Тарих

КӨШIМ ХАН КӨШIП-ҚОНҒАН ЖЕР

Көшiм хан – нағыз қаһарман деп атауға лайық тұлғалардың бiрi. Атақты Әбiлғазы бахадүр хан өзiнiң «Түрiк шежiресiнде» Көшiмдi Тұранның соңғы патшасы деп те атайды. Бұл жерде Тұран деп тарихшы Iбiр-Сiбiр жұртын айтып отыр. Есiл бойындағы қазақтың даласы Көшiм мен оның ұлдары мен немерелерiне сан рет қорған болды. Бұл мақаланың басты мiндетi – Көшiм хан Қорғалжында болды ма, болса оған қандай дәлелдер бар деген сұраққа жауап беру.

Сiбiр хандығының соңғы билеушiсi, Шайбан әуле¬тiнiң ең соңғы мықты өкiлдерiнiң бiрi – Көшiм хан (1515- 1600 жж.). Көшiм хан қай жерде туды, қай жерде қайтыс болды? Кез келген тарихи тұлға туралы зерт¬теу осы мәселелердi анықтаудан басталады.
Көшiм ханға арнап ғылыми-көпшiлiк еңбек жазған белгiлi тарихшы Мұрат Әбдiров: «Принимая версию Абул¬газы о происхождении Кучума из династии тюрк¬ских шейбанидов, которые остались в казахской степи и не ушли вместе с Мухаммед Шайбани-ханом на за¬во嬬вание Средней Азии, можно с большей вероя¬тностью утверждать, что Кучум родился не в Бухаре, а скорее всего в Ногайской орде, то есть на тер¬ритории За¬пад¬но¬го или Северо-Западного Казахстана. На это указывают и его тесные родственные связи с ногай¬скими мурзами Алтыульской Орды, кочевавшей к вос¬току от реки Эмбы до Аральского моря и находив¬шейся под политическим и военным влиянием Бухар¬ского ханства» деп жазады (Абдиров М.Ж. Хан Кучум: известный и неизвестный. Алматы,1996. с.37).
Бiз Көшiм ханның туған жерi Өлеңтi мен Шiдертiнiң арасында орналасқан, қазақ ертеден «Ақкөл-Жайыл¬ма» аталған құтты мекен деп есептеймiз. Бұл жер Дәштi-Қыпшақтағы атақты қоныстардың бiрi, Жошы ұлысы аталатын үлкен Еуразиялық ұлыс үшке бөлiнген уақытта Ұлытауға Орда Ежен, Едiл бойына Бату, Ақкөл – Жайылмаға Шайбан әулетi ие болып қалған. Егер бiз қазақ тарихына Шайбан әулетiнiң бiр қатысы бар деп есептесек, олардың тамырын осы аталған Ақкөл-Жайылмадан iздеуiмiз керек. Бұл жер Астанадан аса қашық емес. Өлеңтiнi қуалап, Ерейменнен асып жүре берсеңiз, тура Әулие Ақкөл деген балығы тайдай тула¬ған, қамыс-қоғасы шулаған, құс жыртылып айырылған белгiлi жерге барасыз. Бұл жердiң қазақтары балықты әлi күнге қамыстан қаза құрып аулайды, қазақ дала-сының өзге жерiнде ұмытылған дәстүр. Осы Ақкөлдiң жағасында бiз 2004 жылы Шайбан ордасын таптық, бүгiнгi күнi қазба жұмыстары жүргiзiлiп жатыр (Артық¬баев Ж.О.Ақкөл-Жайылма-хандар мекенi//Қазақ тарихы мен этнологиясының мәселелерi. Павлодар, 2007. -157-188 бб.). Көшiм ханның туған жерi осы Ақкөл-Жайылма өңiрi.
Көшiм хан қай жерде жерлендi? Қазақстандық бел¬гiлi зерттеушi М.Әбдiров Көшiм хан Ресейдiң Оңтүстiк Орал өлкесiнде Челябi облысы жерiнде Варна атала¬тын темiржол станциясы маңындағы Алтын орда дәуi-рi¬нен келе жатқан қорымда жерленуi мүмкiн дейдi: «можно предположить, что некогда грозный хан Сиби¬ри шейбанид Кучум мог быть захоронен на своем ро¬до¬вом кладбище, неподалеку от мавзолея Кесене, там, где находились в то время другие могилы пред¬ставителей этой династии» (Абдиров М.Хан Кучум: известный и неизвестный, Алматы,1996. с.134). Осы стан¬цияға таяу Үлкен және Кiшi Кесене аталатын көл¬дер бар. Осы жерде ертеден келе жатқан Шайбан тұ¬қымының қорымы бар дейдi зерттеушi. Оның iшiнде бүгiнгi күнi басы бүтiн сақталған Кесене аталатын ортағасырлық сәулет өнерiнiң ескерткiшi бар.
Бұл алып құрылыс Тоғызақ өзенiнiң Үйге құяр тұсына орналасқан, бiз Ресей ғалымдары дәрiптеген Арқайым қаласына барған сапарымызда осы Кесенеге де соқтық. Таза күйдiрiлген қызыл кiрпiштен салынған бұл ғажайып кесененiң қай заманда көтерiлгенi туралы бiрнеше жорамал бар. Жергiлiктi елдiң iшiнде Кесененi Ақсақ Темiр салды дейтiн аңыз бар. Бiрақ Ақсақ Те¬мiр¬дiң жорықтары туралы оның жанындағы жылнама¬шылар әр сәтiн жазып отырған, дәл Кесенеге қатысты мәлiмет жоқ. Iрге-тасы төрт тең бұрышты, оның үстiне жиырма қырлы барабан орнатылған, жалпы биiктiгi 20 метрдей. Кiретiн есiк оңтүстiк iргесiнде, шығыс iрге¬сiнде екi терезе орналасқан. Осы сәулет өнерiнiң ескерткiшiн бiз ерте орта ғасырлық қимақ-қыпшақ дәуiрiмен байланыстырған жөн деп есептеймiз. Жалпы архитектуралық шешiмi, құрылыс өнерiнiң деңгейi бұл ескерткiштiң Еуразия көшпелiлерiнiң аса күштi кезе¬ңiнде салынғанын дәлелдесе керек.
Зерттеушiлердiң iшiнде бұл ескерткiш ХVI ғасыр¬дың соңына қарай тұрғызылды дейтiн де пiкiр бар, бұл қисынсыз және Еуразия тарихының заңдылық¬тарын бiлмегендiктен айтылған деп есептеймiз. Көшiм заманында Кесене сияқты ғаламат құрылыс салатын бiздiң аталарымызда қауқар қалған жоқ. Әрине, Көшiм хан өзiне дейiн салынған сол құрылыстың панасына жерленуi мүмкiн, бiрақ оған да деректер жоқ. Бiз Көшiм хан тағдырына қатысты деректердi жинақтай отырып хан Қорғалжын маңында қайтыс болды деген мәлi¬меттердi дұрыс және осы жерге жерленсе керек деп санаймыз. Әрине, бұл жорамалды дәлелдеу үшiн әлi де уақыт керек, солардың бiрi – елдiң аузында жүрген Қорғалжын өңiрiнде «Хан сүйегi» аталатын қасиеттi орын бар деген лақап сөздi тексеру.
Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы жинақтаған шежiрелердiң бiрiнде «Есiл, Нұраның арасында «Тоғанастың тоқсан екi көлi» ноғайлардың егiн салған көлдерi. «Қызыл мола», «Сұлу там», «Сырлы там», «Хан сүйегi» деген жерлер сол замандағы ноғайлардың қадiрлi өлiктерi¬нiң моласы екен» дейдi. Осы ескерткiштердiң iшiнде «Хан сүйегi» атауы қызықтырады. Ол қай заманның ескерткiшi, қай билеушi патшаға қойылған ескерткiш, оның қазiргi халi қандай? Бiз өз дәуiрiмiзге дейiнгi қазақтың хандарына тағзым ете алмасақ, олардың жерленген моласын күте алмасақ, бiзден кейiнгi ұрпақ бiздi күте қояр ма екен?
Орталық Қазақстан жерiнде мен бiлетiн екi «Хан сүйегi» бар. Олардың бiрi Қарағанды облысы Тока¬ревка селосы маңында орналасқан Қырық сан Барақ сұлтанның ұлы Бөкей ханның кесенесi. Бөкей 1819 жылы қайтыс болған, ескерткiш те сол кезеңде салын¬ған. Ол әбден қираған, қазiргi уақытта орны да жоқ. Екiншi «Хан сүйегi» Қорғалжын маңында орналасқан болуы керек. Оның басында ескерткiш болды ма, болмады ма, ешқандай дерек жоқ. Бiздiң пiкiрiмiзше осы соңғы «Хан сүйегi» Сiбiр патшалығының соңғы ханы Көшiмдiкi болса керек. Бұл тақырыпта арнайы зерттеу жұмыстарын жүргiзiп, анықтайтын мәселелер баршылық.
Егер де мен осы тақырыпқа қызығушы жергiлiктi өлкетанушылардың бiрi болсам, Көшiмге қатысты деректердi сонау Сепкрайдан (северный край) емес, өзiмiздiң Қорғалжын көлiнiң маңынан iздер едiм.
Г.Ф.Миллер ескi орыс, қалмақ деректерiнiң негiзiн¬де 1599, не 1600-жылдары Көшiм ханның Нор-Зайсан көлiнiң маңында қалмақпен аралас көшiп жүргенiн жазады. Тiлi бөлек, дiнi жат, пиғылы жау қалмақтың ортасында береке таппаған Көшiм хан бiраз уақыттан соң Есiл бойына қайта оралмақ болады, бұл жер Көшiмнiң ата-бабалары ертеден мекендеген жұрты едi. Мүмкiн Сiбiрдiң соңғы билеушiсi өмiрiнiң соңғы сәтiн туған жерiнде өткiзгiсi келген болар, топырақ сол жерден бұйырса деп тiлеген де шығар. Жиырма жылдан астам Ресеймен соғысып, Сiбiр хандығының тәуелсiздiгiн қорғап келген қария шаршаған да болар. Қалай болғанда да, қалмақтар Көшiмдi Есiл өзенiнiң (деректерде «Нор-Ишим» деп аталады) жағасынан, Қорғалжын көлiнiң маңынан көргенiн орысқа хабар қылған:«В течение некоторого времени он кочевал около озера Нор-Зайсана…но …он решил вернуться в Ишимские степи, где надеялся найти свою разбро¬санную по разным местам семью и своих улусных людей… Калмыки бросились за ним и догнали его на реке Нор-Ишим у озера Каргальчин…» ( Миллер Г.Ф. История Сибири. т1. М.,1999. с.293). Бiр жазбаларда Көшiм одан да әрi көшiп кеттi-мыс делiнедi (спасся пос-пешным бегством). Менiң ойымша Көшiм хан Корғал¬жыннан әрi ешқайда да барған жоқ. Жасы сек¬сенге келген қария өзге елден не iздейдi? Ол осы жерде, Сарыарқаның ортасында, қайтыс болғаны сөзсiз. Ресей жазбаларындағы «Көшiмдi манғыт, немесе қалмақ өлтiрдi-мыс» дейтiн алыпқашпа өсектердiң құйрығы бiр тұтам. Жиырма жыл бойы ел -жұртын қорғаған каһарман қарияны өлтiру көш¬пелiлердiң әдет-ғұрпына жат. Осы себептен Қор¬ғал¬жын маңындағы кiшкене көлдердегi Көшiм балала¬рына тән атаулар, «Хан сүйегi» сияқты жерлер өл¬ке¬тану-шыларға ой салуы керек. Мiне, жергiлiктi өлке¬танушының қимылдайтын жерi. Түбiнде осы Қорғал¬жында Көшiмге тамаша ескерткiш неге орнатпасқа, неге басын көтермеске?! Күнi кеше ғана қылышын сермеп, Ермақтың пiлдей мүсiнi ортамызда тұрған жоқ па?
Көшiм ханнан кейiн Сiбiр хандығы үшiн күрестi оның балалары мен немерелерi жалғастырғаны тарихи деректерден белгiлi. Орыс қаруына шыдамай Ертiстiң сол жағалауына, Есiл мен Тобылдың жоғарғы ағы¬сына қарай ығысқан Көшiм тұқымы Шайбан тұқы¬¬мы¬ның далалық қоныстарын өздерiне плацдарм есе¬бiнде пайдаланды. Сонымен бiрге, Сiбiрдiң заңды иелерi ретiнде олар қашанда жергiлiктi елдерден өз¬дерiне қолдау тауып отырды. Г.Ф.Миллер бұл туралы «Важнейшими врагами были сыновья изгнанного хана Кучума. Сами по себе они не были сильны, однако пред¬-ставляли опасность, потому что, татары и другие сибирские народы смотрели на них как на законных владетелей страны. После изгнания их из города Сибири они жили, беспрестанно кочуя с места на мес¬то. Место пребыванием их служила преимущес¬твенно обширная степь в верховьях рек Ишима, Иртыша и Тобола, но иногда они доходили и до Яика и даже до Уфимского уезда. Все недовольные и скры¬вав¬шиеся от властей вследствие совершенных ими прес¬туплений бежали к ним. Они жили со своими людьми в юртах, питались, как и все степные народы, от ско-товодства, охоты и грабежей, причем грабили по большей части на русских границах» дейдi (Миллер Г.Ф. История Сибири. т.2. М.,1939, с,31-32).
Ресей деректерiне қарағанда 1600 жылы Көшiмнiң төрт ұлы Есiлдiң жоғарғы ағысында көшiп жүрiптi: «… и тотарин де им сказал, что они тобынцы, а ходят деи вмес¬те с сырянцы; а сырянцов деи тобинцев боица че¬ловек с полтретьяства, а с женами и с детьми чело¬век с 300; да у них же де Кучумовых детей 4 царевичи: Канай царевич, а иных де имен не ска-зывал». Бұл деректе Көшiм балаларының жанында шығыс баш¬құрттың табын аталатын руы және башқұрт iшiнде жүрген коми-зырян топтары туралы айтылса керек. Бұлар шамасы Уфадан, немесе Түменнен қашып, Көшiм балаларына қосылып отырған орысқа қарсы елдер. Сiбiр татарларының көпшiлiгi, әсiресе Тарск татарлары қашанда Көшiм балаларын қолдап, кез келген сәтте оларға жәрдем жасауға дайын отыра-тыны деректерден белгiлi. Өзге деректерде Қанайдан басқа Әлей, Әзiм, Көбей-Мұрат аттары аталады. Орыс үкiметi оларға қарсы әскер аттандырмақ болып дайындық жұмысын жүргiзiп жатқанда, Тобольскiге Көшiмнiң кенже ұлы Көбей-Мұрат елшiлiкке келдi делiнедi. Көшiмнiң өзге балалары да келiсiм сөз қалай болар екен деп Есiлдiң жоғарғы ағысынан көшiп, Тобылдың басындағы Алакөл, не Шұбаркөл (Пестрое озеро)деген жерге келiп қонды.
Кейiннен Сiбiр үшiн күрестi жалғастырған Көшiм немересi Дәулеткерейдiң де қонысы Есiлдiң жоғарғы жағы. Г.Ф.Миллер «по другим известиям, полученным в то же самое время из тех же мест, стан царевича Девлеткерея находился на Ишиме под утесом Мун¬чаком (Бұланды-Моншақ-Ж.А.), около озера Акушлы, богатого рыбой, которою он и его люди вследствия отсутствия мяса главным образом питались. К концу августа Девлеткерей отправился на охоту, оставив в стане без защиты свою жену и жену царевича Аблая вместе с детьми. Десять человек татар во главе с уфимским перебежчиком были отправлены Девлет¬кереем в Бухару для торговли. Чурасцы, постоянные союзники Девлеткерея, всегда сопровождавшие его в набегах, во главе с Башканом, сыном тархана Баатыря, кочевали на росстоянии одного дня пути от него в сторону Иртыша…» дейдi. (Миллер Г.Ф. История Сибири. т.2. Москва,1939, с.127). Орыстар Дәулет¬керейдiң аңда жүргенiн пайдаланып, оның қатын–баласын қолға түсiрудi ойластырады, есептерге қарағанда Түмен мен Дәулеткерей орда¬сының арасы 20 күндiк жол. Дәулеткерей сұлтан туралы тағы да бiр мәлiметтердi алып келген бояр баласы Карп Чоглоков Дәулеткерейдiң қалмақтың Елден тайшысымен қосылып, Сiбiрдi шаппақ болып дайын¬далып жатқанын айтады. Бас қосу «Нура-Ишим» деген жерде (урочище) болған. Дәулет¬керейдiң қол астында 300, Елден тайшыда 1000 жауынгер бар. Бұл деректерде аталатын Ақмола қаласына таяу Нұра мен Есiл өзендерiнiң арасына орналасқан аймақ болса керек деп жоспарлауға болады, мүмкiн Нұра сөзi бұл жереде «Нор» мағынасында да қолданылуы .
Тағы да бiр деректерде Дәулеткерей сұлтан Шiдертiде орда тiктi деп айтылады: «а Девлеткерей де Кучюмов внук кочует за Ишимом же на урочище на Чидертеи речке, от Тарханова улуса вени ближе…» (Миллер Г.Ф. История Сибири. т.1. Москва,1939, с.522)
Көшiм балаларының iшiнде –1601 хан сайланған Әли (Әли Арслан) аты белгiлi, одан басқа Қанай (шешесi Саураннан), Әзiм, Есiм (Аман Қарағай деген жерде аттары аталады), Шуак, Алтынай, Әбiлқайыр, Асманак, Бердiмұрат, Бипатша, Кедей, Молла, Шаим деректерде аталады. Осылардың арасынан Кедей аты бiздiң өлкеге бiртабан жақын болуға тиiстi, мүмкiн Қарағайлы шоқы маңында Алаш тасжолымен келе жатқанда кездесетiн Кедей өзенi осы Көшiм баласы Кедейдiң атына байланысты қойылған болар. Бұл жанға да, малға да жайлы, оның үстiне шоқтай болып шоқы басында қалың қарағай өскен мекен.
Көшiм немерелерiнiң iшiнен – Арслан, Аблай керей, Дәулеткерей, Тауке, Бұқа, Хансүйер, Күшiк (Есiм немересi) аттары тарихи құжаттардан кездеседi және әлi де анықтауды керек ететiн мәселелер бар.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымының докторы, профессор

Close