• USD 374
  • EUR 425.8
  • RUR 5.63

Астана резиденттері

Мысырға дінтануды оқуға кетіп, дайвер болған қазақ жігіті

11 қазан, 09:49259

Кейіпкеріміздің өмірі «Тақиялы періште» фильмінің желісіне ұқсас. Арай Сүлейменов өзіне анасының жар тауып беруіне рұқсат берген. Үйленгенге дейін 10 жыл шетелде тұрған. Шетелге дінтану мамандығы бойынша оқуға кетіп, қазақ үшін таңсық дайвер мамандығын игерген Арай бүгінде Астанадағы мұхитаралда жұмыс істейді.

Мысырдағы күнкөріс

Он жыл Мысырда тұрдым. 90-шы жылдары рухани бағыт бойынша қазақстандық студенттер шетелдерге барып оқыды. Мен Каир қаласындағы Әл-Азхар университетіне түстім. Бір жарым жылдан соң оқуды тастап қалаға қоныстандым. Халықтың менталитетін түсініп, тілін үйрену үшін солар сияқты өмір сүру керектігін түсіндім.

Жерорта теңізі мен Суэц каналындағы Саид портына жақын жерден үй таптым. Бастапқыда гид, одан соң тері мен май сатушысы болып жұмыс істедім. Ең қызығы, мен Еуразияда тұрып, Африкада жұмыс істедім. Күн сайын Суэц каналы арқылы бір материктен екіншісіне 15-20 минутта қатынадым. Кейін Қызыл теңізге келіп, гид, сатушы болып жұмыс істедім. 

Бірде туристермен бірге суға сүңгідім. Сол кездегі сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Сол кезден бастап осы іспен «ауыра» бастадым. Дайвинг курсына  барамын деп шештім. Оқып, шебер дәрежесіне дейін жеттім. Туристерді Мысырдың оңтүстігі мен солтүстігіндегі ашық теңізге экскурсияға апардым. Осылайша, өзіме өмірде ең қатты ұнайтын істің не екенін білдім.

Қызыл теңіз өте әдемі әрі табиғаты тыныш жер. Күн сайын су астына экскурсия жүргізіп жүріп он жыл уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей қалдым.

Елге оралу

Қазақстанға еңбек демалысына келдім. Біраз демалған соң қайтадан Мысырға кетемін деп ойладым. Алайда анам үйленіп, отбасын құру керектігімді, немере сүйгісі келетінін айта бастады. Мен оған екі айдың ішінде келін тапсаң үйленемін деп уақыт бердім. Сөзінде тұрды, өзіне келін, маған жар тауып берді. Қазір біздің екі қызымыз бар.

Үйленген соң Көкшетауда университетте араб тілінен сабақ бердім. Бірде Астанада мұхитарал ашылатыны туралы жаңалықты көзім шалды. Елордаға келіп сүңгуір-аквалангист болып жұмыс істей бастадым. Бұл 2003 жыл болатын. Теңізден бірнеше мың шақырым жерде болсам да, сүйікті кәсібіммен қайта айналыса бастадым.

Әрине, мұхитаралдағы жұмысым теңіздегі жұмысымнан біраз ерекшеленеді. Теңізде бар назарың туристерде болса, мұнда су астында мекендейтін жануарларда.

Кәсібім – нәсібім

Астананың мұхитаралында 3 миллион текше метр су мен шамамен 3 мыңға жуық жануар бар. Сондай-ақ біздің мұхитарал теңіз бен мұхиттан 3 мың шақырым жерде орналасқан.Бүгінде судың астында тоғыз адам: үш аквалангист пен алты сүңгуір жұмыс істейді. 

Теңіз жануарлары жаңадан келгенде біз оларға жолдан соң жаңа ортаға үйренуіне көмектесеміз. Кейбіреулерін тыныштандыру үшін дәрі егеді, себебі онсыз жолды көтеруі қиындайды. Себебі, олар табиғи ортадан жасанды ортаға келеді.

 

Менің сүйікті балықтарым көп. Соның бірі триггер-фиш деп аталады. Ол вертикалды, яғни тігінен жүзеді. Өзі кішкентай бола тұра аумағын акула, тұтасқанат пен мурена сынды ірі балықтардан қорғай алады. Сырт көзге балықтардың бәрі бірдей болып көрінуі мүмкін. Біз оларды түсі, жүзбе қанаты және мінезінен ажыратамыз. 

Біз мұхитаралдағы мекендеушілерді күніне екі рет тамақтандырамыз. Дүйсенбі сайын жеңіл тамақ беріледі. Басқа мұхитаралдарда жеңіл тамақ аптасына екі күн ұйымдастырылады. Бір мезгілде үш мыңға жуық балық пен басқа да жәндіктерге 30 келі балық жұмсалады. 

Періште мен көбелек сынды кішкентай балықтардың ауызы кішкентай болғандықтан, оларға 10-15 грамм тамақ жеткілікті. Ал үлкен балықтарға ірі бөлшектер үлестіріледі. Мұхитаралға келушілер акула сынды ірі балықтардың тамақтанғанын тамашалағанды ұнатады. Сол себепті, тамақты алдымен ірілеріне береміз.

Мұхитаралдағы ең қомағай жануарлар – тасбақалар. Олардың тұмсығы өте күшті. Әрі тамақты да жиі жейді. Кейде қасыңа келіп тамақ сұрап тұрып алады. Тастар мен маржандарды кеміріп тастауы ғажап емес. Тіпті, тамақтану кезінде  мінез көрсететіндері бар.

Біздің мекемеде бейнебақылау камералары орнатылған. Сол себепті, кез келген адам онлайн режимінде қосылып, су астында болып жатқан тіршілікті тамашалай алады. Су астында да джунгли заңы бар, жарықты сөндіргенде жыртқыштардың инстинкі оянады. Сәйкесінше күштілері әлсіздерін жеп қоятын кездер болады.

Көптеген жануарлар жасанды ортада көбейе алмайтыны белгілі. Алайда біздің мұхитаралда мысық тектес акула жұмыртқа шығара бастады. Жұмыртқаны карантиндік аймақтағы инкубаторға орналастырдық. Сөйтіп, акуланың жасанды ортада көбеюі арқылы Гиннес рекордтар кітабына ендік. Қазіргі күні мұхитаралда тұтасқанат, орлята, шаншар құйрық секілді 17 акула бар.

 

Су астындағы тіршілік иелерімен жұмыс істеу өте қызықты. Біз күн сайын 3-5 сағат су астында өткіземіз. 

Айта кетейік, Астананың мұхитаралы мұхит мен теңізден алыс жатқан жалғыз мұхитарал болғандықтан теңіз суын өзіміз қолдан жасаймыз. Тұз Израильдің Қызыл теңізінің жағасынан арнайы әкелінеді. Әр үш ай сайын мұхитаралдың суын жаңартып, бір тонна тұздан салып отырамыз. Біздің суымызда планктон болмағанымен, жәндіктерге пайдалы минералдар жеткілікті.

Жұмысым өзіме өте қатты ұнайды. Отбасым менің таңдауыма құрметпен қарап, қолдап отырады. Егер қыздарым мен сияқты дайвер болса, қарсы болмас едім. Негізі олар өзіме тартқан, экстримді жақсы көреді. Шетелде дайвер, аквалангист мамандығы кең таралған, ал біздің елде әзірше ол экзотика болып тұр.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар

 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх