Ермек Тұрсынов: «Мен сенің өтірігіңді қорғадым, себебі, сен – менің досымсың, бірақ сен — есуассың»

(Жалғасы. Басы http://elorda.info/kk/suhbat/ermektrsynovzzhauapkershiligime/)

Қазақтың жазушысы, кинорежиссер және сценарийші Ермек Тұрсынов Қазақстанның Ұлттық музейіндегі Герольд Бельгердің кабинет-музейінде берген сұхбатының жалғасында достықтың мүдделерге құрылған клубтан немен ерекшеленетіні, достықтың шын мәніндегі достық болған болмағаны, әйел достардың қандай болатыны жайында әңгімеледі

Сіз үшін достық деген не? Достарыңыз да аса көп емес шығар?

— Менің достарым көп болып шықты. Кейінгі кездері бейтаныс адамдар келіп амандасатын болып жүр. Көбін танымаймын, бірақ не де болса бәрімен амандасып, жылы сөйлесуге тырысамын. Адамдар бейнебір бұған дейін әңгіме-дүкен құрып, сол аяқталмай қалған әңгімемізді ары қарай жалғап жатқандай тілдесетінін аңғарып жүрмін. Алғашында тосырқайтынмын, кейін адамдардың мені оқитынын, көретінін, бәрінен хабардар екендігін түсіндім.

Олар Сізбен іштей әңгімелесетіндей …

Ия, олармен күнде кездесіп жүргендеймін. Сондықтан да қазір мен өзімді барлық жерде: вокзалдарда да, әуежайларда да жайлы сезінемін. Жолда кетіп бара жатып, жүрек жалғап алғалы әлдеқайда кірсем, әлдекім жаныма келіп отырған болса сол адаммен әңгімелесіп кете беремін. Ондайда бейне бір әлі үйден шықпағандай, барлық уақытта өз адамдарымның ортасында жүргендей әсерде боламын. Бұл, әрине, қуантады.

Біреумен дос болуға келсек … Менің бірге өскен достарым бар.

Қазір біз сол достарыңыздың бірінің кабинетінде отырған жоқпыз ба?

— Бұл енді – бөлек нәрсе, мен өзімнің қатар өскен құрдастарым жайында айтып отырмын. Біз ауылда бір көшеде көрші тұрдық: бірі жүргізуші, енді бірі жол полициясында жұмыс істейді … Мен ол жаққа сол жердің энергиясымен сусындау үшін барамын.

Олармен достығыңызды сақтап қалдыңыз ба?

— Әрине. Олар үшін де бұл таңдандырарлық жайт …, тағы футбол аудиториясы бар, мен футбол ойнаймын ғой. Олар үшін менің теледидардан сөйлеп, газеттерге шығуым тіпті ғажап нәрсе болып саналады … Бұл мен үшін қажет, себебі жуырда Савва маған: «Ерема, мен сені кеше теледидардан көрдім. 20 минут бойы әлдене туралы сөйледің де бір де бір рет боқтық сөз айтпадың!» дейді. Олар менің жазатыныма, кітаптарымның шығып жататынына расымен таңғалады. Мына жайт есіме түсіп отыр, тілтану Институтында, Академияда әлдебір жиналыста отырғанмын. Маған Қаскелеңнен бір досым қоңырау шалады:

— Ерема, қайдасың?

— Менің аздап қолым тимей жатыр.

— Тез кел, қазір – финал! Біз қазір Шамалған стансасымен ойнап жатырмыз! Ал сен жоқсың?!

— Қолым босамай жатыр.

— Басты қатырма, не істеп жатырсың онда?! Жаныңдағылар кім? Не қылған шуыл?

— Дос болу қолымнан келетін сияқты. Қазір «достық» ұғымының өзі өзгерді. Қазір бізде – мүдделер клубы бар. Достық қатты монетизацияланды. Қалада менің де достарым деп айта алатын адамдар бар, себебі олармен жиі кездесемін, бір-бірімізге қонаққа барамыз. Бірақ бұл – басқа бір сападағы достық. Бұл – жиын, адамдардың тобы, алайда ол – жабық клуб. Мәселен, олигархтардың клубы бар, ол жаққа қарапайым адам кіре алмайды. Жазушылар, композиторлар, суретшілерден тұратын интеллектуалдар ортасы бар.

Бұл орталар бір-бірімен сіңісе алмайды. Әр ортаның өзінің қарым-қатынас жасаудың жазылмаған ережелері бар. Мен мұны бойымызға бала кезден сіңіріп өсірген достықпен салыстыра алмаймын: достықта пайда деген болмайды, достық мәңгілік, достық ешқандай пайдаға құрылмайды. Ол – махаббат секілді: не бар болады, не жоқ. Міне, осы нәрселер бірте-бірте жойылды, мен мұны таза достық ретінде қабылдай алмаймын. Бұл – тамырлық, жылы адами қарым-қатынас, жақын тұту. Ия, қайғыда жиналып, көмектеседі, бірақ тағы да осының барлығының артында «бұл ертең менің де басыма түсетін жағдай ғой» деген прагматикалық есеп тұрады.

Ал достық туралы маған тәлімгерім марқұм Крикунов Юрий Алексеевич (ғалым, профессор, журналист – авт.) былай түсіндірген: «Дос деген кім? – Түнгі сағат екіде оған қоңырау шаласың да: «Мәселе былай, таңғы сағат бесте қолыңа балта ал да 41-шақырымға кел» дейсің де тұтқаны тастай саласың. Айтылған жерге келесің. Таңғы сағат бесте ол 41-шақырымда тұрады. Балтасымен. Және – неге, не үшін, неліктен екенін мүлдем білмейді де».

Немесе дос дегеннің кім екенін маған ұрылардың бір беделдісі былайша түсіндірген еді, менің араласатын ортамның кең екенін жаңа айттым: «Екеуміз көшеде келе жаттық дейік. Сен әлдебіреумен ілінісіп қалдың, бірақ, сенікі орынсыз, алайда мен саған жақтасуым керек. Екеуміз де таяқ жедік. Мен айтамын: «Мен сенің теріс қылығыңды жақтадым, себебі сен – менің досымсың, бірақ сен — есуассың».

Келісемін. Саған – жиренішті, бірақ амал жоқ, ол – сенің досың.

— Мынадай жағдай да болады. Мен досымның жауы болып шыққан бір адамға болыстым. Досым мұның мәнісін сұрады:

— Сен оған неге болыстың?

— Ол – менің досым.

— Ал мен кіммін?

— Сен де – менің досымсың.

— Бірақ ол жексұрын ғой!

— Бұл, сенің көзқарасың бойынша — жексұрын.

— Ол маған кезінде арамдық жасаған.

— Ал маған ол әлі арамдық жасап үлгерген жоқ.

Мұндай жағдайда не істеген жөн? Енді біздің арамызда достық болмайды, себебі достық болған емес.

Солай ойлайсыз ба?

— Ия. Нағыз достық, жаңа айттым ғой, ол – махаббат секілді. Егер адамды жақсы көрсең оны барлық «минустары» мен «плюстарымен», барлық тыртықтарымен, сызаттарымен, бүкіл қисық-қыңырлықтарымен қоса жақсы көресің. Бұл – табиғи түсінік. Оны есепке құру мүмкін емес. Ал егер сен бұл қарым-қатынасты шамалы ғана болса да есеп-шотқа салатын болсаң ол – енді достық емес. Тіпті, сен етене аралассаң да, әйелдерің бір-бірін жақсы танып, балалар өзара араласып, бір-бірлеріңе қонаққа барып, бірге балық аулап, аң атып, бірге ішіп, бірге моншаға барып жүрсеңіздер де, бірақ осының бәрінің артында титтей де болса «арифметика» тұратын болса, мұның достық болуы неғайбыл.

Мұңды екен …

— Мен осылай ойлаймын. Кейде мәселен екі бизнесменнің достығының адалдығына күмәнмен қараймын, себебі олар қайсыбір іскерлік қарым-қатынас призмасы арқылы достық құрады. Бірақ бірі екіншісінен айталық бес миллион доллар ақша сұрады делік, мейлі өсімақысыз болсын, алайда, екіншісі әлдеқандай жағдайға душар болып ақшаны қайтара алмай қалды делік, дәл осы жерде достық қатал сынға түседі …

Және, көбіне аяқталып жатады. Бірақ бұл біз ойлаған достық емес, басқа …

— Сондықтан да достық күн сайын сыналып жатады, ақшамен, ұрыс керіспен, махаббат жанжалдарымен сыналады. Егер достық осы сынның барлығынан төтеп беріп өте алса – онда ол достық.

Менде бір сюжет бар, оны сценарий етіп жазбақшымын. Өмір бойы қатар өмір сүрген екі қария бір-бірін жек көріп кетеді. Бірақ, олардың бір-біріне бауыр басып кеткені соншалықты олар отбасы мүшелері секілді, олардың бірі – белсенді, екіншісі – енжар, қашанда солай, бірі – бастап жүруші, екіншісі – еруші. Сол «бастап жүруші» инфарктқа ұшырайды, екіншісі оны ауруханаға алып келе жатыр. Жеткен соң оның айтқаны: «Менен бұрын өлуші болма, оңбаған. Сен мұны әдейі істеп отырсың».

Оның үстіне, олар мұны қалжыңсыз айтып отыр.

— Ия, қалжыңсыз. Бір аптадан соң әлгі есін жинап досымен сөйлескісі келеді. Қоңырау шалады. Ал екіншісі инсульт алып ол да ауруханада жатыр. Бұл ауруханаға қоңырау шалады, тұтқаны медбике алады.

— Мен әлгі оңбағанмен сөйлескім келеді. Қайда ол шал?

— Ол сөйлесе алмайды – тілден қалды.

— Олай болса тұтқаны құлағына тосыңыз.

Сөйтіп екіншісінің құлағына айқай салады: «Оңбаған, сен мұны өш алайын деп әдейі істеп отырсың. Осыдан кейін сен қандай доссың». Екіншісі жауап бере алмайды. Жауап қата алмай жанарынан жас тамып жатады. Осылай екеуі де үнсіз жүріп кете барады.

Осындай кереғар дүние. Достық қиындықта сыналады. Мен мұны түсінемін. Менің бір досым болды, 32 жыл дос болдық. Соңғы он жыл достықтан да асып кетті. Бұл енді туыстық десе де болады. Солай бола тұра жас айырмашылығымыз – үлкен. Бесінші рет инфаркт алғанда ауруханаға барып: «Не істеп жатырсың? Сен не, инфаркттардан коллекция жинап жүргеннен саумысың? Бұған дейін үш рет инсульт алдың, енді бесінші рет инфаркт алып отырсың!» дедім. Ол маған әлсіз үнмен: «Білесің бе, осында әлдебір архитектор жатыпты, ол инфарктты алты рет алыпты. Ол — рекордшы» дейді. Мен: «Сен енді сол рекордты жаңартпақпысың?» деймін.

Сондықтан, достық – махаббат іспетті.

Бұл адамдар үлкен жас айырмашылығына қарамастан достаса алатын жақсы қасиет екен.

— Махаббат та сол секілді, жасына, салмақтық дәрежелеріне, сословияларына қарап таңдамайды. Ол не бар, не жоқ, оны сен кез-келген уақытта көріп, сезе аласың.

Ал әйелдермен достаса аласыз ба? Олардың бойындағы қандай қасиеттерді көбірек бағалайсыз? Әйелдерге деген көзқарасыңыз қалай?

— Әйел достарым бар деп айта алатын шығармын. Бірақ олар қандай достар? – Мен олармен бірге арақ ішкен емеспін, соғыста соғысқан емеспін. Дегенмен, қандай да бір жайттарды соғысқа теңесе де болады.

Қандай қорытынды жасағанымды білесіз бе? – Әйелдер еркектерге қарағанда күштірек. Әйелдердің қарсы тұру деңгейі ерлердікіне қарағанда анағұрлым жоғары. Қалай болғанда да менің өмірімде солай болды.

Біз – марафоншылармыз.

— Мықтылық деңгейі, соққыға төтеп бере алуы … Олар мықтырақ екен. Міне, маған бұл өмір осыны көрсетті. Олар – төзімдірек, итжанды, қайсар. Олар – батылырақ.

Бұл ұғымға нені кіргізесіз? «Батылырақ» деген нені білдіреді?

— Әйелдер өжет, ержүрек, табанды. Осының барлығы батылдық деген ұғымға жатады.

Біз өжет, ержүрек, табандымыз деп айта алмас едім.

— Бәлкім, маған сондайлары кездескен шығар. Ерлер морт кеткен тұстарда: беріліп, есірткіге бой алдырып, ішкілікке салынып кеткен жерлерде әйелдерді өмір сынаққа алғанда олар соңына дейін жеңілмеді. Әрине, менің осындай бірнеше әйел-достарым бар. Қазір біздің өміріміз мынадай: біз күнделікті сөйлесе бермейміз. Дегенмен, бұл дүниеде сондай ханымның бар екенін білесің. Аллаға шүкір, қазір олардың мықтылығын сынайтын жағдайлар жоқ, олар да сыннан өтіп қойған жандар. Сондықтан, менің әйел-достарым бар. Құдайға тәуба. Олардың жастары да әртүрлі. Негізінен, жасы келген, қалыптасқан, үйлі-баранды адамдар.

Яғни, Сізде ересек адамдарды тартатын бір қасиет бар. Менің ойымша, өзінің қатарластарына қарағанда анағұрлым кемеліне келген адамдар болады.

— Ия, адамды ересек етіп көрсететін жасы емес. Сопыларда: «Сақалыңды көріп тұрмын, қария, бірақ неге екені белгісіз, ақылды сөзді есіте алмай тұрмын» деген тәмсіл бар. Жасына қарамастан саналы, ересек және ақылды адамдармен интернетте, гуглде емес, өмірде кездесуіме тура келді. Бұған шүкіршілік айтамын. Дей тұрғанмен, егде жастағы ақымақтар да алдымнан шыққан жағдайлар болды.

Ия-я. Немесе кәрі ақымақ. Немесе ақымақ бойжеткен.