• USD 366.5
  • EUR 422.9
  • RUR 5.63

Мәдениет

Ұлттық музейде «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі ашылды

12 қазан, 09:4952
Автор: Elorda Aqparat

Польша Республикасының Гданьск музейі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірлесіп, «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесін ашты, деп хабарлайды Елорда Инфо музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марғұлан Баймұхан, Гданьск қаласынаң вице-мэрі Петр Войчук, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Мақсат Арғынбеков, К.Ақышев атындағы институттың директоры Марал Хабдулина және Ұлттық музей мамандары қатысты.

«Қос мемлекеттің Тәуелсіздік жолындағы тартысқа толы тағдыры бір-біріне ұқсайды. Сондықтан да болар, халықтарының түсінігі ортақ, ниеті бір. Қазақстан-Польша арасындағы бүгінгі достық қарым-қатынас екі елдің өзара сыйластығының көрінісі болса керек. Бұл көрме Польша Тәуелсіздігінің 100 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Польша Еуроодақ кеңістігіндегі «Алтын адам» әкелінген алғашқы мемлекет екенін атап өткен жөн», - деді Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марғұлан Баймұхан.

Өткен ширек ғасыр ішінде елдеріміз арасында қалыптасқан қарым-қатынас серпіні тараптардың Қазақстан-Польша ынтымақтастығын дәйекті түрде дамытуға ұмтылысын көрсетеді. Жыл өткен сайын қос мемлекет арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс барлық бағыттарда және оң нәтижелермен дамып келеді.

«Бұл шараның негізгі мақсаты – көрермендерді Еуразия Ұлы Дала белдеуінің мәдени мұрасымен таныстыру. Көрменің басты экспонаты – «Алтын адам» және «Сармат жауынгері». Сонымен қатар ХІХ-ХХ ғасырларға тән әйелдердің әшекей бұйымдары қойылды. Жалпы көрмеге ҚР Ұлттық музейі қорынан 298 экспонат ұсынылды», - деді өз сөзінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Мақсат Арғынбеков. 

«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының негізгі мақсаты – шетелдік көрермендерді ерте темір дәуіріндегі Еуразия Ұлы Дала белдеуінің мәдени мұрасымен таныстыру. Көрмеде ҚР Ұлттық музейі қорынан б.з. дейінгі VII-ІІІ ғасырларға жататын алтын бұйымдар коллекциясы мен Есік қорғанынан табылған сақ жауынгері толық киіммен таныстырылды.

Халықаралық көрме жобасының маршрутына ТМД, Азия, Еуропа және Америка елдері кіреді.

«Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі 2018 жылдың 10 желтоқсанына дейін жалғасады.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар

 

Наверх