ЖаңалықтарПрочееСпорт

Футболдан Астана әкімінің кубогы иесін тапты

Әуесқой футболдан Астана қаласы әкімінің кубогы мәресіне жетті. Алты айға созылған бұл турнирге 17 команда қатысты.

«Астана-Арена» стадионында өткен жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев және Астана қаласы футбол федерациясының президенті Лашын Аймағамбетов қатысты.

Әкім кубогын финалда көптің ішінен қара үзіп шыққан №8 Балалар мен жасөсіпірімдер спорт мектебінің командасы мен осы турнирдің былтырғы жеңімпазы «Зенит» командасы сарапқа салды.

Қос команданың осалы жоқ. Екеуінің құрамында да бұрын кәсіпқой деңгейде доп тепкен мықтылар баршылық. Өте тартысты өткен матчтың басында өскемендік ойыншылардан құралған «Зениттің» басымдығы байқалды. Бірінші таймда ұрымтал сәтте Данил Стасюнас есеп ашты. Бұл нәтижені екінші таймда Андрей Пустовалов еселей түсті. Бірақ спорт мектебінің жігіттері бірден берілмей, аяғына дейін барын салды. Толассыз шабуыл текке кетпей, ойынның бітуіне он минуттай уақыт қалғанда Қуаныш Абдуалиев дубль жасап, таразы басын теңестіріп кетті.

Сөйтіп, нағыз финалға лайық кездесу пенальтиге ұласып, нәтижесінде спорт мектебі командасының асығы алшысынан түсті.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ


comments powered by HyperComments
Close