Президент пәрмені

Тұрғындар белсендiлiк танытты

Елбасының биылғы Жолдауының басым бағыттарын түсiндiру бойынша республикалық ақпараттық насихат тобының Сарыарқа ауданы бойынша көшпелi отырысы бұл жолы алдымен аталмыш аудан әкiмдiгiнiң ғимаратында өттi.
Аудан әкiмiнiң орынбасары Төлеген Ахметов биылғы Жолдауда халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтiк жағдайын жақсартуға мейлiнше маңыз берiлгенiн тiлге тиек еттi. Сонымен бiрге жалға берiлетiн тұрғын үй алаңын 1 миллион шаршы метрге жеткiзiп, ұзақ мерзiмдi жалға беруде сатып алынатын және сатуға жатпайтын екi түрлi жол қарастырылады. Оған қоса жалға алғаны үшiн жасалатын төлем әл-ауқаты орташа отбасы мүмкiндiгiне сай болады.
Мемлекет басшысының биылғы «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауында көрсетiлгендей, «Бiз 2015 жылға қарай табысы жоғары елдердiң қатарына қосылуды көздеп отырған елмiз. Бiрлiгiмiздi сақтап, осылай еңбек ететiн болсақ, ол мақсатқа да жететiн боламыз». Көшпелi отырыс барысында Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлiгiнiң Сауда комитетi төрағасының орынбасары Қайрат Телебалдинов осылай дедi. Бiздiң елде қазақстандықтардың жұмысқа тартылуына, қолжетiмдi баспанаға ие болуларына, өңiрлердi дамытуға барлық мүмкiндiктер қарастырылумен қатар, тұрғындарға мемлекеттiк қызмет көрсетудiң сапасын арттыруда, электрондық үкiметтi дамытуда, басқарушылардың бiлiктi саяси тобын дайындауда, сондай-ақ сот және құқық қорғау жүйелерiн жаңғыртуда көптеген игi iстердiң жүзеге асырылып жатқаны белгiлi. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi Қайта өңдеу және аграрлық азық-түлiк нарығы департаментiнiң директоры Айна Құсайынова бiлiм беру мен денсаулық сақтау саласында қазiргi заманғы әдiстемелер мен технологияларды енгiзу қарастырылып отырғанын баса айтты.
Одан кейiн қаламыздағы №1 математика-экономикалық лицейiнде ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi әкiмшiлiк-құқықтық жұмыстар жөнiндегi департаментiнiң директоры Файзолла Бисмилдин мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Жұмыспен қамту департаментiнiң директоры Дәулет Арғындықов елiмiздегi индустриялық-инновациялық жобалардың жүзеге асырылуы мен зейнетақы жүйесiн жетiлдiруге және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерiне тоқталды.
Жастар жағы қолжетiмдi баспанаға байланысты өздерiн толғандырған сұрақтарды ортаға салды. Ұстаздар қауымы болса, әйел мұғалiмдердiң жиырма бес жылдық еңбек өтiлiмен зейнеткерлiкке шығуын қайтаруды ұсынды. Осыған орай, елiмiзде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлiп жатқаны, алдағы уақытта жарты миллионнан астам жас отбасының жеке баспанамен қамтамасыз етiлетiндiгiн жеткiздi.
Сондай-ақ, құс етi бағасының жыл сайын көтерiлiп келе жатқанына алаңдаушылық бiлдiргендерге республикалық насихат тобының мүшесi бұл ретте отандық өнiмдердi көптеп өндiрудiң мәселенi бiршама шешуге септiгiн тигiзетiнiн ескерттi. Жалпы, тұрғындар тарапынан көтерiлген барлық көкейкестi мәселелер есепке алынып, олар келешекте оң шешiмiн табатын болды.
Жолдау жүктеген мiндеттер талқыланған отырыс барысында ақпараттық-насихаттық топ мүшелерi жиналғандарды ел игiлiгi жолындағы еңбектi еселеуге шақырды.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Close