Экономика

Нұр-Сұлтан – 2025: Қауіпсіз әрі инклюзивті қала болады

08 қараша, 16:4389
Автор: Elorda Aqparat
Сурет интернеттен алынды Сурет интернеттен алынды

ҚР Тұңғыш Президент – Елбасының тапсырмасымен «Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясы» әзірленді, деп хабарлайды Елорда Инфо

«Өздеріңіз білетіндей, биыл жазда Тұңғыш Президент – Елбасының тапсырмасымен біз «Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясын» әзірледік. Түрлі форум, дөңгелек үстел өткізіліп, пікір жинау және сауалнама ұйымдастыру арқылы талқылауға қала тұрғындарын тарттық. Елорда әкімдігі Астана экономикалық форумының аясында «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріндегі қалалар трансформациясы» панельдік сессиясын өткізді. Оның барысында мегаполистерді цифрлық трансформациялаудың өзекті мәселелері, олардың ресурс тиімділігі, сонымен қатар елорданың 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясы талқыланды. Әлемдік деңгейдегі сарапшылар қалаларды өзгерту үшін қажетті негізгі факторларды айтты», – деп жазды қала әкімінің орынбасары Асқар Амрин Facebook желісінде. 

Ағымдағы жылдың қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорымен және GFCC Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі жаһандық кеңестер федерациясымен бірлесіп, жыл сайынғы флагмандық іс-шара – GIS 2019 биылғы Жаһандық инновациялық саммитін өткізді. Онда Стратегияны Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов таныстырды. Халықаралық және отандық сарапшылар қала дамуының стратегиялық бағыттарын жоғары бағалады. 

Ағымдағы жылдың 8 қазанында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Астанабасжоспар» ғылыми-зерттеу жобалау институтына барды. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Президентке астананың негізгі инфрақұрылымдық жобалары мен әлеуметтік-мәдени дамуы туралы баяндады. Мемлекет басшысына «Қала дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиясы» таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев елорда басқа қалалар үшін үлгі болуы тиіс екенін, қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру үшін бәрін жасау керек екенін айтты.

Стратегияға сәйкес, жаһандық қалаға трансформациялау үш кезеңнен тұрады: 

– 2025 жылға дейінгі бірінші кезеңде қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және жайлы жағдай жасауға күш салынады. Қала барлық ауданда негізгі әлеуметтік игіліктер қолжетімді болатындай «шетсіз қала» қағидасына сәйкес келіп, қауіпсіз әрі инклюзивті болады; 

– 2020-2030 жылдар аралығында қалада жаңа салалар дамып, экономика құрылымында өзгерістер орын алады. Кез келген сыртқы және ішкі теріс әсерлерге қарсы тұра алатын «білім экономикасы» (креативті экономика) өсудің негізі болуы тиіс. 

– 2050 жылға дейінгі үшінші кезеңде қаланың халықаралық маңыздылығының өсуі қамтамасыз етіледі. Нұр-Сұлтан қаласы таланттар, қаржылар, тауарлар, кәсіби қызметтер мен ақпараттар ағыны тоқтамайтын толыққанды халықаралық хабқа айналады. 

«Стратегия жобасы салалық министрліктерге келісуге жолданды. Ұсыныстар мен пікірлер ескерілді. 2050 стратегиясының асқақ мақсаттарына қол жеткізу үшін қалалық әкімдіктің іс-қимыл жоспары ұсынылады. Ол аумақты дамытудың жаңа бесжылдық бағдарламасына негіз болуы тиіс. Қазіргі таңда іс-шаралар жоспарын қала басқармаларымен егжей-тегжейлі пысықтау жұмыстары жүріп жатыр. Стратегия аясында жүргізіліп жатқан жұмыс жөнінде сіздерді ұдайы хабардар етіп отырамын», – деп аяқтады А.Амрин желідегі жазбасын. 




Наверх