ЖаңалықтарСұхбатҚала тіршілігіҚоғам

Қызық мамандық. «Өрмекші адамдар» өмірі

Кез келген адамды әдемілігімен баурап алатын әсем Астана ғажайып сәулетімен, зәулім ғимараттарымен ерекше. Алайда бас қаланың, әсіресе, күнге шағылысатын биік шыны ғимараттары қалайша әдемі әрі мұнтаздай таза болып тұруы мүмкін? Біле білсеңіз, ол үшін өндірістік альпинист мамандары тынбай еңбек етеді.

ӨНДІРІСТІК АЛЬПИНИЗМ АҚШ-ТА ПАЙДА БОЛҒАН

Биік ғимараттардың қабырғасында арқанмен салбырап тұрған адамдарды байқап жүрген боларсыз. Иә, олар – өндірістік альпинистер. Оларды былайғы жұрт «өрмекші адам» деп те атайды. Көпшілік талайдан бері хабардар болғанымен, бұл кәсіби мамандық кейбіреу үшін әлі де таңсық сыңайлы.
Өндірістік альпинизм өткен ғасырдың 30-жылдарында АҚШ-тағы зәулім ғимараттар мен электр стансаларының құрылысы салынып жатқан уақытта пайда болған деседі. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, аталмыш мамандық Кеңес Одағына 1941-45 жылдардағы соғыс кезінде жеткен. Ленинградты фашистерден азат ету кезінде альпинис­тер бригадасының құрамында болған Кеңес Одағының батыры Михаил Вобров арқанмен өрмелеп, өндірістік альпинизмнің қыр-сырын меңгерген деген дерек бар. Алайда тек 1980 жылдардан бері ғана әлем елдері қауырт қолдана бастаған аталмыш кәсіби мамандықтың Қазақстанға нақты қай жылы келгені белгісіз. Дегенмен кейбір деректерге сүйенсек, 2000 жылдары ТМД елдерінің ешқайсысында, тіпті Ресейде де кәсіби альпинистерді оқытатын курстар болмаған-ды. Көп қабатты, шыны ғимараттардың көптеп салынуына байланысты 2008 жылы Қазақстанда арнайы оқыту орындары ашыла бастапты. Ал Астанадағы өндірістік альпинистерді да­йындайтын «ПромАльп» ЖШС-тің оқыту курстары 2010 жылы ашылған. Бұл мекеменің техникалық директоры Арман Хасеновтің айтуынша, «ПромАльп» ЖШС – курс өткізетін Астанадағы жалғыз кәсіпорын.


– 2010 жылдан бері 100-ден астам альпинистерді оқытып шығардық. Курс ақысы – қазіргі уақытта 120 мың теңге. Ал Астанада альпинистерді да­йындайтын біз ғана болғанымен, тапсырыс бойынша жұмыс істейтін 2-3 ірі компания бар. Одан бөлек, ірілі-ұсақты бригадалар өте көп, – деген Арман Хасенов «ПромАльп» ЖШС еліміздегі бірқатар ұйымдармен, құрылыс компанияларымен, мемлекеттік мекемелермен, соның ішінде ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтінін айтады.

ҚАЛТ КЕТСЕҢ, ҚАТЕРГЕ ІЛІГЕСІҢ

«ПромАльп» ЖШС-тің арнайы курсын аяқтаған жүзден астам түлектерінің бірі – Қайратбек Тұрғанжанов. Қазіргі таңда «Хайвил сервис» ЖШС сервистік компаниясында альпинист болып еңбек етіп жүрген Қайратбекпен кәсіби мамандығы жайлы сұхбат құрған болатынбыз.
– Курсты 2012 жылы оқығанмын. 5 жылдан бері осы кәсіппен нәпақамды тауып жүрген жа­йым бар. Бұл кәсіби мамандық бойынша біраз жыл тек тапсырыспен ғана жұмыс істедім. Өйткені негізгі жұмысым – жаттықтырушылық. Ал сервистік компания­да тұрақты түрде жұмыс істеп жүргеніме көп болған жоқ, – деген ол осы кәсіби мамандыққа қалай келгеніне тоқталды. – Өндірістік альпинист болуды ерте жастан армандадым деп айта алмаймын. Әрине, бұл кәсіби мамандыққа кез келген адамның бара бермейтіні рас. Бірақ мұны мен өзім үшін аса бір жетістік деп те есептемеймін. Бұл бар болғаны қызығушылық. Бала кезімнен спортпен әуестеніп, күреспен айналысқандықтан болар, арқанмен өрмелеу – мен үшін кезекті жаттығулардың бірі сияқты. Тек биікте арқанға ілініп жүріп жұмыс істеуге кез келген жанның жүрегі дауаламайтынын білген соң қызықтым.
Өндірістік альпинист үшін ең негізгі жабдық – тақымға киілетін бекіткіш (обвязка). Содан соң статикалық жіп, яғни арқан. Одан кейін түсетін құрылғы (осы арқылы жіп өтеді), карабин (отыратын жабдық), ілгіштер, шыны қабырғаларға жабысатын құрал сияқты басқа да ұсақ-түйек жабдықтар жетіп артылады. Жалпы, бір өндірістік альпиниске қажетті құрылғылар жинағы біршама қаржыны құрайды екен. Ат құлағында ойнап өскен ауыл баласы үшін арқанмен өрмелеудің аса ауыр болмайтынын айтқан Қақа 5 жылдың ішінде қыр-сырын меңгерген күнделікті жұмыстары жайлы кеңінен әңгімелеп берді.
– Алдымен арқанды ғимараттың шатырындағы қолайлы бір жерге мықтап байлау қажет. Негізі, альпинистерге арналған 1500-дей байлау түрі бар екен. Бірақ біз өте ыңғайлы болғандықтан, үнемі «булин» деп аталатын байлау түрін пайдаланамыз. Сол сияқты қазықбау шалуға да болады. Ең бастысы, жіп қаншалықты мықты байланса, арқан бойымен төмен түскенде өзіңе соншалықты сенімді боласың, – деген Қайратбек Құрманғазыұлы, – алпинистің қателік жасауға құқығы жоқ. Қалт кетсең, не денсаулығың, не өмірің қатерге тігіледі я болмаса жердегі адамдарға зияның тиюі мүмкін. Сондықтан әр сәт мұқият боламыз. Қатты жел болғанда, жаңбыр жауғанда жұмысқа шықпай, ауа райы болжамын бақылап жүреміз, – дейді.

БИІКТЕН БӘРІ БАСҚАША

Қазіргі уақытта Астананың сәнін келтіріп тұрған сәулетті ғимараттардың бірі, ЭКСПО-ның басты нысаны – «Нұр Әлем» шар тәріздес павильонының тұрғызылуына Қайраттың аз да болса өзіндік үлесі бар деуге болады. 8 қабатты алып шардың қаңқасын құрастыру кезінде ол осы нысанда альпинист болып жұмыс істепті. Сол сияқты Ақтау қаласы мен Астананың біршама нысандарында еңбек еткен кейіпкеріміз Сарыарқа велотрегінің төбесіндегі су ағарларды ауыстыру сияқты бірқатар жауапты жұмыстарды істеген. Жалпы, өрмекші адамдарға, яғни өндірістік альпинистерге артылатын жұмыс жетерлік. Мәселен, олар көп қабатты ғимараттардың құрылысы мен шыныларды жуу, керомаграниттерді ауыстыру, кей кездері лифтке сыймайтын жиһаздарды терезеден кіргізу секілді түрлі жұмыстарды атқарады. Сол сияқты жаңа жыл мерекесі кезінде терезеден Аяз атаны кіргізіп, балаларына тосын сый жасау үшін де ата-аналар өндірістік альпинис­тердің көмегіне жүгінеді.


– Өз басым Аяз ата болып көрген жоқпын. Алайда «ақылды үйлердің» тұрғындары кіру кодтарын ұмытып қалған кезде бірнеше рет арқанмен барып, терезеден ішке еніп, есіктерін ашып берген кездерім болды. Мен жұмыс істеген ең биік ғимарат 40 қабат болды. Әрине, биіктікті талғамаймын. Дегенмен жұмыр бас­ты пенде болғаннан кейін, бәрібір қорқыныштың болатыны рас. Бірақ арқаның мықты болып, өзіңе сенімді болсаң, қорқатын дәнеңесі де жоқ. Үнемі «біссіміләні» айтып, тәуекелге бел буып, арқан бойымен кете береміз, – деген өзгеше мамандық иесі, – төменге қарағанымда, жердегі көліктер сіріңкенің қорабына ұқсаса, адамдар кішкентай қыбырлаған жәндіктер сияқты болып көрінеді. Ал қаланың көркем ғимараттары мен әдемі бейнесін биіктіктен көру, әлбетте, басқаша. Алғашқы кезде тіптен қызықты еді. Қазір көз үйреніп қалғаннан ба, аса таңсық болмай кетті. Дей тұрғанмен жаздың күні жасыл желектің жайқалып тұрғанында қаланың төбесінен қараған қатты ұнайды, – дейді.
Қайратбектің ту­ған ағасы Қуанышбек Тұрғанжановтың да кәсіби альпинист екенін айта кету керек. Биылғы шілдедегі қасиетті Рамазан айында ораза ұстаған ағайынды альпинистер тапсырыс түскен соң 40 қабатты үйдің терезелерін жуыпты. Аптап ыстықта 19 сағат тамшы суға зар болып, шөл қысса да, аузы берік альпинистер арқаннан әсте түспеген. Жанкешті жандардың отбасына амандық, еңбектеріне жеміс тілей отырып, лайым биіктен көріне берсін дейміз.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ


comments powered by HyperComments
Close