• USD 366.5
  • EUR 422.9
  • RUR 5.63

Астана резиденттері

Үш мұхитты жүзіп өткен астаналық: Теңізді сағынғанда Есілде жүземін

08 қазан, 13:50111
Сурет Асхат Асылғазиннің жеке мұрағатынан Сурет Асхат Асылғазиннің жеке мұрағатынан

Асхат Асылғазин – «Есіл Астана» мекемесінің бас механигі. Бүгінде Астананың Есіл өзенінде қатынайтын кемелердің техникалық жағдайына жауапты бірден-бір маман. Одессаның теңіз академиясының түлегі өзінің теңізші мамандығының артықшылығы мен қызығы туралы Елорда Инфо тілшісіне айтып берді. 

Кейіпкеріміздің туған жері – Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы. Балалық шағы Ертіс өзенінің жағасында өткен. Айта кетейік, елімізде су көлігіне оқытатын екі оқу орны бар. Бірі – Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы Көлік және коммуникация академиясы, ал екіншісі – Семейдің көлік колледжі.

«Соңғысы Кеңес Одағы кезінде ең беделді әрі мықты оқу орны болды. Менің Одессаға барып оқуымның себебі – шетелден білім алып келіп Қазақстанда жұмысқа орналасу оңай болады деп ойладым. Әрі сырттан білім алып келген кадрларды қатты бағалайтыны жасырын емес. Сол уақытта телеарналардан «елімізде Ақтау ситидің құрылысы басталады, үлкен порт болады» деген жаңалықтар көп болды. Теңіз көру, портта жұмыс істеу  мақсатыма айналды. Осылайша, 2003 жылы Украинаның Одесса ұлттық теңіз академиясына оқуға түстім. Қазақстаннан бір жылда 12 бала бардық. Өзім Шығыс Қазақстанда Ертісті көріп өскеніммен, теңіз атаулыны бірінші көруім. Студенттік өмірім Қара теңіздің жағасында өтті», - деді кейіпкеріміз.

Теңіз академиясында оқып жүріп алып кемелермен саяхатқа шығып, тәжірибеден өтті. Алғашқы саяхаты өзі бұған дейін тек сериалдардан көрген Бразилиядан басталды.

«Академияда алты жыл оқып алғаш рет кемемен саяхатқа шықтым. 2007 жылы Одессадан Рио-де Жанейроға ұшып бардық. Қараша айында Одессада -5 градус. Жүннен тоқылған шұлық, қалың күртеше мен етік киіп алғанбыз. Әрі шетелге бірінші рет шығып тұрмыз, ең бастысы үлкен кемемен мұхитты алғаш жүзіп өтпекпін. Толқып жүрміз. Бірге оқыған 4-5 бала Лондон арқылы Риоға ұшып келдік. Күн қайнап тұр. +44-45 градус шамасында. Бұған дейін бұл елді тек бразилиялық сериалдардан көрген едік. Сөйтсек сериалдан да керемет екен. Өмірімде алғаш рет кемемен саяхатқа шықтым. 7 айға жуық уақытта дүние жүзін шарладық. Атлант мұхитынан Үнді мұхиты арқылы, одан Тынық мұхитынан Қытайға дейін жүзіп өттік», - деді ол.

Асхат жұмыс істеген кеме компаниясы жүк тасымалымен айналысатын ірі компанияның бірі болған.

«Өмірімде екі үлкен кемеде жұмыс істедім. Бірінші рет отырған кеме – «MINERAL VIKING» деп аталады. Үлендігі сонша Суэц пен Панама каналдарынан өте алмайды. Ұзындығы - 278 метр, ені – 45 метр. Судың астындағы ұзындығы 18 метр. Үлкендігін елестете беріңіз. Сонымен 188 мың тонна жүк тасыдық. Ол кемеге алғаш кіргенде талай адастық. Гректер, латыштар, филиппиндіктер, румын, болгарлардың арасында жалғыз қазақ болып мен жүрдім. Жалпы, академияда оқып жүргенде ұстадарымыз «Жүріс-тұрыстарың мен киімдеріңе мән беріңдер, сендерге қарап елдерің туралы ой-пікір қалыптасады. Өз ұлттарынды ұятқа қалдырмаңдар» деп айтып отыратын», - дейді теңізші.

Асхат Асылғазин жұмыс істеген екінші кеме «MINERAL LONDON» деп аталды. Оның айтуынша, теңізшілердің арасында «алғаш саяхатың қалай өтсе, бүкіл өмірің солай өтеді» деген дәстүр бар. «Қолдан келгенше, Қазақстанның атына кір келтіретін ерсі әрекет жасамауға тырыстық» дейді ол.

Екі алып кемеде тәжірибе жинақтап, Одессадағы оқудың соңынан магистратураны  аяқтаған соң Асхат елге, өзі туған Семейге оралды. 1,5 айлық үзілістен соң Атырауға барып Қашағанды салған «Құрманғазы» деген кемеде жұмыс істеген жалғыз қазақ болды.

«Теңізші болу екінің бірінің қолынан келмейді. Ол үшін төзім керек. Мысалы, күні бойы көлікпен жүре берсеңіз шаршайсыз. Ал кемемен жүзгенде одан да қиын. Таңертеңнен кешке дейін бір жерде болу қиын. Бұрын «жалаңаяқ жерді басып жүрсем өзімді жақсы сезінемін» деген адамдарды көргенде таңғалатынмын.  Сөйтсем, темірдің үстінде жүріп, суда жүзгеннің өз қиындығы бар екен. Біз еліміз үлкен деп жиі айтамыз ғой. Үлкен кемемен жүзіп жер шарын аралағанда дүниенің тар екенін түсіндім. Бір портқа барсам, менің  Юра деген группаласым жүр. Оңтүстік Африкадағы Салдан хэй деген портта дәл сол группаласымды кездестіремін деп ойламадым», - деді кейіпкеріміз.

Теңізші болудың бірнеше артықшылығы бар. Мәселен, олар шетелдік төлқұжатпен жүрмейді. Кеме қызметкерлері теңізші төлқұжатына ие болады, ол құжатпен кез келген елдің шекарасын визасыз кесіп өте алады. Сондай-ақ теңізшілердің арасында қатты сақталған жазылмаған заңдар бар.  Соның бірі жас теңізшіге кеме капитаны дайындайтын сынақ пен одан сүрінбей өтсе тағайындайтын марапат. Сондай сынақтың бірі - теңіз суын ішкізу.

«Жалпы, кемедегі ең басты проблема - ішетін ауыз су табу. Судың ортасында тұрып сусыз отыру мүмкін емес дейді ғой. Теңіздің суын тұзды болғаны сонша, оны ішу мүмкін емес. Теңіз суын тартып, фильтрлеп, одан соң қайнатып минерал қосып бірақ ішесің. Ал жас теңізшілер екі стақан теңіз суын ішсе бір сынақтан өткен болып саналады», - деді Асхат.

Бұған қоса, кейіпкеріміз атап өткен ерекше жайт – теңіздің қақ ортасында жүргеннің өзінде теңізшілер балықты тек бейсенбі күндері ғана жейді екен.

«Көптеген таныстарым, теңізші болған жақсы шығар, балықты күнде жейсің деп жатады. Бір қызығы, балықпен теңіз тағамдарын тек кесте бойынша бейсенбі күндері ғана дайындалатын», - дейді маман.

Теңізшінің жадында ерекше сақталған сәттің бірі Атлант мұхиты мен Тынық мұхитының қосылатын жерін көрген сәті. Екі мұхиттың арасында сызық бар. Алланың шеберлігіне таң қалмай қоймайсың деп еске алды ол.

Теңізшінің есінде қалған тағы бір естелік ол Малак бұғазы мен Балидегі пираттық аймақтан өткен кез. Кинодан көрген пираттар бір көздерін байлап, қолдарына қылыш ұстап жүрсе, заманауи пираттардың қолдарында автомат бар.

 

«Теңізде немесе мұхитта жүзіп жүргенде 3-4 күнде бір кеме көрсең туысқаныңды көргендей балаша мәз боласың. Білесіз бе, теңізді бір жүзіп өткен адам оны қайтадан аңсайды екен. Кәдімгідей суды аңсап, ауырасың. Мансап жасау үшін маған оқудан соң Украинада үйленіп, азаматтық алып қалу керек болды. Немесе елге қайтып осында еңбек етуім керек-тін. Мен соңғысын таңдадым. Менімен оқыған группаластарым қазір Украинада жақсы қызметтерге ие. Бір-бір бастық. Менің қазіргі жұмысым жаман емес. Өзіме ұнайды. Ең бастысы, өз кәсібім бойынша жұмыс істеп жүрмін», - деді ол ағынан жарылып.

Асхат Асылғазин Атыраудан соң Ақтау қаласында жұмыс істеп жүрген жерінен Астанаға шақырту алды. Қазақстанның кеме қатынасы тіркелімі деген мекемеге тұрып, бас-аяғы 3,5 жыл жұмыс істеп еліміздегі барлық су көліктерін техникалық тексеруден өткізді. Мемлекеттік қызметте істеп көрген соң қазір өзі еңбектеніп жүрген «Есіл Астана» МКҚК жұмысқа ауысты.

«Біздің мекеме Мемлекет басшысының бастамасымен 2008 жылы құрылды. Сол жылы Президенттің тапсырмасымен «Кеме жүзетін Есіл» жобасы іске асырыла бастады. Бұл жоба – білген адамға өте бірегей және өміршең бастама. Себебі, бұған дейін Орталық Қазақстанда кеме жүзетін өзен болған жоқ. Астананың кішкентай ғана өзені бүгінде алып теплоходтар қатынайтын өзенге айналды. Қазір елордаға сән беріп тұрған Есіл болса, сол өзенге өзгеше реңк беріп тұрған кемелері. Небәрі алты ай ғана жұмыс істесе де, мыңдаған адамның серуендеп, демалатын айшықты жерге айналды. Ағысы баяу, тереңдігі таяз өзенді теплоходпен аралау мүмкіндігі туады деп кім ойлаған. 2015 жылы Есіл өзені ресми түрде еліміздегі кеме жүзетін су жолдарының тізіміне енді. Бұл – зор жетістік», - деді ол. 

Әңгімеміздің соңында кейіпкеріміз теңізге деген сағынышын қалай басатынын айтып берді.

«Мұхит пен теңізді сағынбай тұра алмайсың. Қазір теңізді сағынғанда әйеліме теңіз тағамдарынан ас дайындатамын. Қайыққа отырып алып, Есілді бір-екі рет аралап шығам. Осылайша теңізге деген сағынышымды басамын», - деп түйіндеді бізбен әңгімесін Асхат Асылғазин.

Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 

Наверх