• USD 372.9
  • EUR 424
  • RUR 5.61

Қоғам

«Қараөткел» зираты жайлы қаншалықты білеміз?

17 қазан, 14:55361

Астанада автокөлікте немесе қоғамдық көлікте музыка бір сәтке өшіріліп, құлақтан құлаққаптар алынып, мұсылмандар бет сипап, дұға жасайтын бір орын бар. Көпшілігіміз оның зират екенін білгенімізбен, онда кімдер жерленгенін, оның тарихы қандай екендігін біле бермейтініміз рас. Елорда Инфо тілшісі осы зиратқа барып, шырақшымен сөйлесіп қайтқан болатын.

Қараөткел мұсылман зираты – елордадағы «Жастар» шағын ауданында орналасқан. Оның аумағы 18 га құрайды. Бұл – ертеден келе жатқан зират. Мұнда қазақ ұлтынан басқа, татар, шешен, ингуш секілді басқа да діні бір мұсылман ұлттар қойылған. Мұндағы құлпытастағы жазулар араб, парсы, төте жазумен жазылған. Ең бірінші жерлеу рәсімі 1609 жылы басталып, 1962 жылы зират ретінде жабылған. Содан бері бұл жерде жерлеу рәсімі өтпейді.

Қазірдің өзінде қорымда екі мыңдай құлпытас бар. Ал бұған дейін 10 мыңдай құлпытас болған. Құлпытастардың көбін Кеңес үкіметі кезеңінде 1948-1950 жылдары құрылыстың іргетасына қолданған екен.

Тарихшылардың зерттеуі бойынша бұл қорымда 1719-1738 жылдары Орта жүзді билеген Тәуке ханның ұлы Сәмеке хан жерленген деген деректер бар.

Және Самарқан, Бұхар, Қазан қалаларында туған қайраткерлер мен 4 шейх жатыр.  

Сондай-ақ осы зиратта Кенесары ханның 250 сарбазының жатқаны да анықталды. 1838 жылы Ақмола бекінісі болып тұрғанда Кенасары хан бекініске шабуыл жасап, үлкен шайқас болған. Сол шайқаста Кенасары әскерінің 200 сарбазы мен 50 сардары шәхид болған. Солардың басына қойған тас табылып, арабшадан кириллицаға аударылды. Ол тасты осы Ақмоланың кісісі Қайролла Сарымырза қойдырған.

Балуан Шолақ бабамыздың махаббаты, ғашығы Ғалия да осында жерленген. Ғалияға арнап шығарған Балуан Шолақтың атақты «Ғалия» әні бар.

Сонымен қатар, Смағұл Сәдуақасовтың зираты да осында қойылды. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлтжанды азамат Мәскеуде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Оның денесі өртеліп, сүйегі сауытқа салынып Мәскеудегі Дон зиратына қойылған еді. Оны Дихан Қамзабекұлы бастаған Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары елге әкеліп, осында жерледі.

«Зерттеу жұмыстары жүріп жатыр, әлі талай жаңалықтар ашылуы мүмкін. Көп тастарды оқу қиын болуда. Тастар ауыр болғандықтан жерге жартылай кіріп кеткен. Оларды қазып оқуға араб, шағатай тілдерінің мамандары қажет», - дейді зираттың шырақшысы Еренбек қажы Нағымбекұлы.

Зиратты 2012 жылы ұлты ингуш Микаил Гуцериев деген азамат өз қаржысына қоршау тұрғызып, қоршатқан. Ол Ақмола облысында туған. Осы зиратта оның атасы Саад Гуцериев пен екі ағасы жерленген. Оларды 1947 жылы жер аударып әкелгенде қыстың күнгі қатты аязда аш-жалаңаш адамдар суыққа шыдамай қайтыс болған.

Жақында көпес Баймұхамед Қосшығұловтың ұрпақтары медреседен ұстаз әкеліп, аталарының құлпытасын тауып, қуанып кетіпті. Олар шамамен қай жерде жатқандығын біледі, бірақ араб тілін түсінбегендіктен қай құлпытас екендігін білмеген. Баймұхамед Қосшығұлов қалада кондитер фабрикасын салып, конфет, шоколад, зефир, печенье шығарып тұрған көпес.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар

БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх