• USD 363
  • EUR 413.3
  • RUB 5.5

Қоғам

Масқара, енді «Тимохаға» тойлауға барамыз ба...

21 мамыр, 10:18454
Автор: Elorda Aqparat
Фото: Reklamika Фото: Reklamika

Қазір еліміздің кез-келген қаласында көпшілікке арналған мекемелердің маңдайшасындағы сиықсыз, адам шошырлықтай атаулардан көз сүрінеді.  Ал көшенің бойында немесе нысандардың алдыңғы қапталдары мен асты-үстіне жапсырылған көптеген жарнамалардағы қазақша қателердің өріп жүргені өз алдына, ұлттық болмысымзға қауіп төндіретіндей мән-мағынасыз жазылған сөздер мен жүйкеге ауыр тиетін суреттердің де қаптап тұрғанын әр қадам сайын көзіңіз шалады. Тиісті органдар мен құзырлы мекемелердің мұндай бассыздықтар мен сорақылықтарға не себепті рұқсат беріп отырғаны тіптен түсініксіз?. Осы орайда, еліміздің бас қаласындағы бірқатар сұрықсыз көріністер туралы көтерген Астана ақшамы басылымы журналисінің жанайқайын Елорда инфо назарларыңызға ұсынады. 

Елорда – ел астанасы. Мұнда келген қонақтар астаналық мәдениет деңгейін көреміз деп келеді. Ол, әрине, көшеден, әрбір ауладан басталады. Күнделікті жүріп жүрген көшелердің екі қапталында орналасқан үйлердің астындағы бизнес нысандарының жарнамасына бір сәтке назар аударып көрдіңіз бе?

Оқырмандардың естерінде болар, осыдан біраз бұрын «Жағалаудағы» кондитер дүкенін «Неслипница» атаған креатив қожайынының қылығын түсінбей дал болғанбыз. Енді сол жағалауда «В гостях у Тимохи» сыраханасы ашылыпты. Тек бұл ма, «Клава, давай!», «Пива бар!», «Хмельная мельница», «Корова бар», «Сивий мерин», «Вобла», тағысын тағы құлаққа жағымсыз, мас адамның сандырағындай естілетін атаулар қаламызда қаптап кетті. Сиықсыз атауды көпшілікке арналған мекемелердің маңдайшасына ілуге кім рұқсат беріп жүргені белгісіз.

Қаламыздың көшелері бойындағы «ломбард», «нотариус», «әуе-темір жол билеттері», «шаштараз», одан қалды ірілі-ұсақты дүкеншелердің «айқайлаған» атаулары алыстан бадырайып, көзге ұрып тұрады. Бар болғаны бір адамның бизнесі қаланың сәнін кетіріп, жан-жағына жараспайтын жарнамасымен жалаулатып-ақ тұр. Қала басшылары шешім шығарып, осындай көше түгіл, үй сайын кездесетін кәсіп көздеріне ортақ логотип жасатып, неге біріздендірмеске? Сонда көп жазудан көз сүрінбей, керек адам ортақ логотипке қарап-ақ керегін тауып алар еді. Әйтпесе, бұл орындар тірлігі қайнап жатқан қат қызмет емес қой. Бизнеске бақылауды біз де қаламаймыз. Қаланың барлық тұрғындарындай кез келген бизнес иесінің де жауапкершілігі бірдей болуы тиіс. Әдептен озбай, қалай болса солай жарнама жасатып, қалауынша қасбеттерге орнатып, қаланың сәнін бұзуға ешкімге ерік берген жоқ. Қазақы мінезімізге тән емес жарнаманың бірі – «гинеколог» кабинеттері. Әрине, әйел денсаулығы аса маңызды. Бірақ жай ғана жеке бизнестің ем-шара орнын бадырайтып жазып қоюдың не жөні бар?

Бір анығы, олардың қолданыстағы Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Жарнама» туралы заңдылықтарды айналып өткені бесенеден белгілі. Аталмыш заңда мекеменің атауы қалай жазылу қажеттігінің арнайы ережесі бар. Оны елемейтіндерді, заң талабын орағытып өткендердің әрекетін жөнге салу – жергілікті атқару орындарының міндеті.

Одан асқандарға тек қалалықтардың өздері қалаған мәслихат депутаттары арнайы шешімімен тосқауыл қоя алады деп ойлаймын.

astana-akshamy.kz

Айгүл УАЙСОВА

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар

 

Наверх