Сұхбат

Астанада Күн ғибадатханасы пайда болуы мүмкін

Күн мен түн теңелетін күні ғимараттың көлеңкелі қабырғасында Күн мен оның астында қалықтаған шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жылдың келгенін білдіретін қыранның бейнесі пайда болады. Осынау өзгеше құбылысты жылына бар болғаны екі сағат қана тамашалауға болады.

Жылдың бас кезінде белгілі сәулетші Сәкен Нарынов Астана әкімі Әсет Исекешевке «Күн алаңы» жобасын таныстырған болатын. Elorda.Info тілшісі автормен тілдесіп, «қазақтың Стоунхенджінің» қандай болатынын білді.
— Сакен Жомартұлы, менің түсінуімше, қаншама өзгеше болғанымен жобаны бірегей деп айтуға болмайды – баламалары баршаға мәлім. Дей тұрғанмен, бәлкім, әңгімені бұл ғимараттың «ерекшелігі» неде екендігінен бастаған жөн болар.
— «Астанадағы күн алаңы» жобасы мемлекет басшысының бастамасымен осыдан алты-жеті жыл бұрын шамасында пайда болды. Өзіңіз айтып өткендей, мұндай ғимараттар бірнеше елде бар. Олар Грекияда, Америка мен Еуропада ежелден бар. Күннің қозғалысын XVIII ғасырдан бастап «Джантар-Мантар» обсерваториясында үнді оқымыстылары бақылады. Атақты Стоунхендж де – түптеп келгенде Күн алаңы емес пе. Қазақстанда да мұндай уақыт есептеу міндетін атқарған құрылыстар Маңғыстауда, Шығыс Қазақстанда, Орталық Қазақстанда бар.
Алайда біз Астанада жүзеге асырғымыз келіп отырған жоба анығында бірегей болып саналады.


— Ансамбльге нақты қандай нысандар кірмек?
— Композиция төрт нысаннан тұрады. Біріншісі — «Күн жүйесі» – астаналықтарды жұлдызымызды айналып жүрген планеталармен таныстырады. Екіншісі — «Еуразиялық континент», онда құрлықтың кіндігінде орналасқан Еуразия мен Астананың бейнесі салынады. Үшіншісі — «Астана және әлемнің ірі қалалары» нысанында дүние жүзінің үлкен қалалары мен олардан Қазақстан елордасына дейінгі ара қашықтық туралы ақпарат орналастырылады.
Төртінші басты нысан — «Күн ғибадатханасы». Бұл – 22 наурыз күні оңтүстік, көлеңкелі қабырғасында күн мен оның төменгі жағында қалықтаған қыранның бейнесі пайда болатын өзіндік «Стоунхендж», ол шығыз күнтізбесі бойынша жаңа жылдың келгенін білдірмек. Осынау ерекше бейнені тек жылына бір мәрте небәрі екі сағат, күндізгі сағат он екіден екіге дейін ғана көруге болады.
Наурызда елордада күн райы қолайсыз болатындықтан күн мен қыранның бейнесін Астананың туған күнінде (6 шілдеде) шығару туралы да ұсыныс бар. Бұл нұсқа да қаралуда.

— Күн ғибадатханасы қай жерге қойылмақ және қанша аумақты алады?
— Нысанды қоятын орын әлі келісілуде. Ғимарат шамамен сол жағалаудағы «Арай» саябағында салынуы мүмкін. Ансамбль 100 де 200 метр аумақты алады. Обсерваторияның диаметрі 30 метрге дейін жетеді. Құрылыс материалдары ретінде гранит, тот баспайтын болат, сонымен бірге, сапалы керамикалық плитка қолданылады. Астананың ауа райын ескеретін болсақ ғимарат төменнен жылытуды талап етеді.
— Жоба қызықты екен, ол қаншаға түспек …
— Ия, жоба арзан емес, себебі құрылыс барысында көп жыл қызмет ететін жоғары сапалы құрылыс материалдары пайдаланылады. Жобаның құны шамамен — 2,5 миллион доллар. Ал жобадағы ең қиыны – күн сәулелерінің жүрісін есептеу. Бұған отандық ғалым-бағдарламашылар бригадасы бас қатыратын болады.
Жобаны іске асыруға бізге мөлшермен бір жыл уақыт керек. Егер бәрі жоспар бойынша жүретін болса, жобаны келесі жылы Астананың туған күні қарсаңында таныстырар едік.

АНЫҚТАМА:
Сәкен Нарынов– қазақстандық сәулетші, ҚазБСҚА профессоры.
Сәулетшінің еңбектері скульптуралық композицияларда, көбіне қоршаған әлемнің сыртқы және ішкі жақтарының бірлігі мен өзара байланысын бейнелейтін қола фигуралармен жасалған. Олар Қазақстанның көптеген қалаларына әр беруде: тек Алматының өзінде оның бес бірдей жұмысы қойылған. Оның ішінде «Кеңістікті композиция», «Алшы түскен асық», «Ғаламдану» бар.
С.Нарынов – «АЛЖИР» саяси репрессиялар мен тоталитаризм құрбандары музей-мемориалдық кешенінің, «Достық» халықтар достығы монументінің авторы.
Шебердің нысандары мен жобалары Ресей, Болгария, Түркменстан, Жапония, Германия, Франция, Перу, Копенгаген, Қазақстанда (Астана, Алматы, Көкшетауда) өткен 30-дан астам көрме мен байқауға қатыстырылды.


comments powered by HyperComments
Close