ЖаңалықтарПікірлерЭкономика

Ұлттық теңге – еліміздің даму көзі

1993 жылдың басында сол кездегі Жезқазған облыстық «Қазақ тілі» қоғамына қызметке келіп, мемлекеттік тіл саясатын пәрменді жүргізу бағытында, атап айтқанда, қазақ тілінің қоғам өміріне етене араласуын қамтамасыз ету жолында біраз тер төккен едік. Көздегеніміз – ұлттық нарықты экономика, ұлттық технология, ұлттық ғылым секілді ұлттық мемлекетке тән нақты нышандармен қатар тәуелсіздік алған елдің ең бірінші айшықты белгісі ұлттық теңгеміздің қалыптасуы болатын. Сондықтан, Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі 1993 жылғы 12-ші қарашадағы жарлығы және үш күннен кейін қазақ теңгесінің айналымға шығарылғаны бәрімізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлағаны әлі есімде.

Иә, бұл жас тәуелсіз респуб­ликамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиға еді. Ол еліміздің тәуелсіздігін нығай­ту жолындағы түбегейлі әлеу­меттік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін қажетті тарихи қадам болды. Енді, міне, сол алғашқы қадам сәтімен келіп, төл теңгемізге 24 жыл толып отыр. Әрине, ұлттық валютаны шығару жөнінде шешім де, теңгенің дүниеге келуі де оңайға түскен жоқ. Қазақстан Республикасының сол кездегі вице-президенті Ерік Асанбаев өзінің «Теңге» атты кітабында былайша жазады: «Тоқсаныншы жылдардың бас шенінде өзіміздің валютамызды енгізу қажеттігі Қазақстанға көптеген мән-жайларымен өктемделді. Біріншіден, рубль сол кезде құлдырай құн­сызданды және мемлекеттік Думаның депутаты Павел Буничтің сөзімен айтқанда, «ағаш сом» деген атауына ие болды. Екіншіден, осынау себеппен кәсіпорындардың өзі рубльді пайдаланатын шаруашылық мәмілелерден бойын аулақ сала бастады. Үшіншіден, рубль қожайыны Ресейдің өзі бағаны еркін жүзуге жіберіп, кәсіпорындардың айна­­лымдық қаражатын ин­декстемейтін болды».
Осындай аумалы-төкпелі тұста егемендікке енді ғана қол жеткізген жас мемлекетіміздің қаржы жүйесі құрылып бітпе­ген болатын. Айта кетерлігі сол, ұлттық валютаны енгізгенге дейін Қазақстанның саяси ұстанымы ТМД елдері экономикасын біріктіруге бағытталды. Себебі бірыңғай валютаны пайдалана отырып, кооперацияның артықшылықтарын толайым қолдануға және де өзара тиімділікпен ынтымақтасуға болатынды. Алайда қазақстандық басшылық пен ТМД-ның өзге қатысушыларының талпыныстарына қарамастан, рубль аймағы ұзаққа бармады. Ресейлік рубльдің енгізілуі шын мәнісінде нақты ыдыраудың басталуын білдірді және басқа мемлекеттерді өз ұлттық валюталарын енгізуге итермеледі. Сөйтіп ұлттық валютаны енгізу жөніндегі іс-шараларды өте қысқа мерзімде жүргізу керек болды және олар ойдағыдай жүзеге асты.
Ұлттық валютаны енгізу ке­зінде Қазақстан Ұлттық банкі күрделі, қарама-қайшы­лық жағдайда 452 миллион доллар мөлшерінде алтын валюталық қорды құрды. Жаңа купюралардың қажетті қоры құрылып, банкнот фабри­камыздың жоқтығынан қатаң құпия түрде қысқа мерзімде олар Ұлыбританияда басы­лып шығарылды. Оның нә­ти­жесі жайлы Президент Н.Ә.Назарбаевтың естелігінен оқуға болады: «Төрт «Ил-76» ұшағын жалдап алып, ақша­мыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон – Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі 18 рейс жасап тұрды. 12-ші қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. 20 күнге жетер-жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны – ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу болды. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім, дүние жүзінде жаңа ақшаны енгізу осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар».
Осылайша теңге 1993 жылдың 15 қарашасынан еліміздің бүкіл аумағы бойынша айналысқа енгізілді. Бірінші кезеңде, яғни 15-17 қараша аралығында ұлттық валютамен қатар 1-500 сомдық банкноттардың қосарлай жүруіне жол берілді. Ал 1993 жылдың 18-ші қара­шасынан бастап ұлттық валюта Қазақстан Республикасы аумағында жалғыз заңды төлем құралы болып табылып, банктер мен басқа да шаруашылық субъектілердің барлық активтері мен пассивтері теңгеге қайта есептелінді. 22 қарашада зейнетақы мен еңбекақы теңгемен беріле бас­тады. Елімізде валюта айырбастау пункттері ашылып жатты. Кейін Алматыда Ұлттық банктің банкнот фабрикасы, Өскеменде монета сарайы ашылды. Уақыт талабына сай теңгенің дизайны өзгерді. Нақтырақ айтқанда, теңге ширек ғасырға жуық тарихында дизайнын екі рет өзгертті. Бастапқыда тарихи тұлғалардың портреттері берілді. Сол бір тұста мұның тәрбиелік, саяси мәні өте зор болатын. Мәселен, ағартушы әл-Фараби, күйші Сүйінбай, ғалым Шоқан Уәлиханов, ақын Абай, Әбілқайыр хан бейнеленген теңге халықтың арасына кеңінен таралып, республика жұртшылығының көзайымына айналды. Дегенмен, халықаралық стандартқа сай ұлттық валютаның дизайнын өзгертуге тура келді. Сөйтіп, теңгенің қорғаныс элементтері көбейтілді.
Шынтуайтына келгенде, теңге осы 24 жыл ішінде күр­делі кезеңдерден өтті. Әсіресе, ұлттық валюта енгізіл­геннен кейінгі алғашқы екі жыл еліміз үшін өте қиын жыл­дар болды. Жалпы эконо­микалық сипаттағы объек­тивтік қиындықтар (бағаны ырықтандыруға әрі өндірістің құлдырауына байланыс­ты инфляцияның жоғары дең­гейі, импорт тауарларына қанағаттандырылмаған сұраныстың едәуір көлемі) шетел валютасына сұраныстың өсуіне, ал ізінше бағаның өсуіне әкеліп соқты. 1994 жылы кәсіпорындардың сәтсіз жүр­гізілген өзара шаруашылық есептесуі сияқты өкінішті экономикалық жаңсақтықтар алғашқы айларда теңге ай­на­лысының жағдайын бір­шама қиындатты. Сөйтіп, енгізілгеннен кейінгі алғашқы 7 айда теңге 8 есе құнсызданды. Нәтижесінде, теңгеге байланыс­ты бүкіл инфрақұрылымды қайтадан құруға тура келді. Бұл іс банк жүйесінен басталды. Содан кейін кеден, қаржы қызметтеріне ауысып, валюта айырбастайтын биржа құру, алтын және валюта қорын жа­сақтау, теңге сарайын іске қосу сияқты маңызды шаралар шешілді.
Барлық қаржы операция­сы тек теңге арқылы есеп­телінетіндіктен, оның бағамы басқа елдердің валютасымен күнбе-күн нақтыланып отырды. Теңгенің экономикалық өсімге тікелей қызмет жасауын қамтамасыз ету басты мәселе болып табылды. Сондықтан, егер теңге күрт құлдырап бара жатса, Ұлттық банк өзіндегі алтын-валюта қорынан қосымша ақша жұмсап, оны реттеп отыратын болды әрі мұның біршама уақыт жағдайды тұрақтандыруға септігі тиді. Бірақ бұл әрекет жасанды бағамның жасалуына жол ашты. Осы ретте, теңгенің шын бағамын белгілеу үшін оны еркін жүзуге жіберу керек болды және көп ұзамай солай жасалынды да. Аталмыш шарадан кейін теңге бағамы АҚШ долларына шаққанда бірден екі сатыға жоғарылап кетті. Алайда кейіннен теңгенің АҚШ долларына қатынасы бойынша құнсыздану қарқыны едәуір баяулады. Нақты айтқанда, егер 1995 жылы теңгенің бағамы 17,9 пайыз болса, 1996 жылы 15,4 пайызға төмендеді. Бес жылдан кейін, яғни 2001 жылы теңгенің номиналдық құнсыздануы 5,17 пайыз, ал 2002 жылы 3,25 пайыз болды. Жалпы алғанда, ұлттық валютаның тұрақтылығы белгілі бір мерзімдегі оның құндылығымен анықталады. Ішкі құндылығы инфляция деңгейімен, ал сыртқы құндылығы басқа валютаға баламалау арқылы бағаланады. Бізге мәлім деректер бойынша инфляция 1995 жылы 276,2 пайыздан 2017 жылғы тамызда 6,5 пайызға дейінгі төмендеуімен теңгенің ішкі құндылығын арттырып отыр.
Бүгінде инфляция өсіміне жол бермеу мақсатында Ұлт­тық банк ұлттық валютаның еркін айырбас бағамы саясатын тиімді жүргізіп келе жатқанын атап өткен жөн. Қазақстан валютасын қолдау туралы Халықаралық валюта қорымен, Бүкіл дүние жүзілік, Еуропалық және Азия даму банкілерімен, сондай-ақ әлемнің бірқатар дамыған елдерінің үкіметтерімен келісімге қол жетті. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мырзаның мәлімдеуінше, 2017 жылғы тоғыз айда теңгеміз 32,5 миллиард АҚШ доллары сомасында өзіміздің алтын-валюта резервімізбен қамтамасыз етіліп отыр. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 56,8 миллиард долларды, ал халықаралық резервтер 89,4 миллиард долларды құрайды. Бұл – жалпы ішкі өнімнің 60 пайызына тең. Түптеп келгенде, бұл басқа валюталарға қарағанда тұрақты курсты сақтау үшін алғы шарттар жасайды, әрине, егер қатаң түрде ақша – несие, бюджет, салық саясатын сауатты жүргізген жағдайда ғана.
Қорыта айтқанда, Қазақ­станның ұлттық валютаға көшуі әлеуметтік-эконо­ми­калық ре­фор­маларды қар­қынды жүр­гізуге мүмкіндік берді. Кезінде қазынасында бір тиын да бол­маған Қазақ елінің қазіргі ақша массасы 19 471,9 миллиард теңгені құрап, бізге Қазақстан халқының тұрмыс жағдайын бірте-бірте жақсартуға көмек­тесіп келеді. Көмектесе де береді.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,

саясаттанушы


comments powered by HyperComments
Close