• USD 328.5
  • EUR 387.2
  • RUB 5.4


Қоғам

Сенімді серіктестік сапары

18 қаңтар, 09:16113
Автор: Elorda Aqparat
Фото akorda.kz сайтынан алынды Фото akorda.kz сайтынан алынды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ еліне ресми сапармен барды. Елбасы сапары АҚШ Президенті Дональд Трамппен жоғары деңгейдегі кездесумен басталды.

Қазақстан мен АҚШ Президенттері келіссөз жүргізіп, екіжақты қарым-қатынастың және халықаралық күн тәртібінің мейлінше өзекті мәселелерін талқылады.
Дональд Трамп ресми сапармен келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен АҚШ арасында қалыптасқан қатынастарға жоғары баға берді.
– Сіздің осында келгеніңізге қуа­ныштымын. Барша жұрт Сізге зор құрметпен қарайды. Екі ел арасында мықты қарым-қатынас жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау – зор мәртебе. Сіз еліңіз үшін шынында да іргелі істер атқардыңыз, – деді АҚШ Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Д.Трампқа алғыс айтып, оны АҚШ Президенті лауазымына сайлануының бір жылдығымен құттықтады.
– Сізді президенттік қызметіңіздің бір жылдығымен және экономикадағы зор жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына АҚШ-тың саяси қолдау көрсетуін біздің ел жоғары бағалайды. 26 жыл бойы Қазақстан АҚШ-пен достық қарым-қатынасты берік ұстанып келеді. Бүгінгі сапар сол серіктес­тіктің дәлелі болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты саяси және экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсетініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарының іскер топтар өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында орныққан қатынастардың маңыздылығы мен стратегия­лық сипатына тоқталды.
– Америка – Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі бойынша екінші орында. Тәуелсіздік жылдары ішінде сіздердің компанияларыңыз тарапынан Қазақстанға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Біздің елде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Біздің ірі серіктестеріміздің қатарында Шеврон, Эксон Мобил, Дженерал Электрик, Хэллибёртон және басқа да компаниялар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы екі жақ­ты қатынастардың кең ау­қы­мын қамтитын Ке­ңей­тілген стратегиялық әріп­тес­тік туралы бірлескен мә­лім­демені қабылдаудың ерекше маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту үдерісіне тоқталып, бизнес жүргізу үшін мемлекет тарапынан жағдай жасауға бағытталған шаралар жөнінде әңгімеледі.
Мемлекет басшысы Қазақ­стан экономикасын цифр­ландыру және өндіріске инновацияны енгізу барысына ерекше назар аударды.
Қазақстан Президенті америкалық бизнесмендерге арналған сөзінде агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторларды қа­тысуға шақырды.
Бұдан бөлек, Мемлекет бас­шысы еліміздегі жекешелендіру бағдарламасының іске асырылу барысы және «жасыл экономика» саласындағы жобаларды дамыту перспективасы туралы айтты. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халық­аралық қаржы ор­талығының ерекше мәртебесін атап өтіп, оның жұмысының алдағы жоспарларына тоқталды.
Қазақстан Президенті Дональд Трамппен жүргізген келіссөздің қорытындысы бо­йынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін өткізген брифингте Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны үшін Дональд Трампқа ризашылығын білдірді.
– Менің сапарымның нәти­жесінде Қазақстан-Америка қатынастарын кеңей­тілген стратегиялық әріп­тестік дең­­гейіне көтеру жөнінде ше­шім шығаратынымызға сенім­ді­мін. Осыған орай біз бүгін Астана мен Вашингтон арасын­дағы өзара қарым-қаты­настардың жаңа дәуі­рін бастайтын тиісті бірлес­кен саяси мәлімдеме қабылдадық, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен «5+1» форматындағы ынтымақтастығын нығайтуға қызығушылық танытатынын айтты.
– Қазақстан 2001 жылы АҚШ-тың терроризмге қарсы күресін белсенді түрде жақтады және қазір Ауғанстанда жүргізіліп жатқан үлкен жұмыстарға қолдау көрсетіп отыр. Америка әс­керінің Ауғанстанда болуы тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің ісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті келіссөздер ба­ры­сында Солтүстік Корея төңірегін­дегі ахуалға, сондай-ақ Вашингтон мен Мәс­кеу арасын­дағы қаты­нас­тардың күрделене түсуі­­не байланыс­ты мәселелер талқыланғанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев екі ел­дің экономикалық ынты­мақтастығының қазіргі мәселелері мен оларды нығайту перспективаларына да тоқталды.
– Қазақстанға АҚШ-тың ірі мұнай компанияларынан 50 миллиард доллар инвес­тиция құйылды. Бүгін біз ірі америкалық бизнес өкілдерімен дөңгелек үстелге қатысамыз. Онда 7,5 миллиард доллардан асатын сомаға 20-дан астам келісімшарт жасалатын болады. Сондай-ақ, біздің елде АҚШ аза­мат­тары үшін визасыз режім енгізілген. Соған сәйкес лайықты жауап болады деп үміттенеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамптың басшылығымен АҚШ-тың экономикалық дамуға қол жеткізіп отырғанына жоғары баға берді.
АҚШ Президенті өткізілген диалогтың маңыздылығын атап өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтас­тықтың страте­ия­лық маңызына тоқталды.
– Біз Сізді Ақүйде қа­былда­ғанымызға қуаныштымыз. Елдеріміздің өзара ықпалдас­тығына қатысты маңызды диалог өткізу мақсатымен бүгін бізге келгеніңіз үшін рахмет. Ширек ғасырдан ас­там уақыт бойы АҚШ Қазақстанды, мық­ты егемен әрі тәуелсіз елді, Орталық Азиядағы баға жетпес дос және стратегия­лық серіктес ретінде қарас­тырып келді, – деді Дональд Трамп.
АҚШ Президенті Қазақстан мен АҚШ-тың ядро­лық қаруды таратпау және өңірлік қауіпсіздікті нығайту ісіндегі бірлескен күш-жігерін атап өтті.
Дональд Трамп Ауғанстан мәселесін шешуге атсалысқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
Сондай-ақ, Дональд Трамп көршілерін құрметтейтін және өз тағдырын бақылауда ұстайтын Қазақстан сияқты елдермен АҚШ ынтымақтас­тықты нығайта беретінін айтты. Соңында Дональд Трамп Қазақстанды дамыту мен өркендету ісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін тағы да атап өтті.
– Мен Сіздің керемет басшылығыңыздың арқасында Қазақстан халқы қол жеткізген зор жетістікті көру мүмкіндігін асыға күтемін. Біз Қа­зақстанда жақсы, еге­менді және өркендеуге бағытталған болашақ болғанын қалаймыз. Дәл осыны әлемнің барлық бейбітсүйгіш халықтарына да тілейміз, – деді Дональд Трамп.
Қазақстан Президентінің ресми сапарының қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп Қазақстан мен АҚШ-тың ХХІ ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық әріптестігі жөнінде бірлескен мәлімдеме жасады.


Наверх