Қоғам

Мұқтаж жандарға көмек тек заң аясында көрсетіледі – Алтай Көлгінов (видео)

20 қыркүйек, 19:47132
Автор: Elorda Aqparat
Фото авторы Василий Крась/Elorda Aqparat Фото авторы Василий Крась/Elorda Aqparat

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Сарыарқа ауданы әкімдігінде Open Akimat алаңының ашылуына қатысты, деп хабарлайды Елорда Инфо.   

Ашық әкімдік алаңының ашылуынан кейін азаматтарды жеке өтініші бойынша қабылдаған қала басшысы көпбалалы отбасылар мен көмекке мұқтаж жандардың мәселесі жөнінде журналистерге сұхбат берді.

Фото авторы Василий Крась/Elorda AqparatФото авторы Василий Крась/Elorda Aqparat

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қажеттіліктерге құлақ асушы мемлекет қағидаты бойынша бүгінде «ашық әкімдік» жүйесін құрдық. Мен аптасына екі рет азаматтармен жеке қабылдау өткіземін. Осыған дейін 350-ден аса адамды қабылдаппын. Бұдан бөлек, менің әріптестерім де тұрғындарды қабылдап, мәселелерін тыңдап жатыр. Сонда байқағаным, жұртшылықты мазалайтын сұрақтардың көбісі тұрғын үй, жұмыспен қамту, білім беру саласына қатысты. Жаңа оқу жылының қарсаңына қарай мектепке керек-жарақтарымен қамту бойынша көмек сұрап көп ата-ана келді. Былтыр да 1800 балаға көмек көрсетілген екен. Ал биыл біз 12800 баланы қамтыдық. Бұған дейін оқушыларға берілетін мектеп формасын әкелу жөнінде жеткізушілер арасында конкурс ұйымдастырылатын. Бірақ ата-аналар ол киімдердің сапасын ұнатпады, әрі кейбіреулерінің өлшемдері де дұрыс емес екен. Соны ескеріп, биыл тәртіпті өзгерттік. Әуелі «Атамекен» палатасымен бірлесіп, мектеп формасын тігетін отандық ұйымдармен сөйлестік. Одан соң ата-аналарға 30 мың теңгелік сертификатты табыстап, сол дүкендерге жөнелттік. Яғни, ата-аналар мен балалар әлгі дүкендерге барып, керек-жарақтарын өздері таңдап алу мүмкіндігіне ие болды», – деді ол. 

Сонымен қатар қала әкімі жаздан бері алаңға шыққан көптеген адаммен жұмыс жүргізіліп, олардың әрқайсысына көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.

"Адамдардың мәселелері әртүрлі. Ол күнделікті тұрмыстық мәселеден бастап баспанаға дейін ұласады. Бірақ қандай мәселе болса да, біз оларға бей-жай қарамаймыз. Мысалы, бір отбасындағы ерекше баланың күтіміне көмек қажет. Тағы біріне арба сатып алу керек, енді бірінің жұбайын жұмысқа орналастыру керек деген сияқты. Олардың көбісіне көмек көрсетіліп те жатыр. Алайда көпшілігін толғандыратын мәселе ол – баспана», – деді Алтай Көлгінов.

Бұл тұрғыда қала әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасының жүзеге асырылғанын айтты. 

«Бұл 2 пайыздық жеңілдетілген несиемен берілетін «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 312 отбасы баспаналы болды. Сондай-ақ мұқтаж жандарға 1000 сертификат табысталды. Жалпы, көмек көрсетіліп жатыр. Мұның бәрін жүйелендіру үшін «Жанұя» орталығы ашылды. Себебі мемлекеттің ең қымбат байлығы ол – отбасы», – деді қала басшысы.

Дегенмен әкім мәселелерін дәл қазір әрі осы жерде шешкісі келетін адамдардың да бар екенін атап өтті.

«Бірақ біз мәселені олай шеше алмаймыз. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 47600 адам үй кезегінде тұр. Егер біз барлық пәтерді айғай-шу шығарғандарға бере берсек, кезекте тұрғандарды ысырып тастай алмаймыз. Бұл әділетсіздік болады. Өйткені кезекте тұрған адамдар сол үшін жылдар бойы еңбек етіп, қаржы салып, үміттеніп келеді. Мемлекет те олар үшін тұрғын үйлер салып жатыр. Биылғы жыл соңына дейін 1600 пәтер тапсырылады. Оның 600-і әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты және көпбалалы аналарға, ал 1000-ы жұмыс істейтін жастарға беріледі. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес, келесі жылдан бастап қолжетімді баспананы 3 есеге көбейтеміз. Айғай-шумен мәселені шешу мүмкін емес. Сондықтан сабыр сақтау қажет. Ал мүлде жағдайы нашарларға демеушілер арқылы көмек көрсетіліп жатыр. Жалпы, біз мұқтаж жандарға көмек көрсетуден қашпаймыз. Бірақ барлық мәселе заң аясында шешілуі тиіс», – деді қала әкімі.

 



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх