• USD 385
  • EUR 434

Қоғам

Ветеринария саласындағы жемқорлыққа жол ашатын себептер айтылды

12 қыркүйек, 17:4261
Фото: 49.gov.ru Фото: 49.gov.ru

Жыл басында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесіп ветеринариялық бақылау және қадағалау саласында талдау жүргізді. Бүгін Агенттік алаңында департаменттің аға тергеушісі Данияр Биғайдаров сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін бірқатар себепті атап өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Негізгі проблемалардың бірі ББАЖ (басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі) және «Е-Лицензия» МДҚ-ның «электрондық үкімет» порталымен интеграциялануының жетілмегендігі және жоқтығы деп аталды. 

Бұл азаматтарға «ветеринариялық анықтама беру», «ветеринариялық паспорт бере отырып, ауыл шаруашылығы жануарларын индентификациялауды жүргізу», «мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау нысандарына ветеринариялық-санитариялық қорытынды беру» сияқты мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта алуға мүмкіндік бермейді. 

Бұл жағдайлар көрсетілетін қызметті алушының шенеунікпен тікелей байланысына әкеледі, кейіннен сыбайлас жемқорлық көріністеріне жағдай жасайды. 

Екінші себеп – ветеринарлық анықтама бланкілерін қатаң есепке алу көзделмеген. Бұл кез келген адамға баспаханада бланкілерге тапсырыс беруге мүмкіндік береді және олардың жалған жасалуына әкеледі. 

Бұл жағдай заңнамада ветеринариялық анықтамаларды беру есебін жүргізбеуге, яғни ақпараттық жүйелер арқылы олардың заңдылығын қадағалауға міндеттейтін нормалардың қарастырылмауына әкеледі.

Үшінші себеп – ветеринария саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысуға лицензия беру бойынша тиісті бақылаудың болмауы. Бұл тиісті бөлімдерге белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін объектілерге оң ветеринариялық-санитариялық қорытынды беруге мүмкіндік береді. 

Төртінші – мемлекеттік органдар мен ветеринариялық зертханалар арасында сараптама актілерін – сынау хаттамасын беру бойынша бірыңғай ақпараттық жүйенің болмауы. Сонымен қатар аталған мемлекеттік қызмет автоматтандырылмаған, бұл оны қағаз форматта, тікелей байланыс арқылы көрсетудің жалғыз тәсіліне әкеледі.

Сондай-ақ жануарлардың аса қауіпті ауруларының өршу және таралу қаупі олардың вакциянациядан өтпеуіне байланысты артады.

Аталған құқықтық және ұйымдастырушылық сипаттағы проблемалар жергілікті жерлерде ветеринариялық мамандардың дискрециялық өкілеттіктерін ұлғайтады, уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан бақылау мен қадағалаудың тиімділігіне ықпал етпейді. 

«Жалпы, егер халықаралық тәжірибеге жүгінсек, дамыған елдерде ветеринариялық бақылау функциялары өзін-өзі реттейтін ұйымдарды бақылау кезінде жеке секторға берілді. Нәтижесінде ветеринарлық дәрігерлер өз еңбегі үшін заңды түрде лайықты төлем алады және өз жұмысын сапалы орындайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені зерттеу қажет деп есептейміз. Аталған шараларды қабылдау осы саладағы сыбайлас жемқорлықты айтарлықтай қысқартады және ел нарығына жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттырады», – деп атап өтті жиында Данияр Биғайдаров. 

Азаматтардың құқықтары мен денсаулығын қорғау, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агенттіктің барлық өңірлік бөлімшелері осы айда атқарушы органдармен бірлесіп кеңестер ұйымдастыратын болады.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх