Тарих

Соғыстан қалған «сауыт»

Журналист Ботагөз Омар атасынан қалған Құран кітап жайлы айтып берді. Сұрапыл соғыста бүтін жасақ ішінен тек өзінің тірі қалуын осы кітаппен байланыстырамын дейді. Elorda.info тілшілері Ботагөздің үйіне арнайы қонақ болып қайтты.

«Атам 97 жасында өмірден озды. Бір де бір рет таяқ сүйеніп, не көзілдірік тақпаған. Достары үнемі үйге қонаққа келетін. Жанары жанып тұратын. Қалжыңдап сөйлегенді ұнататын », — дейді ол.

Ботагөздің айтуынша, атасы бұл Құран кітапты өмірінің соңына дейін қолынан үнемі түсірмей оқып жүріпті. «Атам кенет сүрелерді оқи бастағанда біздің тұла бойымыз алабөтен күй кешетін. Дауысы ғажап еді. Тіпті бірнеше рет ол кісіні мешіттегі имамдық қызметке шақырған. Бірақ атам келісімін бермеді», — дейді Ботагөз.

Бұл кітап мұрагерлікпен біздің отбасымызда қалды. Қазір әкемде сақтаулы тұр. Мен уақытша сұрап алып келдім. Кітапты ұстағанда ерекше сезімде боламын. Құдды атам дәл жанымда тұрғандай. Ол кісіге көкейімдегі сұрақтарды қоямын да соған жауап алғандай боламын» , — дейді Ботагөз Омар.

Басылымдағы кейбір әріптер өше бастаған. Парақтары ауысып, шаң басқан.

Бұл Құран Сқақовтар әулетінің құнды асыл мұрасы.

«Атамды фронтқа 39 жасында, яғни 1942 жылдың 16 шілдесінде шақырды. Ол Ленинградта ефрейтор дәрежесінде соғысты. Жанындағылардың барлығы оққа ұшқанда тек атам ғана аман қалыпты. Ол аттың сырын жақсы білетін болған соң оның құзырында нан алып келу болған. 1944 жылдың қаңтар айында ол қатты жараланады. Өлім аузынан аман қалады. Сол уақытта атама осы Құранның себі тиген сияқты көрінеді маған», — деп Ботагөз әңгімесін әрі қарай жалғады.

Бұл кітаптың қай жерден, қалай келгені белгісіз. Басылымның соңында баспаxана аты да, жарыққа шыққан жылы да көрсетілмеген. Атама бір кісілер сыйға беруі де мүмкін. Және тағы бір болжам бар. Атамның әкесі Кембай емші кісі болған. Науқастарға ерекше ем-дом жасап, аурудан құлан-таза айықтырып отырған. Атама сол кісіден мұра болып қалуы да мүмкін.

«Атам өте көпшіл кісі еді. Үйімізден үнемі адам аяғы азаймайтын. Достары, туған-туыстар, тіпті Нұра ауданындағы бүкіл жерлестеріміз келіп кетуді әдетке айналдырған. Ол кісі өмірден озғанда мен небәрі 18 жаста едім. Жерлеу рәсіміне 700-ге жуық адам қатысты. Мен үшін ол тек жәй ғана ата еді. Балалықпен көп нәрсе сұрауды ойламаппын. Кұран кітап жайлы неге әңгімеге тартпадым екен деп қынжыламын. Атам кейде өзінің балалық шағы жайлы айтып отыратын. Сонда биліктің 5 кезеңінде өмір сүргенін саусақпен санап тізетін. Оның ішінде Ресей, колчак, кеңес, тәуелсіз Қазақстан бар», — дейді Ботагөз Омар.

Жағалыбай Сқақов фронттан екі орден он бір медальмен оралған. Солардың ішінде ол «Ленинград үшін шайқас» медалін және II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденін ерекше жақсы көретін.

«Бізге ол соғыс жылдары жайлы жақ ашпайтын. Одан сұрай бастағанымызда тұнжырғасы түсіп кететін. Сосын «біз көрген бейнетті сендер көрмеңдер. Соғысты бастаған адамның Құдай жазасын берсін» , дейтін ол.

Ботагөз жақында Алматыға жол тартқалы отыр. Онда атасының тариx ғылымының докторы, профессор, академик жиені бар. «Ол — Қазақстан тариxынан кандитаттық диссертация қорғаған бірінші қазақ қызы. Атаммен арасы өте жақын болған. Көп әңгімелескен жандарының бірі» деген Ботагөз «Мүмкін атам жайлы маңызды, қызықты ақпараттар естимін» деп үмітті жанарымен сөзін сабақтады.

Фото: Сұлтан Сеитов

Close