дейдi ағылшын саяхатшысы, – далалықтардың жаңа жылы – осы уақытқа дөп келедi екен. Әр үйдiң есiгi ашық. Жиын-тойы көп. Әсiресе, далалықтардың түйеге мiнiп тартысқаны (түйе көкпар. – Д.Д.), жаяу жарысы күлкiге қарқ еттi. Әйел мен еркек күрескен палуандыққа куә болдық. Мұнда айтулы жүлдеге бас тiкпейдi, жиналған жұртты күлдiруге күрескен сыңайлы», – дейдi ағыл-шын саяхатшысы.
Шындығында наурызды ұлықтау кезiнде халық ас та төк қуанышқа кенелiп, жарқыраған көңiл күйiнде жүредi. Ақ ағыл-тегiл. Жастар салта-натпен киiнiп, өлең айтып, жыр жырлап, бiр-бiрiнiң үйiне кiрiп: «Жыл басы құтты болсын, ақ мол болсын!» деп, жақсы тiлекпен жарылқану рәсiмiн терiп жазады.
Әйгiлi ғалым Николай Рерихтiң Тибет монахтарының жазбасына сүйенген болжамына сенсек – әуел баста тiршiлiк айда болған деседi. Айдың өмiр өрнегi таусылған соң, дүние тiршiлiгi жерге көшедi. Ай тартылысы арқылы жер өз орбитасын сақтайды. Айсыз – күн жоқ. Қазақта ай биiктеп туса – жорық жеңiстi болады, шалқалап туса – шаруаға жайлы, шаңытып шықса – аязды, қытымыр келедi деген болжам бар. Мұсылманшылықтың негiзгi қағидасы айдан бастау алуы тегiн емес. Ай күнтiзбесi бойынша 22 наурыз – күн мен түннiң теңескен уағы. Яғни, жарық пен көлеңке теңеседi, жамандық тозып, жақсылық озады, табиғат ана пендесiне пейiлiн шындап бұрады дейдi iзгi iлiм.
Наурыз мерекесiнiң және бiр қыры – табысу, қауышу, жүрекке зiл сақтамау. Бiр-бiрiмен ренжiсiп, жүз шайысып жүрген кiсiлер арадағы өкпе, нала, ренiш ескi жылмен қалып қойсын деп бiр-бiрiмен төс түйiстiретiн болған. «Кештiм» десiп сөз байласқан. Толып туған құдiретi күштi әппақ айдың астында жан сарайын тазартысқан. Ақсақалды аталар жастарға қаратып алақан жайып бата бередi. Үлкеннiң сөзiн кiшiлер құп көредi. Несiне жасырамыз, өмiрге өкпесi қара қазандай бәзбiр жастарға үлгi бо-ларлық ұлық iс – осы!
Қазақы сұлу жырдың сұлтаны – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 26 жасында жазған жанрлық түрi жаңа, көркемдiк сипаты бөлек «Айтыс» атты дастаны бар. Бұл дастан «байшылдықты мақтаған, өткендi аңсаған» деген жаламен тәуелсiздiкке дейiн жабулы келдi. Оқуға тыйым салынды. Қала ақыны мен дала ақынының қарсыласып отырып айтысқан кебiне құрылған ұзақ дастан өзiнiң тың пайымымен баурайды. Екi ақын алма-кезек төгiлдiре дестелеп: бiрi – қаланың артықшылығын, келесi дүлей дала-ның ғажайыбын қайшыластыра суреттейдi. «Қымызға алғаннан соң әбден қанып, Көйлекшең ақбоз үйдiң арт жағында, Бай жүрер маң-маң басып маңғазданып; Малдары күн шуақта, көк шалғында. Ажарланған, тойынған қыдыр дарып; Әр үйде жайған өре, қайнатқан құрт; Бай, кедей, қатын-қалаш тегiс қарық; Қиғаш қас, бидай өңдi сұлулар да, Әр жерден көрiнiс берер жарқ-жұрқ. Ақ сәуле әзiлдескен құрбысына, Бұралып жауап айтар бек назданып», – деп далалық төгiлдiрген кезде – қала ақынының аузына құм құйылады. Дала ақынының мысы басады. Сұлтанмахмұттың рухын көтерiп, шабытын шалқытқан – қыр қазақтарының наурыз мерекесiнiң сұлу көрiнiстерi. Осы көрiнiске жастайынан куә болған төкпе ақын пейiлi кең, ердiң құны екi ауыз сөзбен бiтетiн, үлкендi ұлық санаған қазақ өмiрiн қанық бояумен айшықтап төгедi. Ғанибетi: қазақ өмiрi ғұрпымен бiр еншiлес деп, бабадан мирас болып келе жатқан ғұрыптық сән-салтанатын төбесiне көтере жырлайды. Тас бұлақтай мөлдiр сөзге мейiр қанады.
Ұлтымыздың пейiлiн кеңге салатын төл мерекесi ғұрпымен қызық. Табиғат пен адам егiз, адамсыз – табиғат жоқ, табиғатсыз – пенде жетiм деген пәлсапаны көлденең тартады. Сол табиғаттың төлбасы мерекесi – наурыз екенi кәмiл!
Жайылған дастарқанда ас-ауқат мол болса – үйге енетiн несiбе теңiздей шалқымақшы. Мал басы көбейедi. Ырзық-несiбе ниетке келедi деген ғұрып әлi күнге үзiлмей келедi. Жаңа жыл – дастарқанын ас та төк шұрайлы ету атадан қалған дәстүр. Көшпендi халықта малдың – төлдi көп төгуi, Қызыр Iлиястың бұрылуы – наурыз мерекесiнiң кепиет-қасиетiнен деп сенедi. Се-нiм – жүрекке шуақ дарытады.
Ғасырлар бойы халқымызбен бiрге жасасып келе жатқан ұлық мереке есiгiмiздi қақты. Жаңа жылды қандай ниетпен аттасақ алдағы жылдың қалыбы солай болмақшы.
Жақсы тiлеу кiсiнiң жан сарайын байытады, қазынаға толтырады. Ақ тер, көк тер бейнетiмен маңдай терiн мың сыпырып тәуелдiлiктен – тәуелсiздiкке жетiп, жақсы үмiтiн келешекке жалғаған қазақ қауымының наурызы ас та төк берекелi болғай, ниетiмiз биiктен табылғай деп тiлек тiлейiк, ағайын!

Дүкенбай Досжан,
жазушы,
Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi