Президент пәрмені

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДIҢ МЕРЕЙI

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында мемлекеттiк тiлге қатысты ойларын бiлдiрдi. Елбасымыздың тiл турасында, бүкiл Қазақстан халқының ұйытқысы мемлекеттiк тiл екенiн, барша отандастардың осы тiлдiң айналасында бiрiгетiнiн айтып жүргенi бәрiмiзге белгiлi.
1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасының «Тiлдер туралы» заңы қабылданды. КСРО сынды алып елдiң көбесi сөгiлiп, ыдырай бастаған шақта, қиын да күрделi кезеңде заңға «Қазақ тiлi – ҚазКСР-нiң мемлекеттiк тiлi» деп жазылуы оңайға түскен жоқ. Қолдаушылардың көп болғаны сияқты қарсы шығушылар да аз болмады. Сол бiр шақта «Сiздердiң өз тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде қалпына келтiруге ұмтылып отырған халыққа неге көмектескiлерiңiз келмейдi? Территориясында «Кар-лаг», «Гулаг», «Алжир» орын тепкен, атом полигоны салынған, бүгiн қиын жағдайды бастан өткерiп жатқан халыққа неге көмектескiлерiңiз келмейдi? Сiздер кiмнiң тiзе бүккенiн қалап отырсыздар?» деп сөйлеген Елбасы Н.Назарбаевтың жанайқайы туған тiлге жанашыр екенiн көрсеттi. Сондай-ақ, туған тiлiмiздiң мемлекеттiк мәртебеге ие болуына жол ашып бердi. Содан бергi уақытта ана тiлiмiздiң қолданыс аясын кеңейту мақсатында талай жұмыстар атқарылды.
Ал, бүгiнгi таңда елiмiздегi мемлекеттiк тiл саясаты Қазақстан Республикасы Конституциясының, «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңының негiзiнде, сондай-ақ Елбасының жарлығымен бекiтiлген «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының» негiзiнде жүзеге асырылып келедi.
Бiз ана тiлiмiздiң болашақта өз тұғырында қырандай қонып, бақ жұлдызы жанатынынан үмiт үзбеймiз. Бұған байланысты өткен ғасырдың басында Алаштың көсемi Әлихан Бөкейхан «Ғұмыр жүзiнде бiздiң қазақ тiлi өз бәй-гесiн алар» деп айтқан болатын. Солай боларына сенемiз.

Г.АҚЫЛБЕКОВА,
Заң шығару институты Лингвистика орталығының жетекшi ғылыми қызметкерi

Close