• USD 372.9
  • EUR 424
  • RUR 5.61

Дұрыс жүгіре білеміз бе: кәсіби жаттықтырушыдан алты кеңес

31 тамыз, 11:001230
Суретті түсірген Сұлтан Сейітов Суретті түсірген Сұлтан Сейітов

Соңғы жылдары Қазақстанда түрлі марафондар жиі өткізіле бастады. Оған қатысушылардың саны да жыл санап артып келеді. Алдағы қыркүйектің 16-сы күні еліміздің спорт саласындағы айтулы шара - «Astana Marathon-2018» өтетінін хабарлаған болатынбыз. Осыған орай, Елорда Инфо тілшісі жеңіл атлетикадан кәсіби жаттықтырушымен кездесіп, дұрыс жүгірудің ережелерімен танысты.

Жалпы, жеңіл атлетика спорттың патшайымы саналады. Себебі, кез келген спорт түрі жүгіруден тұрады. Яғни спортшы қандай да бір жаттығуды бастамас бұрын жүгіріп, денесін қыздырып алады. Сондықтан біз дұрыс жүгірудің ережесімен танысу мақсатында Астанадағы Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиада резерві республикалық мамандандырылған мектеп-интернатында жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Айдын Сапархановтың көмегіне жүгіндік. Ол – бүгінгі күні елімізде танымал бірқатар марафоншыны дайындаған жаттықтырушы.

Бірінші кеңес – дұрыс қыздырыну. Жүгіру – бір қарағанда оңай болып көрінгенімен, ең қиын спорттың бірі. Жүгірудің алдында кішігірім жаттығу жасайды. Аяқты жоғары көтеріп, тездетіп ұшына қояды. Осы жерде ескеретіні, жаттығу немесе жүгіру кезінде өкшемен тұруға болмайды. Өйткені, күшті өкшеге салса тізеден жарақат алуы мүмкін. Келесі жаттығу түрі – аяқты артқа сермеу. Осы жерде тізе алдыға шығып кетпеуі тиіс. Ендігі жаттығу – аяқты алдыға серпу. Одан соң сол иықпен, бұдан кейін оң иықпен серпіліс жасау, ұзындыққа серпілу, адымдап жүгіру. Соңғысын жасағанда мейлінше тізені көтеру қажет. Осы кішігірім серпілістен соң жүгіріп бастауға болады.

Суретті түсірген Сұлтан СейітовСуретті түсірген Сұлтан Сейітов

Екінші кеңес – жүгіргенде дұрыс дем алу.

«Адамдарда жүгіргенде мұрынмен демалу керек деген теріс түсінік қалыптасқан. Қазіргі кезде ондай ойдан арылу қажет. Жүгіргенде ауызбен дем алып, ауызбен дем шығару керек. Өйткені жүгірген кезде адамның бұлшық еттеріне ауа баруы қажет. Мұрынмен дем алғанда бұлшық еттерге ауа аз барып, оның қатып қалуына әкелуі мүмкін. Ал ауызбен дем алғанда ауаны көбірек жұтады», - деді жаттықтырушы.

Үшінші ескеретін кеңес – жүгіру кезінде қолды жинақы ұстау. Маманның айтуынша, жүгірудің техникасы бойынша әрдайым қол жинақы болуы керек.

Суретті түсірген Сұлтан СейітовСуретті түсірген Сұлтан Сейітов

Төртіншіден, жүгіру кезінде аяқты дұрыс басу.  

«Көбісі жерге аяқтың ұшын немесе өкшесін қойып жатады. Олай жүгіру дұрыс емес, аяқты басқанда табанды түгел жерге тигізіп, аяқтың ұшына серпіліс беру керек», деді ол.

Жаттықтырушы айтқан бесінші кеңес – жүгіруге киетін аяқ киімді дұрыс таңдау. Аяқ киімнің табаны жұқа болса, жүгіргенде аяққа батады. Сондықтан, табаны қалың болғаны және аяғынан жарты см болсын үлкен болғаны лазым. Себебі жүгіргенде аяққа қан жүгіреді, аяқ киім тар болса жайсыз болуы мүмкін.

Алтыншы кеңес - марафонға қатысатын адамдар дұрыс тамақтана білуі керек. Мәселен, марафонға қатысқанда желаяқтарға су мен банан беріледі. Жалпы, біз тілдескен маман түрлі қашықтықтағы марафонға қатыспас бұрын кез келген адам осы алты ержені ұстану керек деп есептейді.  

Сонымен бірге, әуесқой адамдар жұмыс ыңғайы мен уақытына қарай аптасына 3 күн таңертең немесе кешке жүгіргені дұрыс. Егер таңертең жүгіретін болса ол адам күні бойы өзін сергек сезінеді. Адам ағзасына да таза ауада жүгіргеннің пайдасы көп. Бұған қоса, алыс қашықтыққа жүгірерде бірнеше мәселеге назар аударған жөн.

«Алыс қашықтыққа жүгірерде алдымен, аз шақырымдарға жүгіріп бастап, бірте-бірте жүгіруді көбейте түскен дұрыс. Адам өзінің ағзасын нығайтып, шыдамдылығы мен төзімділігін шыңдай түседі. Жарысқа аз қалғанда сол шақырымдарға жүгіріп, дайындығын пысықтауы қажет. Ең бастысы - адам марафонға психологиялық және физикалық тұрғыда дайын болғаны жөн», - деді Айдын Сапарханов.

Суретті түсірген Сұлтан СейітовСуретті түсірген Сұлтан Сейітов

Ол өз сөзінде жаттықтырушы тобындағы шәкірттерінің алдағы жарысқа дайындалып жатқанын атап өтті.

«Менің тобымда 10 жастан 25 жасқа дейінгі спортшы балалар жаттығады. Олар жыл сайын әртүрлі марафондарға қатысып, жүлде тұғырынан көрініп жүр. Биылғы марафонға Құдайберген Зейноллаев және Әлімжан Балтабек деген шәкірттерім қатыспақ. Екеуін арнайы дайындап жатырмын. Қазіргі күні екеуі де Қырғызстанда теңіз деңгейінен 1700 м биік жерде дайындық үстінде», - дейді ол.

Айта кетейік, 16 қыркүйекте елордада «Astana Marathon-2018» өтеді. Жылдың басты спорт шарасына әлемнің 20-дан астам мемлекетінен 5000 кәсіби спортшылар мен әуесқойлар қатысады деп жоспарланып отыр.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар


БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх