• USD 372.9
  • EUR 424
  • RUR 5.61

Банан, фикус, апельсин: Ботаникалық бақта бәрі бар

10 тамыз, 15:49971
фото Талғат Аханов фото Талғат Аханов

Бір ай бұрын Астанадағы ботаникалық бақ ашылып, қала тұрғындарының серуендейтін сүйікті демалыс орнына айналды. Бұл бақтың аумағы саябақ аймағы және ботаникалық аймақ аймағы болып екіге бөлінеді. Аты айтып тұрғандай, ботаникалық аймақта оранжереялар бар. Климатрондар әзірге келушілер үшін ашылған жоқ. Елорда Инфо тілшісі оранжереяларға барып, ең суық астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген өсімдіктерді көріп қайтты.

Ботаникалық бақтың жылыжайлары соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған. Астаналық бақтың оранжереяларына орнатылған жүйелер ТМД аумағындағы ботаникалық бақтардың бірінде жоқ.

«Тамшылап суару, ылғалдатқыш, климат-бақылау – бәрі компьютермен басқарылады. Кейбір белгілі бақтарда өсімдіктер әлі күнге дейін лейкамен суарылады. Бізге Минск қаласындағы 80 жылға жуық тарихы бар ботаникалық бақта пальмалардың қалай суарылатынын айтып берді. Бақтың жұмысшысы вентиляторды қосып, шлангымен суды шашады. Қазіргі бақтарда қолмен істейтін жұмыс көп. Бұл тұрғыдан алғанда біздің бақ өте дамыған», - деді BI Civil Construction компаниясының директоры Виктор Богма.

Ылғалдындыру жүйесі тұрақты ауа температурасы мен ылғалын сақтап тұрады. Егер ғимараттың ішін салқындату керек болса, тұман болады. Әр өсімдікке тамшылап суару жүйесі тартылған.  

Әзірге өсімдіктердің күтімімен бірнеше маман айналысып жатыр. Оның біреуі - Минск қаласынан шақырылған. Ол өсімдіктердің ауруының алдын алумен айналысады.

«Бұл өсімдіктер Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінді.  Жеткізушілер негізінен Испания, Голландия мен Германиядан. Себебі, Еуропада ол нарық жақсы дамыған. Өсімдіктер әртүрлі жылыжайдан әкелінді әрі қандай да бір ауру таратпасы үшін мұқият тексерілді. Оларды жеткізу кезінде ешқандай қиындық болған жоқ, тек пальма ағашын әкелу қиынға соқты», - деді Виктор Богма. 

Ботаникалық бақтың оранжереясының біріне фикус, лимон, драцен, апельсин, папортоник, пальма және т.б. тропикалық мемлекеттерден әкелінген 1100 өсімдік отырғызылды. Екінші климатронды  960 суккулент «иеленді».  Олардың арасында әлемде сирек кездесетін коллекциялық кактустар мен гибридтер бар.

Сырттан келген бұл өсімдіктердің өсіп, бұршақ жаруы үшін бірнеше жыл керек. Мамандардың айтуынша, кейбір өсімдік бір жылда - 2  см, ал енді бірі әрі кетсе - 10 см ғана өсуі мүмкін.

«Әзірге астаналық бақтың оранжареясы қаптаған көбелектері немесе ерекше құстарымен мақтана алмайды. Алайда, ол уақыттың еншісіндегі нәрсе», дейді мамандар.

Ботаникалық бақ тек тұрғындар серуендеп демалатын жер ғана емес, болашақта селекциялық жұмыстар жүргізілетін зерттеу орталығына айналады.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар


БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх