• USD 374
  • EUR 423
  • RUR 5.65

ЭКСПО көрмесі аумағында бой көтерген этноауылда Наурыз мейрамы тойланып жатыр (фото)

21 наурыз, 14:50658

Елорда тұрғындары мен қонақтары қаланың әр жерінде ұйымдастырылған мерекелік шараларды тамашалады. Елорда Инфо тілшісі  ЭКСПО көрме аумағында тігілген этноауылға барып, халықтың мерекелік көңіл күйінің куәсі болып қайтты. 

Көрме кешені аумағындағы мерекелік думан сағат 13.00 басталады деп жоспарланған болатын. Бірақ елордалықтардың басым бөлігі бұл жерге таңертеңнен жинала бастады. 
ЭКСПО аумағындағы алаңға келгендерді халық ертегілері мен мультфильмдердің кейіпкерлері қарсы алды. Елордалықтар тойшы қауымға гүл ұсынып тұрған кейіпкерлермен суретке түсіп жатты. 
Алаңның әр жерінде ұлттық спорт түрерінен жарыстар өтуде. Бір жағында күрес, бір жағында кір көтеру, енді бір жағында асық атудан жарыстар өтті. Ең бастысы жарысқа қатысқан кәсіби спортшылар емес, мерекені тамашалауға барған қарапайым тұрғындар. 
Асық атудан жарысты ұйымдастырған «Жігер» спорт клубының аға жаттықтырушысы, Асық ату федерациясының Астана қалалық филиалының директоры Ескендір Рахметовтің айтуынша, айналдырған екі сағаттың ішінде алты жастағы баладан алпыстағы қарияға да дейін 200-ден астам адам қатысыпты. 

Спорттық ойындардан бөлек, ұлттық аңшылық өнер дәріптелді. Құмайы тазы мен төбеттерді жетектеген батыр тұлғалы алып жігіттер өткен кеткен балалармен суретке түсіп, төл өнердің қыр-сырын айтып берді. 


Наурыз тойы болған соң, мерекенің басты тағамы Наурыз көжесіз өтуі мүмкін емес. Ұйымдастырушылар бұл күні 1000 литр наурыз көже пісіріп, этноауылға келген қонақтарға таратамыз деген болатын. Тегін көже береді дегенді естіп үйлерінен арнайы көже құятын ыдыс алып келген адамдарды да көрдік. Көжеден бөлек, ыстық бауырсақ та таратылуда.

 Ұлттық дәмдермен қатар, қазақтың төл мәдениеті де кеңінен насихатталды. Ауылдың орталығына орнатылған сахнада астаналық өнерпаздар, атап айтқанда, Астана қаласының мемлекеттік филармониясының өнерпаздары өнер көсетті. Бірі ән айтып, бірі күй тартып, мерекенің думанды көрігін қыздырды.

 Мерекелік думанға келген тұрғындар би билеп, шараның көркін кіргізді. Мерекелік шараға 500-ге жуық өнерпаз қатысты. Соның ішінде Алматыдан арнайы келген Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының 40 қызметкері де бар. 

Астаналықтар бұл күні ұлттық нақышта безендірілген  киіз үй-музейлерді тамашалау мүмкіндігіне ие болды.  Атап айтқанда, бірінші киіз үй - ежелгі түркі жазбасына және мәдениетіне арналды. 

Екінші киіз үй - Ұлттық музыкалық аспаптар музейі деп аталды. Мұнда қонақтар домбыра, нарқобыз, дауылпаз, жетіген, сырнай және басқа да ескі аспаптардың реконструкциясымен танысты. Ұлттық этнография және зергерлік бұйымдар музейі.

Үшінші үй -  музей үйі болып аталды. Келушілер назарына қазақ халқының тұрмысындағы ескі заттар ұсынылды. Атап айтқанда, адалбақан, жағлан, кебеже, жүкаяқ және басқалары, сонымен қатар батысқазақстандық шеберлердің ескі зергерлік бұйымдары – сәукеле, өңіржиек, өңіртал, құдағи жүзік, белдік, асатаяқ және т.б. әшекейлер. 
Төртінші киіз үй – Ұлттық кілем өнімдері музейіне келген қонақтар ескі түкті және түксіз кілемдерді, сондай-ақ киіз бен жібектен жасалған кілемдерді тамашалайды, ал гид оларды аталған бұйымдарды жасаудың ежелгі технологиясымен таныстырды.

Биылғы  Наурыздың басты ерекшелігі  - этноауылға 243 жылдық тарихы бар тайқазан орнатылды.  Астаналықтар бұл тарихи жәдігерді суретке түсіріп жатты. 
Айта кетейік, Астана әкімдігінің ұйымдастыруымен Наурыз мерекесі төрт жерде тойланды. Елордалықтардың сауық-сайран кезінде қажетті тағамдар мен сусындармен қамтамасыз ету үшін 80 аса кәсіпкер мерекелік саудаға жұмылдырылды. Тамақтану орындарының барлығында наурыз көже, бауырсақ, палау, құрт, жент және т.б ұлттық тағамдар сатылды. 
Наурыз мерекесіне арналған бұқаралық сауық-сайран бүгін және ертең 22 наурызда өтеді деп жоспарланған.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар


БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх