• USD 367
  • EUR 431
  • RUB 5.55

Қоғам

Жер астындағы Астана: сезім, музыка, сауда (ФОТО, ВЕДЕО)

17 мамыр, 09:02390

Елорданың өмірі тек жердің үстінде ғана емес, сондай-ақ жердің астында да қайнап жатыр. Дәлірек айтқанда, жаяу жүргіншілерге арналған жер асты өткел жолдарында. Астаналықтар үшін ол жерлер жолдың бір жағынан  екінші жағына өтумен қатар ғашықтардың бір-біріне сезімін білдіріп, суретке түсетін, концерт қойып, тіпті жанжалдарды шешетін орынның қызметін атқарады. Бүгінде Астанада төрт жер асты жолы бар, оны «мекендейтін» адамдардың айтуынша, ол жолдарды пайдаланатын адамдар әртүрлі, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. 

Айта кетейік, бір ай бұрын Астананың одан әрі дамыту мәселесіне арналған жиналыста Мемлекет басшысы Н.Назарбав елорданың жер асты жолдарын сынға алған  болатын. Нақты айтқанда Президент жер асты жолдарының техникалық жағдайына: сынған кафель, жарықтандыру нашар, жұлынған сымдарға наразы болып еді.

Осыған орай Елорда Инфо тілшілері Астананың жаяу жүргіншілерге арналған жер асты жолдарын аралап, елорданың астындағы өмірдің қалай қайнап жатқанын көріп қайтты. 

Құмарлық балалық емес

Астанадағы ең жас жер асты жолы  «Ханшатыр». Жас болатыны оның салынғанына небәрі төрт жыл болды. Онда көбінесе жастар жүреді. Жолдың бір жағында Ғашықтар саябағы. Бұл жерден көбінесе селфи жасап, суретке түсіп жатқан жастарды көп кездестіруге болады. Қабырғалары әдемі суреттермен безендірілген соң суретке түспей кете алмайсыз. Сондай-ақ қолдарына түрлі брендтік пакеттер ұстаған адамдарды да кездестіруге болады. Оның себебі «Хан шатыр» ОСО қол созым жерде болғандықтан шығар. 

Айтпақшы, бұл жер асты жолы сол жағалаудың өзі сияқты салмақты. Себебі онда ән айтып тұрған музыканттар мен қол жайып қайыр сұраған адамдарды кездестіре алмайсыз. Жолдың әр бұрышында бірнеше бейнебақылау камера орнатылған. Алайда ол бұзақыларға жер асты жолының қабырғаларын шимайлап тастауға және баннерлерді сындыруға бөгет бола алмады. Біздің фототілшіміздің нысанасына елорданың ең элиталы жер асты жолының кейпін бұзып тұрған бірнеше кадр түсіп қалды: мысалы, салбырап ашық жатқан сымдар, сынған плиталар. Бұған қоса, жер асты жолынан «Хан шатыр» сауда орталығына шығатын пандустың жағдайы көңіл көншітпейді. Мұндай ойға кішкентай баласы бар арбамен пандустан көтеріле алмай тұрған әйелді көрген соң келдік. Бірнеше талпыныстан соң әлгі әйел «көтерілгеніммен бәрібір қайтадан түсе алмаймын» деп, келген ізімен кетті. Жер асты жолы жастардың араларындағы дау-жанжалдарын шешетін орын ретінде де пайдаланылады екен. Мысалы, біз барғанда бір топ қыздардың дауласып тұрғанын көрдік. Сөздерінен ұққанымыз Атыраудан келген, бокстан өтетін чемпионатқа қатысу үшін. 

«Көшенің үні» 

Қаладағы ең тыныш жер асты жолы Республика даңғылы мен Бараев көшесінің қиылысындағы жол саналады.   Тыныш болатыны, белгілі болғандай бұл жолды шетелдіктер жиі пайдаланады. 
Жер асты болының жағдайы келесідей: сынған кафельдер мен қисайған пандустар. Алайда бұл көрініс «жергілікті» жұлдыздардың өнер көрсетуіне кедергі келтірмейді екен. Бұл жерде жиі келіп, ән салып ақша табатын жастар бар. 
Сондай әншілердің бірі өзін Үсен деп таныстырды. Астананың медициналық колледжінің түлегі. Екі жылдан бері елорданың жер асты жолдарында өнер көрсетіп жүр. Алғаш рет бойындағы үрейін жену үшін келген. Бүгінде ол қорқыныштың ұшқыны қалмаған. Тұрақты тындармандары бар, тіпті келіп тапсырыспен ән айтқызатындар бар. 

Астананың жер асты өмірі: музыка, қорқыныш және жанжал шешу


«Көбінесе ағылшын тілінде айтамын, тындармандар сұрағанда қазақ және орыс тілдерінде де айтам. Бұл маған не үшін керек десеңіз, ән айтқаннан ләззат аламын. Мен кәсіби әнші емеспін, бірақ ән салып шексіз қуанышқа бөленемін. Әрі осылай ақша табуға да болады. Көп болмаса да, тойып тамақ ішуге жетеді. Бұған қоса, жер асты жолдарының акустикасы өте жақсы», - деді Үсен Балташев.

  «Біз қайыршы  емеспіз!» - көше әншілері өздері туралы 

Қаладағы ең көне жер асты жолы Кенесары көшесінде орналасқан. Халық арасында «Конгресс холл» жер асты жолы деп аталады.

Бұл жерде әдемі сурет пен акустика жоқ. Бірақ ол өнерлі адамдарға ақша табуға кедергі келтірмейді. Ол жерден өтетін адамдар гитарамен ән салып тұрған жас жігітті кездестіре алады. Көпшілікке Азамат Артис деген шығармашылық лақап атпен белгілі. 

Бізбен болған әнгімесінде ол не себепті жер асты өткелінде ән салып жүргенін және ән салып ақшаны қалай табуға болатынын айтты. 

«Біз қайыршы емеспіз. Қол созып ақша сұрамаймыз, бар болғаны ән саламыз. Егер біздің әніміз адамның жанын тербетер болса, ол ақшаны тастайды. Қолымызға бермейді, жерге тастайды. Өз басым көңіл күйім болғанда ғана айтамын әнді. Онымен ақша табуға болады ма дегенг екелсек, әрине. Кешеден бері екі күнде мен 12 мың теңге таптым. Міне, мен осылай ақша табамын. Егер көшеде қайыр сұрап тұрған адамды көрсем бар тапқанымды соған бере салуым мүмкін. Бізді «бұл жерде тұруға болмайды» деп жиі қуады, айыппұл салмайды», - деді музыкант. 

Оның айтуынша, жер асты жолдарында ән салып танымалдыққа қол жеткізуге болады. 

 «Менің ойымша музыкант тек сахнада емес, басқа жерлерде де өнер көрсетуі тиіс. Көптеген музыканттар орындаушының образында қалуды жөн санайды. Себебі, көптеген адамдар танымалдыққа ие болған соң жұлдыз ауруына шалдығып, қарапайым адамдармен араласуын қояды. Менде сахнағаи шықпас бұрын үрей болды, сол қорқынышты жену үшін көшеде әрі жер асты жолдарында ән айтып бастадым», - деді ол. 

Музыканттың айтуынша дәл осы жолда іскер адамдар мен мас күйінде жүрген адамдарды жиі кездестіруге болады.

«Бұл жерде көбінесе жастар жүреді, себебі, Есіл өзенінің жағалауы бар. бірде кетіп бара жатқан бір адам менің гитарамды сындырып тастады. Еш себепсіз, сындырды. Сол сияқты түрлі жағдайлар болып тұрады. Айтарым, көбінесе мен ән айтып тұрғанда ғашықтар бір-біріне сезімдерін білдіріп, тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасайды. Тіпті, соған арнайы сценарий дайындаймын. Жер асты өткелінде ән айтқанның ерекшелігі неде екенін білесіз бе?  Өткен кеткен адамдар сенің өнерінді бағалайды, ұнатса ақша тастайды», - деді Артис. 

Базардың астындағы базар

Астананың жер асты өткелдері суретке түсіп, ән салу үшін емес, сауда жасау орындары ретінде қызмет етеді. Бөгенбай батыр даңғылындағы жер асты жолын кәсіпкерлерге сауда орындары ретінде бөлініп берілді. Бұл өткел елорданың екі бірдей ірі азық-түлік базарын байланыстырып тұр. Әлбетте, қолдарына сөмке ұстап әрі-бері ағылған халықты көресіз. 

Бұрындары бұл жерде жабайы саудагерлер көп жүретін. Нақты айтқанда заңсыз саудагерлердің тұрағы болған-ды. Өткен жылдан бері ол жерді жер асты базарына айналдыруды жөн санапты. Ең бастысы бәрі заңды.

Бізге базардың ішін түсіруге рұқсат етпеді. Ал сыртынан түсіруге ешкім тыйым салған жоқ. Нысанның тозығы жеткен:қабырғасы көгеріп, дымқыл тартып, үзілген сымдар мен сынған бетондарды көру үшін көрегендік керек емес, алайда, бұл жердің басты артықшылығы – пандусы.

Әрине ол пандуспен көтеріліп түсу үшін екі-үш рет айналып шығуға тура келгенімен, мүмкіндігі шектеулі жандар арбамен кедергісіз қатынай алады.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар

 
Наверх