• USD 344.5
  • EUR 403.4
  • RUB 5.6

Монреальға барған Мағауия

02 ақпан, 12:471029

Алпыс жылға жуық тарихы бар «Қазақконцерт» бірлестігінің бастауында қазақтың ән-күй және би өнерінің небір майталмандары тұр. Осыдан екі жыл бұрын Астана төрінде мемлекеттік концерттік ұйым болып қайта құрылған аталмыш ұжым кешегі бұлбұлдар мен дүлдүлдердің есімдерін жаңғыртып, ұлттың ұлы мұрасын ұлықтауды парыз санайды.

 

Былтыр ұйым директоры Асхат Маемировпен сұхбаттасқанымызда осы туралы да әңгімелескенбіз. «Қазақконцертте» 1961 жылдан бастап ұзақ жыл домбырашы болған шертпе күй шебері, ҚазКСР халық әртісі Мағауия Хамзиннің туғанына 90 жыл толатынын, күйшінің мерейтойына арнап концерт өткізу туралы ұсыныс айтқанбыз. Ұжым басшысы бұл ұсынысымызды құп алып, желтоқсан айында өткізуге уәде берді. Алайда белгіленген мерзімде кешті ұйымдастыру алқасында болған Мағауияның туған інісі Дәнелия Хамзин дүниеден озып кетіп, кеш кейінге шегерілді. Ақыры оның сәті қаңтардың соңғы күндеріне түсті. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы мен Қазақ ұлттық өнер университеті бірлесіп «Қазақстан» орталық концерт залында өткізген кеш «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, «Қоңыр қаз» атауын иеленді.

Бұл атау тегіннен-тегін таңдалмады. Мағауияның атасы Әшімтай Қарымсақұлының осылай аталатын жалғыз күйі ғана сақталып қалды. Бірақ бұл шығарманы күйдің төресі деп атасақ, жаңылыса қоймаспыз. Күйшінің әкесі Хамза да домбыраны бір кісідей шертетін. Мағауияны да кішкентайынан күйшілікке баулып, домбыра сыйлағаны бар.

Өнертанушы Раушан Малдыбаеваның айтуынша, бұл музыкалық аспаптың пішіні де ерекше еді. Шертпе күйге жақсы келетін әдеттегі қалақ домбырадан өзгешелеу, Мағауия Хамзиннің өзі қолдан шапқан бірнеше домбыраны кеште көзімізбен көрдік те. Иә, күйшінің осындай да өнері болған және күйді ол өзінің қолымен жасаған аспаппен шертуді қолай көрген. Бұл домбыраларды Дәнелия ақсақалдың зайыбы Бақыт шешей Астанаға ала келіп, кештің құрметті қонақтарының қатарынан табылды.

Ал Мағауияның өнердегі ізбасарлары күйлерді шалқытты. Мұхаметжан Тілеухан «Қоңыр қаздан» бастап, Сайдалы Сары Тоқаның күйлерін, Тәттімбеттің «Бес төресін» бебеулетті. Тәттімбет демекші, Мағауия Хамзин оның күйлеріне өзгеше үн бітіріп, «Күй тәңірісі» атанып кеткен тұлға мұрасының ұрпаққа жетуіне бірден-бір себепкер болды. Бұған қоса, Қыздарбек, Сембек, Әбди сынды күйшілердің, өзінің ұстазы Аққыз Ахметқызының күйлерін жеткізді.

Осы кештің тізгінін ұстаған белгілі күйші, ұстаз, өнертанушы Жанғали Жүзбай Арқа күйлерін ішінара Тоқырауын, Ақсу-Аюлы, Жаңаарқа орындаушылық мектептеріне бөледі. Соның бәрін тыңдап, құлақ құрышын қандырдық.

Қарағанды облыстық «Күй-керуен» шертпе күй орталығының жетекшісі Қайролла Сәдуақасов Қыздарбектің «Зар Қосбасар» күйімен мұңға батырса, мағауиятануға бет бұрған жас дарын Манап Анықбеков Хамзиннің төл туындылары «Жас қазақ», «Балқаш толқындары» күйлерін шертті.

Аққыздың көзіндей және өзіндей болып көзімізге елестейтін талантты күйші Балжан Серікболқызының күй шертісіне тамсандық. Рымхан Әбілханұлы бастаған Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстаздары да кештің әрін кіргізді.

Елбасы өзінің алғашқы Жолдауында белгілі, беделді тұлғаларға туған жерге оралып, елге еңбек сіңіруді ұсынса, бұл ұсынысты қабыл алған адамдардың қатарында Мағауия Хамзин де болды. Осы естелікті жаңғыртқан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші, өнер зерттеуші Серік Оспанов сол кезде Мағауия үшін Балқашта Жезқазған филармониясының филиалын ашуға тура келгенін жеткізіп, атақты күйші тыңдағанды жақсы көрген «Иманжүсіптің толғауын» шырқап берді. Амантай Жұмашев, Нұрай Танабаев, Аяулым Қамажан әсем әндерді әуелетті.

Кеште Мағауия Хамзин «Қазақконцертте» жүргенде өзінен екі жас кіші Бибігүл Төлегеноваға гастрольдерге шыққанда қамқор болғаны да айтылды. Сәуле Жанпейісова да 1985-1986 жылдары бірлестікте жұмыс істегенде Мағауия Хамзиннің шапағатын көрген екен. Күйшінің бармаған жері, баспаған тауы жоқ десек те болады, тіпті Ермек Серкебаев екеуі Канада елінің Монреаль қаласында өткен «ЭКСПО-67» көрмесіне қатысып, шетелдік көрерменді тамсандырғандары бар.

ҚР Мәдениет қайраткері Қайырбек Сәдуақасов күйшінің өмірдегі, өнердегі болмысына тоқталды. Классикалық музыканың домбырамен шертілгенін әлі де жаңалық көретініміз бар. Ал Мағауия Хамзин В.Моцарт, В.Монти, М.Огинский, П.Чайковский, К.Хачатурян, С.Рахманинов, И.Брамс сынды әлемге әйгілі композиторлардың шығармаларын өз заманында меңгеріп, домбырада шебер шерткен. Әрине, бұған кеңестік кезеңнің салқын саясаты да ықпалын тигізбей қоймады. Күйшінің іштегі шерін басып, қазақтың шертпе күйімен өз шаңырағында ғана қауышқан кездері жиі болатын.

Қалай дегенмен де, 10 жасында күйші ретінде халыққа алғаш танылғаннан, дүниеден озғанша өнерге, күйге, домбыраға адал болып өтті. Балқаш қаласында күйшінің атына Мәдениет сарайы беріліп, ескерткіші бой көтерді. Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Мағауия Хамзиннің домбырасы сақтаулы тұр. Былтыр «Мағауия Хамзин мұрасы» аталатын мұражай ашылды. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы күйшінің есімін жаңғыртып, игі іс жасады. Ендігі кезек – осы ұжымда еңбек етіп, ұлттық өнердің өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқан Әзидолла Есқалиев, Ғарифолла Құрманғалиев, Рабиға Есімжанова, т.б. өнер саңлақтарында. Асхат Маемировтың сөзінше де, биылдан қалмай аталмыш тұлғаларды еске алу кештері ұйымдастырылады. Біздіңше, нағыз рухани жаңғыру дегеніміз осындай болуы керек.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар


Наверх