• USD 372.9
  • EUR 424
  • RUR 5.61

Қоғам

Қарақат сатып үй алдым: Астаналықтар жасыл белдеуден қалай ақша табуға болатынын айтты

15 тамыз, 15:402486
фотоны түсірген Талғат Аханов фотоны түсірген Талғат Аханов

Қазір Астанада жидек маусымы қызып тұр. Қалаға кірер және шығар жолдардың бойында шелек-шелек қарақат сатып отырған саудагерлерді көруге болады. Сатып отырған қарақаттары - бас қаланың жасыл белдеуінің жемісі. Елорда Инфо тілшісі Ильинка тұрғын алабының жанындағы «жеміс базарына» барып, орманнан несібесін тауып жүрген саудагерлермен тілдесіп қайтты.

Қаз-қатар тізілген сатушылардың ең егдесі өзін Есмағзам Мұңсызбайұлы деп таныстырды. Осы жердің ақсақалы. Қарақат сатып бастағанына биыл 15 жыл. Айтуынша, жидек сату ол - отбасылық кәсіп.

«Осы жерде қарақат теріп сатып отырғандардың алды 15 жыл, ал ең аз дегендеріне 2-3 жыл болды. Ебі барлар осы кәсіптен нәсіп тауып отыр. Тере алмайтындар көтерме бағамен бізден сатып алып, үстіне 100-200 теңге қосып өздері сатады. Көбінесе бұны отбасылық кәсіп деп айтамыз. Себебі, бір адамның қолы жетпейді. Бір отбасының 3-4 адамы бірігіп барып, теріп келеді. Тергендерін біреулер отырып сатады. Әрі кетсе бір-екі айлық жұмыс. Бірақ осы тапқан ақшаға біраз жан бағуға болады», - деді ол.

Саудагердің сөзінше, жидек сату – маусымдық жұмыс, әрі кетсе екі-ақ ай. Алайда соған қарамастан, қарақат сатып үй салып, көлік мінуге болады екен.

«Осымен жер алып, оған үй салып, көлік мінген адамдар бар. Істей білген адамға берекелі жұмыс. Өзім қарақат сатып тапқан ақшаға жер сатып алдым. Тәубә!», - деді ақсақал.

Бұған қоса, қария тақыр жерге орман салған қала билігіне риза екенін айтты.

«Мұндай керемет орманды салдырған Елбасымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Президенттің Астананың айналасын жасыл белдеуге айналдыру туралы идеясы өзін ақтады, халыққа зор пайдасын тигізіп отыр. Небәрі жиырма жылдың ішінде елорданы боран мен суықтан қорғап қана қоймай, күнкөріс көзіне айналды. Серуендеп демалуға таптырмайтын тамаша жер. Одан қалса қарақатын теріп сатып, ақша жасап отырмыз! Мен 15 жылдан бері осы орманнан несібемді тауып жүрген көп қазақтың бірімін ғой. Қасымдағы балалар мені осы жердің ақсақалы деп атайды. Жұмыссыз жүргендер, студенттер мен тіпті оқушыларға дейін келіп жұмыс істейді. Жазғы демалыста балалардың еңбектеніп, ақша тауып мектепке керек жарағын өздері тауып жатқаны қандай жақсы. Ата-аналарына қолғабыс болып жүрген бұларға қарап қалай сүйсінбейсің!?», деді ол.

Ақсақалдың қасында отырған көршісі Жәнібек есімді жасөспірімнің жасы 16-да. Айтуынша, бұл кәсіппен жеті жасында айналысып бастаған.

«Мен жеті жасымнан бастадым. Қазір жасым 16-да. Тоғыз жыл болды жыл сайын жазда жұмыс істеп, тапқан ақшаға қарындастарымды киіндіріп, бір жылға қажетті оқу құралдарын алып беремін», - деді Жәнібек.

Оның қасындағы бозбала өзін отырған саудагерлердің «әріптесімін» деп таныстырды әзілдеп. Аты-жөні - Тоқтаған Бақытжан.

«Осы жолдың бойында алғаш рет отырып қарақат сатқанда жасым небәрі 5- те болды. Қазір жиырмадамын. Осы аралықта оқуымды аяқтап, әскер қатарында борышымды өтеп келдім. Жұмыс қиын емес, бірақ оны істеу екінің бірінің қолынан келмейді. Өзіме ұнайды, таза ауада, табиғат аясында отырған. Ең бастысы, өз-өзіме бастықпын. Әкем, мен және інім үшеуміз істейміз. Жидек сатып, ақша жинадық. Жинаған ақшамызға үй салдық. Әр саудагердің бағасы әрқалай. Біздің тауарымыздың бағасы сапасына лайық», - деді ол ағынан жарылып.

«Жұмыс күндері сатушылардың қарасы 10-нан асса, демалыс күндері екі-үш есе көп болады», дейді жергілікті саудагерлер. Бұған дейін олар тауарларын Қорғалжын тас жолының бойында тұрып сатқан.  Күн сайын жүздеген көлік ары-бері өтеді. Биылдан бастап оларға жолдан сәл алшақтау арнайы жер белгіленіп берілді. 

«Орманшылар жағдайды түсінеді. Бірде-бір рет қуып немесе ақша жинаған емес. Бар айтатындары – орманда от жақпаңыздар және ағаш-бұталарды сындырмаңыздар деп ескертіп отырады. Бұған дейін біз трассаның бойында, жолдың шетінде отыратынбыз. Күн сайын жүздеген көлік зулап өтеді, орманшылар біздің қауіпсіздігімізді жасап осы орманға кіреберіс жерде отырғызды», - деді Тоқтаған.

 

Саудагерлердің айтуынша, бұл жерде жұмыс істейтіндердің көбі - Ильинканың тұрғындары.

«Ауылдың адамдары тіршілік көзін іздеп әрі-бері жүрдік. Ең бірінші рет өзімізге, үйімізге теріп әкелдім. Көршілерім көріп «әкеліп берсең сатып аламын» деген соң шындап кірістім. Бастапқыда бағасы бір шелегіне 1000 теңге болды. Қазір 3500-4000 теңге. Қызды-қыздымен 15 жыл өтіп кеткенін байқамай қалдым.  Қуантатыны, халық біздің еңбегімізді бағалайды. Келіп дәмін татып, сатып алып жатады. Тұрақты клиенттеріміз де бар. Жыл сайын келіп атымызды айтып, кейде қоңырау шалып «биыл жеміске шықтыңдар ма? Сататын жеміс-жидек бар ма?» деп іздеп жатады», - деді  Есмағзам ақсақал.

«Бәріміздің негізгі айналысатын кәсібіміз бар. Біріміз күзетте, біріміз мектепте мұғалім болып істейміз. Мына отырған балалар мектепте оқиды. Жидек маусымы кезінде жұмыстан демалыс алып, арнайы дайындаламыз. Тәуба, өзім осы жемістің арқасында жер алып, үй салдым. Алланың беріп тұрған несібесі ғой. Ешбір қоспасыз, сырттан әкелінбеген, өзіміздің топырақта өскен жеміс», деп түйіндеді сөзін ол.

«Астана Орманы» ЖШС бас агрономы Ардақ Хасеновтың айтуынша, бүгінгі күні жасыл белдеу аумағында 12 млн астам қайың, қарағай, терек, үйеңкі, емен сынды ағаш бар. Оның 1 млн 700 мыңы бұта. Қазіргі күні халық қарақатын теріп жүрген ағаштар жасыл белдеуге отырғызылған алғашқы өсімдіктер.

«Бүгінгі күні бұл орманда 726 310 түп қарақат ағашы бар. Олар 1998-2004 жылдар аралығында отырғызылды.  Орта есеппен бір ағаш 10 келіден өнім береді деп есептесек, жылына 726 3100 келі, яғни 7 мың тоннадан астам жидек беріп отыр. Қайта биыл көктем кеш шықты. Суықтан ағаштардың гүлдері үсіп кетіп, көп өнім бермеді. Бұрнағы жылдармен салыстырғанда биыл өнім әлдеқайда аз. Бірақ қарақат бәріне жетеді.  Біздің осыдан 4-5 жыл бұрын отырғызған бұталарымыз өсіп, әлі жас болса да биыл өнім бере бастады», - деді Ардақ Хасенов.

Айта кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын жасыл белдеуге оңтүстік өңірлерден алма мен алмұрт ағаштары әкелініп отырғызылған болатын.

«Эксперимент ретінде бірнеше жыл бұрын алма, алмұрт, шие отырғызған едік. Ол ағаштар өсіп жатыр, бірақ әлі көп жеміс бере қойған жоқ. Өскен күнде де орман қояндарынан артылмайды. Әсіресе алма ағашын ерекше қорғауға алдық. Қыста ол ағаштарды қамыспен байлаймыз. Қояндарды өлтіріп тастай алмаймыз. Орманда жануардың көп болғаны жақсы. Қазіргі күні бұл орманда қоянмен бірге түлкі, қарсақ, елік бар. Сонымен бірге 2010 жылдан бастап биылға дейін өзіміз 9883 қырғауыл өсіріп шығардық, оның 9633-ін орманға, яғни жасыл белдеуге жібердік», - деді бас агроном.

Орман ішін аралап жүргенде, жидек теріп жүрген адамдарды көп кездестірдік. Бірі сату үшін, енді бірі өздеріне теруге келген. Орманнан шығатын жолға бет алғанда бір отбасыны көзіміз шалды. Үш баласымен ата-анасы болып екі шелегін арқалап жидек теруге келіпті. Аты-жөнін айтуға ұялды ма, жазбай-ақ қойыңызшы деп өтінді.  

«Қаншама жыл Астанада тұрып осындай орман барын білмеппіз. Орман барын білсек те, онда ағыл-тегіл қарақат өсетінін, ең бастысы оны кез келген адам келіп тере алатынын енді білдік. Бірінші келуіміз. Бұдан былай жылда келіп тұратын боламыз», - деді олар.

Бір кездегі тақыр жерге бір-бірлеп отырғызылған жасыл белдеу қазіргі күні жел мен қардан пана болып қоймай, халық несібесін тауып жүрген құтты жерге айналды.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар

БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх