• USD 363
  • EUR 413.3
  • RUB 5.5

Руханият, Астанаға 20 жыл

Жүз жасаған астаналық ақсақалмен жүздесу

13 маусым, 09:53208
Автор: Elorda Aqparat

Елорда ардагерлерінің арасындағы жасы ең үлкені биыл 99 жасқа толды. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Петрович Горкин. Елорда Инфо тілшісі ғасыр жасаған ақсақалдың шаңырағына барып, онымен тілдесіп, атаның жүз жылдығына қандай сыйлық алғысы келетінін біліп қайтты.

Біздің кейіпкеріміз бір ғасырдың ішінде тарих бетіне таңба болып таспен басылған бІрталай кезеңнің куәсі болыпты. Жер аудару, ашаршылық, соғыс, соғыстан кейінгі кезең, тың игеру, қайта құру, тәуелсіздік, дағдарыс... бәрін рет ретімен баяндасақ...

Ресейдің Пенза жерінде 1919 жылы дүниеге келген ол тағдырдың жазуымен отызыншы жылдың басында қазақ жеріне қоныс аударды. Алматы облысындағы Лепсі ауылынан пана тапты. Балалық шағы ашаршылық нәубетімен тұспа-тұс келді. Ауыл адамдарының қамқорлығы мен кеншілігінің арқасында жұттан аман қалған. Балғын Александр ауылдың сегіз жылдық мектебіне барып сауат ашты. Сабағын үздік оқыған ол сегізінші сыныптан соң өзі оқыған мектептің екінші сыныбына сабақ берді. Балалығымен қоштасып үлгермеген бозбала бір жыл бойы екінші сыныптың сынып жетекшісі деген жүкті арқалады. Кейін осы еңбек өтілі соғыстан соң үйіне ерте қайтуына септігін тигізіпті.

Бір жыл «стаж жинаған» бала мұғалім білім алып, кәсіп игермекке Алматыға аттанды. Бар ойы техникумға түсіп, радио бөлімі мамандығы бойынша білім ала бастады. Техникумның төртінші курсында жүргенде әскер қатарына шақырту алып, екі жылға Отан алдындағы борыншын өтеуге аттанды. Сол кеткеннен ауылына жеті жылдан соң бірақ оралды. Себебі, әскерге Красноярск қаласына алынысымен  фин соғысына аттанды. Межелі екі жылы аяқталысымен елге қайтқалы отырғанда Ұлы отан соғысы басталды деген хабар жетті. Сөйтіп, елге қайтамын деп күн санап жүргенде Қиыр шығыстан бірақ шықты. Ауыр артиллерия сапында шабуыл нүктесін түзетуші болды. Артиллерияның қай тұсты шабуылдайтынын алдын-ала белгілеп, межелеп отырды. Польша, Белорусия, Кенигсберг пен Мәскеуді неміс әскерінен азат етуге атсалысты. Сондай-ақ, 9 мамырда Мәскеудің қызыл алаңында өткен жеңіс шеруіне қатысты.

Сарғайған суреттің сыры

Ардагердің үйіне барғанда төрде қойылған жауынгердің суретіне көзіміз түсті. Александр Горкиннің ерекше жақсы көретін заттарының бірі де, бірегейі осы екен. Суретте жасы жиырмадан асқан жігіттің сомдалған бейнесі көзге ұрып тұр. Ол - жауынгер Александр Горкиннің өзі. Ерекше болатыны  сол жауынгерді, яғни өзінің суретін өзі салған. Не себепті дегенге былай жауап берді:

«1943 жылдың басы-ау деймін, бір күні бізге шабуылдамақ болып отырған жау әскерін күтпеген жерден талқандап, шайқастан жеңіспен оралдық. Сол уақытта  одақтың түкпір-түкпірінен қыз-келіншектер майданда жүрген жауынгергерге хат жолдайтын. Ондағы ойлары ұрыс даласында жүрген жауынгерлердің рухын көтеріп, намысын қайрау. Сол кездегі идеология солай болды. Әйтеуір хат үзілмейтін. Кейбір хаттар жолданған иесіне жетпей жататын. Оның себебі, айтпаса да түсінікті...

Бірде командиріміз әдеттегі бір шабуылдан соң біздің көңілімізді көтермек оймен бірнеше жауйынгерге елден жеткен сәлемдеме мен хатты табыстады. Менің Қазақстаннан келгенімді білгендіктен, Алматыдан келген жалғыз хатты маған ұстатты. Кәмпитке ие болған баладай қуанғанымды көрсеңіз. Ол хатты Алматының медициналық училищесінде оқитын бір бойжеткен жазған екен. Өзі мейірбике болып жұмыс істейді. Хатына өзінің суретін қоса салған екен. Сол күні-ақ әлгі бойжаткенге жауап жаздым. Енді хатпен бірге сурет жіберуім керек. Ал менің бір суретім жоқ. Соғыс болып жатқанда суретшіні қайдан іздеп жүресің? Әрі-бері ойлана келе бір қолыма айна алып, екінші қолыма қарындаш алып өз суретімді өзім салып, оны бейтаныс бойжеткенге жібердім».

Соғыс табыстырған тағдырлар

Соғыс аяқталған соң оның майдандағы ерліктері мен бір жылдық ұстаздық өтілі есепке алынып және майданға дейінгі қызмет еткен қарулы күштер қатарынан мерзімінен бұрын босату туралы бұйрық шығып, Александр Горкин елге оралады. Алматыға келе сала екі жыл бұрын өзіне суретімен бірге хат жолдаған бойжеткенді іздеп тапты. Кездесуге шақырды. Алғашқы кездесуге бойжеткен жауынгердің майданнан салып жіберген суретін алып келіп, иесіне табыстады. Ол қыздың есімі Зинаида Виолин болатын. Сол күннен бастап екі жас бір-біріне серт беріп, сөз байласты. Шаңырақ көтеріп, үш бала сүйді, немере мен шөберенің қызығын көрді. 63 жыл бірге отбасылық өмірдің дәмін татқан. Бәйбішесінің өмірден озғанына биыл он жыл болыпты.

 «Сүйіктіммен кездескен алғашқы күн әлі есімде. Басқасын ұмытсам да ондай сұлуды алғаш көрген күнді ұмыту мүмкін емес», - дейді ақсақал марқұм қосағын еске алып.

Өмірінің саналы бөлігін сот саласына арнады

Алматыға оралған Алексадр жұмыс істеуге талпынады. Алайда не мектепті не техникумды жарытып аяқтамаған. Білімі болғанымен оны дәлелдейтін бір  құжаты жоқ. Бірде аяқсыз қалған оқуын жалғастыру үшін қайта қабылдауын өтініп, әділет органына барады. Сол жерде министрдің өзі қабылдап, екі бірдей соғысқа қатысып ерлік көрсеткенін естіп тәнті болады. Қысқасы, сол күні министрмен кездесуінен кейін Александр Горкин әділет министрлігінің мектебінің сырттай бөліміне оқуға қабылданды. Оқу оқып жүріп, әділет саласында жұмыс істеді. Дәлірек айтқанда, министрдің көмекшісі болды. Оқуын аяқтаған соң 1950 жылы жолдамамен Ақмолаға келді. Облыстық сот төрғасы атанды. Ақмола жерінде сот төрелігін жүргізген  судьяға жетекшілік етті.

«Жоғары сот пен қалалық сот ұжымы әлі күнге дейін шақырып, құрмет көрсетіп тұрады. Өмірімнің біраз бөлігін сот саласында арнадым. Қаншама шәкірт тәрбиеледім. Жаманды-жақсылы жұмыс істедім. Өзіме сеніп тапсырылған сенімді ақтадым деп ойлаймын. Ең бастысы адалдықтан аттамадым», - деді қария.

«Менің жасым жүзден асты...»

Бір қызығы, ақсақал өзінің жасын жүзден асты деп ойлайды. Көңілін сұрап келген адамдарға солай айтады.

«99 жасқа жеткен соң бір жастың арысы не, берісі не?! Жасы келген адамға жасының нақты нешеде екені маңызды емес. Ең батысы көтеріңкі көңіл күйде», - дейді ол.

Қариямен әңгімемізге араласқан ұлы Александр әкесінің жасы қалайша жүзден асып кеткенін айтып берді.

«Әкеміздің немерелері мен шөберелері басқа қалаларда тұрады. Тіпті, бірі Германияда, енді бірі Ресейде. Бұрындары көбінесе туған күнде және жаңа жыл мерекесінде жиналатынбыз. Анамыз қайтқаннан бері әр мерекеде жалғызсыратпайық деп жиі бас қосатын болдық. Жасы келген соң жады нашарлай бастады. Соңғы рет отбасымызбен 9 мамырда жиналғанымызда «тағы менің туған күнім бе?» деп күлдіргені бар», - дейді А.Горкиннің ұлы.

Балаларының айтуынша, әкелері 95 жасында Бурабайдағы сауықтыру орталығына жалғыз барып жүрген. Сондай-ақ күтушінің көмегінсіз Мәскеудегі жеңіс парадына барып қайтқан. Тек  соңғы екі-үш жылдың ішінде денсаулығы сыр беріп, бұрынғыша еркін жүріп тұра алмайды. Тіпті,  соңғы бір жылда үйден  аттап шықпаған екен. Себебі, екінші қабаттан түсіп-міну оңай емес. Бірақ оған қынжылып жатқан қария жоқ. Өйткені үйінен қонақ үзілмейді. Күн сайын қалын сұрап көршілері мен туыстары келіп тұрады. Теледидарда болып жатқан бағдарлама мен жаңалықтың бірін мүлт жібермейді. Арасында түрлі үкіметтік емес ұйымдардың еріктілері келіп, далаға шығуға көмектеседі. Сол кезде Астананың айшықты жерлерін аралайды. Өзінің сүйікті жерлері де бар. Ол қаланың ескі орталығы. Себебі, жалындаған ескі орталықтың әр тасы оның жалындаған жастығының куәсі болды.

Ұзақ жасаудың сыры  – көңілде

«Маған келген адамдардың бәрі сіздің ұзақ жасауыңыздың сыры неде деп сұрайды. Менің берер жауабым – біреу. Ол көңілде», - дейді қария.

«Мен не көрмедім? Ашаршылық, соғысты, қайта құрудың куәсі болдым. Ең бастысы тәуелсіздікті көруді бұйырды. Біз көрген соғысты бүгінгі ұрпақтың басына бермесін. Ұйқы мен көңіл тыныш болса, жүз емес одан да көп жасауға болады», - дейді күліп.

Алдағы жылдың сәуірінде қарияның жасы 100 толады. Жүз жылдығыңызға қандай сыйлық алғыңыз келеді деген сұраққа «Менде бәрі бар ғой. Маған керегі адамдармен сыйласып, араласып, әңгіме дүкен құру ғана. Басқасының бәрі бар» деп жауап берді.

Автор: Әсем БАТЫРБЕК

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар

Наверх