Қоғам

Нұр-Сұлтанда заңсыз тұрғын үй салған 14 компания жауапқа тартылды

06 қараша, 18:1831
Фото интернеттен алынды Фото интернеттен алынды

Бас қалада арнайы рұқсат жоқ құрылыс компаниялардан пәтер сатып алу жағдайы сақталып отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. 

«Құрылыс компанияларына тұрғын үй құрылысын салуға толық рұқсат үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін ғана беріледі. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдардан үлескерлердің мәселесін шешу мақсатында 125 рұқсат берілген. Оның 55-не рұқсат тұрғын үй қаңқасын тұрғызғаннан кейін берілді. Және 70 рұқсат 2 деңгейлі банктердің жобаларына қатысқан құрылыс компанияларына берілді. Бұл жүйе заңды жұмыс істейді. Дегенмен халық арасында тұрғын үй салу мен сатуға тиісті ережелерге сәйкес келмейтін компаниялардан сатып алу тенценциясы сақталып отыр. Әрине, олардағы тұрғын үйдің бағасы, рұқсаты бар құрылыс компанияларына қарағанда арзан. Дәлелмен сөйлер болсақ, өткен жылы заңсыз жолмен тұрғын үй сату айыбымен 16 құрылыс компаниясы, биыл 14 құрылыс компаниясы заңсыз қызметі үшін жауапқа тартылды. Одан бөлек, қазіргі күні 10 құрылыс компаниясына қатысты тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр», – деді А.Қайсағалиев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. 

Әкім орынбасарының мәлімдеуінше, жауапсыз құрылыс компанияларының алдауына түскен үлескерлер шығындаған ақшаларын қайтарып алу мақсатында қала әкімдігі сайты арқылы арнайы куәлікке ие бола алады. 

Бұған дейін елордадағы проблемалы құрылыстардың аяқталуына Ұлттық қордан 40 млрд теңге бөлінгені туралы хабарлаған болатынбыз.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх