ЖаңалықтарСұхбатҚоғам

Бай мен кедейдің арасы алшақтап барады

Қуаныш аға суы бал татыған ұлттық қайнардан нәр алған азамат. Содан ба, оның бойынан қазақы бекзаттық болмыс ерекше байқалып тұрады. Қандай биік қызмет атқарса да, адамдық пен адалдықты тең ұстаған, мемлекетшілдігі жоғары тұлға. Оңтүстікте үш-төрт іргелі, бірегей аудандарды басқарған, облыс басшысының орынбасары, ұзақ жыл халық қалаулысы болған ойға көсем, сөзге шешен ағаның өмірі мен жүріп өткен жолы кейінгі жас үлгі алатындай тағылымға толы.

КӨРГЕН ТҮСТЕЙ ӨТЕ ШЫҚТЫ ЖАС ӨМІР

– Аға, адамға балалық шағынан артық бақыт жоқ секілді. Сол күндердің қызығы жұмыр басты пендені өмір бойы бесіктегі сәбидей тербеп жүреді. Бүгінде қыр астында сағымдай бұлдырап қалған сол шырайлы шақтарды, әке-шешеңізді, бауырларыңызды жиі ойлайсыз ба?
– Айналайын, жүрегімнің түкпірінде жатқан шерлі мұңды қозғап жібергендей болдың ғой. Біз – соғыстан кейін дүние есігін ашқан ұрпақпыз. Міне, жетпістің биігіне шығып отыр­мын. Сол қызықты күндерім маған кеше ғана болған секілді. Бәрі де көз алдымда, көңілімде сайрап тұр. Бейнелеп айтқанда, көрген түстей өте шықты жас өмір. Әке-шешемді жиі есіме аламын. Әкем қанды қырғынға бармаса да, ауыр еңбектің бел ортасында жүріп, күндіз-түні колхоздың қара жұмысына жегілді. Қиындыққа мойымайтын қайсар адам еді. Жұрт қадірлейтін мұрап болды. Ол қазған арық әлі күнге дейін «Айтахан арығы» деп аталады. Біз сол кісіден екі ұл, екі қыз өрбідік. Үлкен ағам майданда қаза тапты. Ағама тетелес әпкем оқушы кезімде тұрмысқа шыққан, одан кейінгі апам өзімнен екі жас үлкен. Мен – үйдің кенжесімін. Аяулы анам он үш жасымда дүниеден озды. Балаларының ешқандай қызығын көре алмады. Сондықтан қиындықтың, ауыртпалықтың дәмін ерте таттым. Елдің тұрмысы жадау. Соғыстан енді есін жия бастаған жұрт. Адамдарда: «біреуден оздым, екіншісінен кейін қалып қойдым» дейтін бөтен ниет жоқ.
Бала күнімнен оқуға ынталы болдым. Барлық пәннен үздік оқыдым. Бірде қызық оқиға болды. 7-ші сыныпты бітірер жылы қазақ тілінің мұғалімі Әбдікерім Есжанов деген ұстазым маған қазақ тілінен 4 қойыпты. Үнемі үздік оқып жүрген маған бұл қақ маңдайдан біреу қойып қалғандай әсер етті. Жылап отырып, мектеп директорына бардым. Кісілігі бар азамат еді, әлгі мұғалімді шақырып алып: «Сабақты өте жақсы оқитын оқушымызға неге төрт қоясың?» десе, ағайымыз: «Мен ешкімге бес қойып көрген емеспін. Беске өзім де білмеймін» деп нығарлап тұрып алды. Сол кезде мен: «Онда комиссия құрыңыздар» деп ортадан киліге кеттім. Ақыры, комиссия құрылып, қайтадан емтихан тапсырып, бар сұраққа жауап беріп, төртті беске түзеттірдім. Ол уақыттағы ауылдағы білім ұяларының көбі жеті жылдық еді ғой. Он жылдық мектеп аудан орталығында ғана болатын. Біздің колхоз орталықтан онша алыс емес, төрт шақырым болғанмен, жолы қиын, әсіресе, қыс пен көктем айларында жол ми батпаққа айналып, жүргізбейді. Содан мені әкем-шешем Жамбыл қаласында бөлеміз тұратын, «соның үйіне барып оқы, орысша үйреніп, қаланы көресің» деп ұйғарым жасады. Олардың айтқаны – заң.
Айтпақшы, алтыншы сыныптан бастап, жазуға құштарлығым оянды. Ақ параққа төгілтіп өлең, мақалалар жазамын, оны «Социалистік Шәуілдір» деген аудандық газетке жіберемін. Апта өтпей жолдаған мақалам жарияланады. Бірде басылымда менің жазған өлеңімді әлдебіреу қатты сынапты. Сол қатты әсер етті ме, содан өлең жазбай кеттім. Бірақ журналист болсам деп армандап жүрдім. Сосын химия пәнін ерекше жақсы көрдім.
Содан қазіргі Тараз шаһарындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектебінің 8-сыныбына қабылдандым. Сөйтіп, Жамбылда оқып жүргенде анам қайтыс болып кетті. Оқудан каникулға келгенде туыстар жиналып: «Сен енді осы шаңырақтың иесі боласың. Әкең болса қартайды. Бұйыртса, әпкең де тұрмысқа шығады. Сен тезірек білім алып, отау құрып, мына үйге ие бол» деп ақылдарын айтты. Жас баламын. Үлкендердің сөзі дұрыс секілді. Содан мектепті аяқтамай, Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына оқуға түстім. Оны да үздік тәмамдадым. 1965 жылы қаңтарда техникумды аяқтап, ауылға келіп, бес-алты ай жұмыс істедім. Әкеме қолғабысымды тигіздім.
– Сол кезде Мәскеуге барып оқуға екінің бірі қолы жете бермейтін. Бір үйдің бетіне қарап, үкілеп үміт күтіп отырған жалғыз ұлысыз. Әкеңіз алысқа барып оқуға рұқсат берді ме?
– Мен техникумды аяқтаған жылы: «Кімде-кім техникумды үздік бітірсе, өзінің негізгі пәнінен жоғары оқу орнына емтихан тапсырып, бес алса, оқуға түседі» деген ереже шықты. Ішкі ойымда «оқысам» деген арманым бар. Содан елде жұмыс істеп жүріп, емтиханға дайындалдым. Әсіресе, негізгі пән ретіндегі химия кітабын жастығымның астынан алған жоқпын. Сөйтіп жүргенде жоғары оқу орнына құжат тапсыратын мезгіл де жақындады. Ол кезде Мәскеу түгілі, Алматыға барып оқу – арман. Қазір екінің бірі Мәскеу емес, Лондонға барып білім алады. Біздің кезімізде шет мемлекет асу жоқ. Шетеліміз – Ресей. Ілеуде-біреулерден «Мәскеуге барып оқыды» дегенді естиміз. Менің де сол қалаға барып оқығым келді. Әкем соны байқады ма: «Балам, сен жақсы оқисың. Мәскеуге барып оқуды көздеп жүр екенсің. Талабыңды қайтармаймын. Маған қарайлама. Әлі бойымда қуатым бар. Өз келешегіңді ойла. Саған қарсылық білдірмеймін» деп жалғыз биесін 400 сомға сатып, сол ақшаны қалтама салып, батасын берді. Сол кезде әкем 71 жаста еді. Бүгінге дейін әкемнің соншалықты сұңғыла ақылдылығына таңғаламын. Кейін менің бір ұлым осындағы Қазақ заң университетін үздік бітіріп, Лондондағы университетке өз талабымен оқуға түсті. Содан оқу бітіргесін балама ауылға қайт десем, ол айтады: «Енді екі семестрлік оқитын оқуым қалды. Ағылшын құқығын меңгеруім керек. Оны аяқтамасам, мұнда оқығаным бекер» дейді. Мен ұрсып жатырмын: «ана жерде бес жыл, мына жерде үш жыл, оқуың жетеді, қашанғы оқи бересің» деп. Біруақта ойыма әкемнің маған айтқан сөзі сарт ете қалды. Жасы ұлғайған қарт кісі. Мен оқуға барам дегенде жалғыз жылқысын сатып, ақшасын берді. Ал мен сол уақытта Сайрам ауданының әкімімін. Елудің ішіндемін, қайратым қайтпаған. Жерге қарап отырған жоқпын, жағдайым жақсы, ендеше: «Балам оқимын деп жатса, неге қолынан қағуым керек» деп әкемнің айтқан ақылынан ғибрат алып, өзімді тоқтаттым.
– Содан Мәскеуге келдіңіз…
– Алып-ұшып, жүрегімді қолыма ұстап, Мәскеуге келдім. Алып шаһар. Құмырсқадай құжынаған халық. Бұрын мұндайды көрмегем. Жан-жағыма таңданып қараймын. Сонымен қаладағы Скрябин атындағы Ветеринария академиясының ветеринария факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Өңкей үздіктерді іріктеп, бөлек топқа бөліпті. Алфавит бойынша емтиханға кіргізді. Бірінші болып мен ендім. Қаздай тізіліп отырған комиссия мүшелері жан-жақтан сұрақтарды қарша жаудырды. Еш қысылған жоқпын, барлығына жауап бердім. Кетерімде бір профессор: «Сіз біздің академияға биыл бірінші қабылданып отыр­ған студентсіз, құтты болсын!» деп қолымды қысты. Сөйтіп, оқуға түстім. Әлі есімде, бірінші тамыз күні еді. Қыркүйекке дейін толық ай бар. Қабылдау комиссия­сының хатшысына келіп, емтихан тапсырған қағазымды көрсеткен едім, ол: «Сіз академияның бірінші курсына түстіңіз. 1 қыркүйекте өзіміз шақырып аламыз» деді. Елге келдім. Бәрі маған үрке қарайды. «Оқуға түстім» десем сенбейді. Ол кезде емтиханның қорытындысы 20 тамыздан кейін белгілі болатын. «Пәленшенің баласы құлап келіпті» деген жел сөз тарады. Оқуға түскенімді дәлелдейін десем, қолымда құжатым жоқ.
Енді бір қызықты айтайын. Әне-міне дегенше 1 қыркүйек те зымырап жетті. 10-ы болды. 15-ші қыркүйек келді. Академия­дан ешқандай қағаз жоқ. Күнде пошташыдан барып сұраймын, «ол келген жоқ» дейді. Расында, жұрт шынымен «бізді алдаған екен ғой» деп күле бастады. Содан ауданның поштасына барып, қыркүйектің басынан келген қағаздарды қопарып қарасам, маған келген хат бөлмедегі жәшіктің қуысында жатыр. Және конвертті біреу ашып, оқып көрген, онда: «Сіз 1-курсқа қабылдандыңыз, бірінші сентябрьде сағат тоғызда жол-жарағыңызды алып, жұмыс киімімен қала жанындағы шаруашылыққа картоп жинауға шақырамыз» деп жазылыпты. Хат 15-і күні қолыма тиді. Мен барғанша 20-шы қыркүйек болады. Соны пош­та бастығына барып айтсам, ат-тонын ала қашып, маңына жуытпайды. Амал жоқ, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына бардым. Қысқасы, сол кісі оқудан кешіккенге байланысты мәселені шешіп берді. Академияны да үздік оқыдым. Қоғамдық жұмыстармен айналыстым. Болашақ жарым – Айманмен сонда таныстым. Маған ол шаһар жастығымның жалындаған күндерімен ыстық.
– Мәскеуде оқып жүргенде қазақ жастарының жетекшісі болған, жалынды жас, өмірден қыршын кеткен Ғани Мұратбаевтың бейітін іздеп тауыпсыз. Сол жайында айтасыз ба?
– Ғани Мұратбаевтың есімін бала күнімізден жаттап өстік. Өзіміз де сол кісіге ұқсағымыз келіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араластық. Бұл оқиға 1967 жылы Ұлы Октябрь Революциясының 50 жылдығы қарсаңында болды. 1925 жылы 24 жасында Ғанидің Мәскеуде қайтыс болғанын білеміз. Қазақ жастары бірігіп, соны іздеп табайық дедік. Оның Ваганьковская зиратында жерленген деген деректі анықтадық. Кезінде Ғанимен комсомолда бірге істеген Филимонов деген кісі бар екен, содан барып сұрадық. Ол айтты: «Менің есімде, Ваганьковская зиратында, академик Тимирязевтің жанында жерленген. Бір жағында Памфилов деген профессор жатыр» деді. Ол қорым қаланың ортасында. Бардық. Бұрынғы жерленген адамдардың тізімдері жазылған журналдарды ақтарып, нақты мәліметті тауып алдық. Расында, манағы ақсақалдың айтқанымен дәл келді. Енді академик Тимирязев пен ғалым Памфиловтың бейітінің қасына келсек, ештеңе байқалмайды. Екі тұлғаға еңселі ескерткіш орнатылған. Ғанидің басында ешқандай белгі жоқ, жер тегістеліп кеткен. Қырық екі жыл бойы елеусіз жатқан ғой. Содан әлгі жердің топырағын мұсылманша көтеріп, үйдік. 29 қазан комсомолдың туған күні, сол күні қазақ жастары Ғанидің зиратының басына жиналып, митинг өткіздік. Сол жылы Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке «Ғани Мұратбаевтың зираты табылды, соған ескерткіш орнатайық, егер мәселе шешілмесе, Мәскеудегі қазақ жастары қаржы жинап, белгі қояды» деген мағынада хат жаздық. Ол кісіден бізге жауап келді. «Рахмет, игілікті іс жасапсыздар, бұл мәселенің үкімет арқылы шешілетіні, Мәскеу қалалық атқару комитетінен рұқсат алу керектігін айтып, біз онымен айналысып жатырмыз» деп ризашылық білдіріпті. Ақыры, 1971жылы Ғани Мұратбаевтың басына ескерткіш қойылды.

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ, ТАРИХЫ ЕРЕН ОТЫРАР

– Қасиетті Отырарда өмірге келдіңіз. Өзіңіз туған жеріңіздің перзенті ретінде «кіндік кескен еліме ұлағатты іс істедім-ау» деп көңіліңіз толатын дүние бар ма?
– Мен туған жерімнен 1959 жылы бала болып кетіп, араға 44 жыл салып, облыстың басқа аудандарында жауапты қызмет істеп, 59 жастағы жігіт ағасы атанған шағымда, яғни, 2003 жылы Отырарға әкім болып оралдым. Дәлірек айтқанда, сол кездегі туған елімнің жағдайы басқа аудандармен салыстыр­ғанда нашар екен. Жер тозып, тұзы шығып кеткен. Көп мекендер буы ұшқан сорға айналған. Не істеу керек? Алдымен инженерлік желілерді жөндеуге баса мән бердім. 56 шақырымға созылған коллектор бар, соны ретке келтірдік. Аудан орталығындағы және егістік арасындағы арықтарды тазаладық. Каналдардың жағасын бетонмен қаптауды қолға алдық. Жаңа 12 тік дренаж орнатылды. Нәтижесінде, ыза сулар азайып, тұздану процесі тоқтап, ағаштар егіліп, өсе бастады. Аудан орталығында алаң толығымен қайта жөнделіп, ортасында әл-Фараби бабамыздың ескерткіші қойылған Отырар даңқты бабалар кешені ашылды. Онда «Даңқты бабалар саяжолы», «Отырар қорғанысы», «Отырар өркениетін бейнелейтін жеті баған», Отырар кітапханасының символы іспеттес «Киелі кітап», Отырар қаласының орны «Отырар төбе», өскелең ұрпақ символы «Киелі ағаш» композициялары қойылды. Аудан орталығы мен ауылдар абаттана түсті. Жас дарындардың көзін ашу үшін жыл сайын Отырар таланттары халық өнер фестивалін өткізу дәстүрге айналды. Кейін депутат болып жүргенде арнайы бір миллиард теңге қаржы бөлгізіп, аудан орталығы Шәуілдір ауылы арқылы, Арыстан бабқа, Түркістанға баратын республикалық деңгейдегі жолды, бүгінгі талаппен екі жақты етіп салдыруға күш салдым. Қазір аудан орталығы әжептәуір қалаға ұқсап қалды. Менен кейін әкімдер де сол істі әрі қарай іліп әкетті.
– Ал көне қаланың бүгінгі келбеті туралы не айтасыз?
– Ол – бір жатқан үлкен ескерткіш. Оны қалай болса солай қаза беруге болмайды. Біздің әлі күнге дейін археологиялық мәдениетіміз қалыптаспаған. Күні кешеге дейін археологтар қаланы келіп қазады, ол топырақ күзде жаңбырмен, қыста қармен иленіп, берекесі кетеді. Келесі жылы оны тағы қазады. Сөйтіп, өзіміз қолда бар құндылықтарды құртып жатырмыз. Қазғаннан кейін оны жауын-шашынның әсері тимейтіндей төбесі жабылу керек, консервация жасалу керек.
Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыру мақсатында, Республика Үкіметі арнайы «Көне Отырардың қайта өрлеуі» деген 2004-2009 жылдарға арналған қаулы қабылдады. Осы бағдарлама аясында біраз дүние істелді. Арыстан-баб кесенесі жөнделді, Отырартөбеде археологиялық жұмыстар жанданып, дами түсті. «Отырар» мемлекеттік археологиялық-қорық музейі» толық қайта жөндеуден өтті. Тамыры терең, тарихы ерен Отырардың келешегі әлі алда деп ойлаймын.

ӘЛЕМДЕ ӨЗ АНА ТІЛІН СЫЙЛАМАЙТЫН ЖАЛҒЫЗ ЕЛМІЗ

– 1990 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайландыңыз. Ол бір жария­лықтың желі оңынан соғып, демократияның дәуірлей бастаған кезеңі ғой…
– Саналы ғұмырымда 52 жыл аянбай халқыма жұмыс істеппін. Соның 47 жылын басшылық қыз­метке арнадым. 33 жыл депутат болыппын. 17 жыл облыстық халық депутаттары кеңесінің, 12 жыл Парламент Сенатының депутаты болдым. 4 жыл, сен айтып отырған 1990 жылы XII шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаттылығына баламалы түрде Арыс ауданынан сайландым. Осы депутаттық корпустың жұмыс істеп, өмір сүрген уақытының өзі тарихи кезең еді.
– Сол тарихи сәтке кішкене тоқталасыз ба?
– Дәл осы кезде қоғамда кілт бұрылыстар, күрделі оқиғалар өрбіді. Алғаш рет Жоғарғы Кеңес одақ құрамындағы Қазақстанның егемендігі туралы декларациясын қабылдады. Содан соң араға бір жыл, екі айға жетпес уақыт салып, 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Заңды қабылдау да осы Жоғарғы Кеңестің еншісіне тиді. 1993 жылы Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Президент институты енгізілді, Қазақстан Республикасының Президенті де алғаш рет осында сайланды, бүкілхалықтық Президентті сайлау туралы заң қабылданды. Қазақстанның мемлекеттік атрибуттары заңнамамен бекітілді. Қысқасы, XII шақырылған депутаттар құрамы мықтылардан жиналды.
Алғаш баламалы түрде сайланғандықтан ба, шығармашылық одақтар өз өкілдерін көбірек ұсынды. Атақты ғалымдар, жазушылар, суретшілер, композиторлар жиылған құрам болды. Тәуелсіздік туралы қаншама айтыс-тартыс өрбіді. Егемендік туралы декларация, Тәуелсіздік туралы заң қабылдағанда, мінбеге небір адамдар шығып, қарсы пікірлерін білдірді. Кейбір өзге ұлт ағайындары: «Біз неге тәуелсіздік алуымыз керек, кімнен тәуелсіздік аламыз. Қазір кеңес империясынан құтылып отырмыз, енді қазақ империясының қарамағында қаламыз ба, қарамайсыздар ма, мына елдің жартысы қандай жұрт, орыс халқы қазақ империясының құрамында бола ма?» деген сөздер айтылды. Конституцияның бабында қазақ мемлекеті немесе қазақ деген сөз шықса, өре түрегелетіндер бар еді. Мысалы, күн тәртібін бекіту үшін, кем дегенде 50-60 депутат шығып сөйлейтін. Кейбір күндері 90 депутатқа дейін шығып сөйлеген кез болды. Жоғарғы Кеңестің жарты күні күн тәртібін бекітумен өтетін. Соншалықты белсенділік. Бірақ соның бәрінің экономикаға кері әсері тиіп жатты. Инфляция үш жарым мың пайызға кетіп қалды. Қазір он пайыз болса, желпініп шыға келеміз. Бүгін алған ақша ертең сабанға айналып жатты. Реформаларды жылдамдататын заңдардың қажеттілігі туды. XII шақырылған Жоғарғы Кеңес үш жарым жыл ішінде елге керек 265 заң қабылдады.
– Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің және Парламент Сенатының он алты жыл депутаты болдым дедіңіз. Өзіңіз халыққа жақын қандай мәселелерді көтердіңіз?
– Тіл, демография, шекара және ауылшаруашылық саласына қатысты көптеген мәселелерді көтердім. Әсіресе, ана тіліміз туралы көбірек мінберге шықтым. Әрине, бүгінгі уақытты егемендіктің елең-алаңындағы сәтпен салыстыруға болмайды. Көп тірліктер атқарылды. Дегенмен, қазақтың тілі әлі толық өз құқығына ие болған жоқ. Үкімет, Парламент орысша сөйлейді. Осы дұрыс па? Оған кінәлі – өзіміз. Бізде намыс жоқ. Мысалы, Жапониядан, Америкадан, сол секілді тағы басқа шетелден келген азаматтар бір-екі жылдың айналасында біздің тілді үйреніп алады. Кейде солармен сөйлесе қалсаңыз: «Неге сіздер өз ана тілдеріңізде сөйлемейсіздер?» деп қарсы сұрайды. Ұяттан жерге кіріп кете жаздайсыз. Әлемде өзінің мемлекеттік тілін сыйламайтын, өздері ол тілде сөйлемейтін бір-ақ ел бар, ол – Қазақстан. Тіл білген жақсы. Оған қарсылығым жоқ. Орыс тілінде де сөйлеген дұрыс. Қайта біздің республикада қазақшаға қарағанда, орыс тіліне құрмет әлдеқайда жоғары. Кез келген қазақ орысша жетік сөйлейді, ал кез келген қазақстандық қазақ тілін олай білмейді. Қазақстандықтардың кейбір қазақтары өз ана тілінен мақұрым. Кейде солардан «неге қазақша сөйлемейсің?» десем, «орысша оқыдым» дейді. Қызық. Қазақстанда тұрады, тілдік орта бар, қазақтың наны мен суын ішеді, ауасын жұтады, қызмет істеп, отбасын асырайды, сөйте тұрып, қазақ тілін білмейді, білгісі келмейді, сыйламайды. Адамдық қылыққа жараспайтын ұят әдет. Осы мәселеге тереңірек көңіл бөліп, тез арада жою қажет.
– Қазіргі қоғамдағы жүрегіңізді ауыртатын келеңсіз жағдай бар ма?
– Менің жанымды бүретін мәселе: ол – қоғамның жіктелуі мен сыбайлас жемқорлық. Бүгінде бай мен кедейдің арасы алшақтанып барады. Өркениетті, өз өрісін тапқан дұрыс қоғамда оның арасы алшақтамау қажет. Орта тап күшейеді. Елбасы осы жайында жиі айтады. Неге шағын орта бизнесті дамыту керек дейді? Ол дамыса, жағдайы төмен азаматтар жеке кәсіпкерлікке ұмтылып, кәсіп ашып, мына жақтағы дәулеттілер соған өздерінің табыстарын салық арқылы ма, әлде басқа жолмен бе, бөлісіп, орта тапты жетілдірсе, мемлекетіміз тұрақты болады. Орта таптың өкілдері ешқашан мемлекетке қарсы болмайды, өйт­кені әркім өз меншігін қорғап, өзі үшін жұмыс істейді, біреуді қызметке алып, нәпақа тауып береді, артылғанын мұқтаж жанға береді, уақытымен салықты төлейді. Сондықтан шағын және орта бизнеске ерекше мән берген жөн. Сыбайлас жемқорлықпен күресті үдете түскен жөн.
– Жетпістің жотасына шықтыңыз. Артыңызда ұзақ ғұмырдың белесі жатыр. Осы өмірден не түйдіңіз?
– Жетпіс деген оңай жас емес. Өмірдің қызығын да, шыжығын да бір кісідей көрдік. Содан алған тәжірибемізді енді елдің бірлігі мен жас ұрпақтың тәрбиесіне жұмсауымыз қажет деп ойлаймын. Жақсы сөз айтып, ізгі тілек тілеп, жұртқа үлгі болып жүруді ұнатамын. Әркім алдына мақсат қоя білген дұрыс. Ол мақсат қол жететіндей, орындалатын іс болғаны жөн. Соған жету жолында күн демей, түн демей еңбек ету керек. Сонда ғана адам мақсатына қол жеткізеді. Әйтпесе, күйкі тірліктің ағымымен жүре бересің. Жастар – еліміздің келешегі. Солардың өмірі жарқын болса екен деймін. Сонда біздің көңіліміз тоқ, жүрегіміз тыныш. Бастысы, елдің бірлігі бекем болсын!
– Аға, өнегелі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Азамат ЕСЕНЖОЛ


comments powered by HyperComments
Close