• USD 367.4
  • EUR 423
  • RUR 5.63

Тұрғын үй алаптары

Көктал көркейіп келеді

12 қазан, 09:05257
Суретті түсірген автор Суретті түсірген автор

Елорда Инфо тілшісі Көктал елді мекеніне барып, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатын. Ендеше, Көктал туралы кеңінен біле жүріңіздер.  

Көктал – Сарыарқа ауданына қарасты елорданың іргесіндегі елді мекен. Көктал екіге бөлінеді: Н.Тілендиев даңғылының сол жақ бетінде орналасқаны - «Көктал-1», ал оң жағындағысы - «Көктал-2» деп аталады. Жалпы жер көлемі 3500 га құраса, тұрғындарының саны – 25 662 адам.

Ондағы балабақшалардың саны – үшеу. «Көктал-1» тұрғын алабында 240 орындық №39 «Меруерт» және №61 «Шолпан» балабақшалары жұмыс істейді.

«Көктал-2»-де №85 «Мейіржан» балабақшасы бар. Балабақша 200 орынға арналған. Мектепке дейінгі білім беру орнында 170 бала тәрбиеленіп жатыр.

Сонымен қатар бұл тұрғын алапта 3 мектеп орналасқан. «Көктал-1»-де №40 және  №41 орта мектептерде мыңнан аса оқушы білім алып жүр.

№68 мектептің ғимараты 2011 жылы 800 орынға арналып салынғанымен, қазіргі күні онда 1512 оқушы білім алуда. Мектепте 55 оқу кабинеті, екі спорт залы, Акт залы, 276 орындық асхана, 64 орындық кітапхана, 4 шеберхана, жылыжай, арнайы спорт алаңы бар. Айта кететін жайт, мектеп жанынан қосымша ғимарат салынып жатыр.

Елді мекендегі тұрғындарды «Кировская» отбасылық дәрігерлік амбулаториясы қабылдайды. Амбулатория ғимараты 1980 жылдары салынған. 2000 жылдан бастап аумағы бойынша Астана қаласына жатқызылып, жартылай жеке отбасылық дәрігерлік амбулатория негізінде қызмет атқара бастады. Қазіргі таңда амбулаторияда 30 қызметкер жұмыс атқарады.

Сондай-ақ елді мекеннің 3 спорт нысанында спортпен айналысуға жағдай жасалынған.

Мәдени ұйымнан 1999 жылы құрылған «Наз» мемлекеттік театры жұмыс істейді. Театрдың іргетасын қалаған – кәсіби хореографтар Еркебұлан мен Қадиша Ағымбаевтар. «Наз» театры республикалық және халықаралық бірнеше конкурстар мен фестивальдердің жүлдегері.

Театрдың жанында шағын саябақ салынған, онда денсаулықты нығайтуға арналған әртүрлі жаттығу құрылғылары орнатылған.

«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың күтіміне сапалы және кешендік қызмет көрсетуші мекеме.

Орталықта зейнет жасына жеткен, I және II топтағы мүгедектер мен ұдайы басқа адамның көмегі мен күтіміне мұқтаж жалғыз басты адамдар тұрады. Бұл мекеме 2007 жылы ашылды. Орталықтың аумағы 4,8 га.

«Мұндағы ең өзекті мәселенің бірі – жол құрылысы болатын. Биылғы жылы 9 көшенің жұмысын аяқтадық. Жыл соңына дейін 41 шақырым жол салынады. Сонымен қатар бұл аймақ қалалық кәрізге қосылып, орталықтандырылған жүйе болады. Келесі жылы газ тартылады деп отырмыз», - деді Сарыарқа ауданы әкімінің бас инспекторы Самат Топатаев.

Наверх