Қылмыс және оқиғалар

Террористік топ мүшесі адам бастарының алдында тұрып, суретке түскен – прокурор

22 қазан, 23:4443
Автор: Elorda Aqparat
Фото: бейнежазба скриншоты Фото: бейнежазба скриншоты

Сириядан оралған содырлар сот алдында жауап бере бастады, деп хабарлайды Елорда Инфо КТК арнасына сілтеме жасап.

ДАИШ лаңкестік ұйымының құрамында болып келгендерге қатысты бірінші сот отырысында Сириядағы ұрыстарды басынан өткерген 14 адамның ісі қаралды. Олардың ересегі 50-ден асқан азамат болса, ең кішісінің жасы 22-ге енді толады. Ол осыдан төрт жыл бұрын ата-анасымен бірге Сирияға кеткен.

Бұл азаматтар мамыр айында «Жусан» операциясымен елге оралғаннан соң түрмеге қамалған. Алайда айыптау орындығында 13 адам отырды. Он төртіншісі ауыр жараланған. Денесінде төрт жарықшақ бар. Сотқа кереуетте жатқан күйі тікелей байланыспен қатысты.

Жалпы, оларға шетелдегі лаңкестік әрекетке қатысу, ұйымдастыру, терроризмге шақыру сияқты т.б. айып тағылды.

Өздеріне Аббас, Абдулхафиз, Әбу Абдолла, Бабай, Салих Медик секілді лақап атты таңып алған бұл 14 адам ауған жерінде арнайы әскери дайындықтан өтіп, Сирияда біріккен қазақ жамағатын құрып, ұрысқа араласқан.

Прокурор бір сағат оқыған айыптау актісінде бұдан өзге де ел естімеген оқиғаларды тізбектеді.

«Қазақстаннан барған адамдардың Сирия аумағында қарулы джихадқа қатысуға аса ниетті екенін, олар араб тілін және жергілікті жердің ерекшеліктерін білмейтінін, материалдық, моральдық көмекке мұқтаж екенін өз пайдасына шешкен Бекмырзаев оларды «Дауд жамағат» террористік тобының мүшелерімен біріктіріп, нәтижесінде 2013 жылдың күзінде Сирия аумағында «Біріккен қазақ жамағаты» террористік тобын құрып, оған басшылық еткен», – деді прокурор Еділ Мұрат. 

Прокурордың айтуынша, олардың көбісі сол жақта арнайы дайындықтан өткен. Оны өз тілдерінде «муаскер» дейді екен. Автомат пен гранатаны қолдану жолын үйреніп, қоян-қолтық  төбелеске машықтанған.

Ал прокурор Ақмола облысының тумасы Аманжол Жансеңгіровке қатысты жантүршігерлік айыптауларды айтты.  

«Өздері кәпір санайтын төрт адамның басын кесіп алып, қала көшелерінің біріне жұрттың үрейін тудыру мақсатында жеті тәулік бойы іліп қойған. Террористік топ мүшесі Жансеңгіров адам бастарының алдында тұрып, оның бірін аяғымен басып, қолына атыс қаруын ұстап тұрып суретке түсіп, ол ғаламтор арқылы көпшілікке тарап кеткен», – деді прокурор. 

Алайда сот алдына келгендер Сирияға барғанын, террористік ұрыстарға қатысқанын мойындағанымен, көп айыптаулармен келіспейтіндіктерін жеткізді.

Айта кетсек, осымен үш рет жүргізілген «Жусан» операциясының негізінде Сирия, Ирак сынды террористік ұйымдардың соғысы өршіп тұрған елдерден 600-дей отандасымыз елге жеткізілген. Оның 400-ден астамы – балалар. Соның ішінде ер азаматтарға қатысты алғашқы сот отырысы осылай басталды. Оның ұзаққа созылуы мүмкін екенін айтады мамандар. 



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх