• USD 372.9
  • EUR 424
  • RUR 5.61

Тұрғын үй алаптары

Жаңа саябақ, мешіт, бизнес орталық. Астананың болашақтағы құрылысы қалай дамиды?

12 қазан, 17:29398

Бас қаланың болашақта қалай салынаты туралы Елорда Инфо тілшісіне «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС-нің бас сәулетшісі Арсений Пирожков айтып берді.

Бұған дейін Астана әкімдігі жалпы ауданы 3300 гектар болатын қаланың болашақтағы құрылысының төрт перспективті аймағын бекіткен болатын. Сондай-ақ қаланың ескі бөлігін реновациялау бағдарламасы бекітілді.

Бірінші аймақ – Мыңжылдықтар аллеясы, құрылыс ауданы Бейбітшілік және келісім сарайынан жаңа «Нұрлы жол» теміржол вокзалына дейінгі аумақты қамтыды. Қазіргі күні Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы саябақ кеңістігі мен орталық аллеяның жобасына конкурс жариялады.

«Бұл қазір инвесторлар жұмыс істеп жатқан өте үлкен аудан: әрқайсысы жеке жоба жасап, сәулетшілермен жұмыс істеуде. Бұл аймақта жаппай құрылыс жүргізіліп, Нұржол бульвары сияқты болады. Бес жылдың ішінде біз көптеген өзгерістерді көретін боламыз», - деді бас сәулетші.

Оның айтуынша, инвесторлар тұрғын үйлер мен бизнес орталықтар салады.

Екінші аймақ Тұран даңғылының бойынша «Хан Шатыр» ОСО-ның артында «Жағалау» шағын ауданына дейін болады. Бұл аймақ Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдары арасындағы Астана Арена, Барыс Арена, Алау және «Сарыарқа» велотрегін қамтитын «Sport City» ауданымен қиылысады.

«Біз бұл ауданды «Sport City» деп атадық, себебі бұл жерде бірнеше спорт нысандары бар. Айта кетейік, бұл аймақ бульварлық айналымға дөп келеді, «Sport City» Ботаникалық бақ пен Кіші Талдыкөл көліне қарама қарсы орналасқан», - деді ол.

Талдыкөл және Кіші Талдыкөл көлдерінің аумағы алдағы уақытта абаттандырылады, бұл ауданның тұрғындары жағалауда серуендеп, саябақ пен гүлзарда демалу мүмкіндігіне ие болады. Қазір ол жерлерде саяжай телімдері орналасқан. Олардың орнына төмен қабатты жайлы ортаны қалыптастыру көзделген. Бірінші қабаттарында қызмет көрсету орындары, ал жоғары қабаттарында театр, галерея мен мейманханалар болады.

«Біз Майбалық көліне апаратын жол салып, аумағын Ботаникалық бақтың аумағымен байланыстырып, болашақта барлық нысанды соның бойында салу қажет деп ойладық. Бүгінгі күні аумақтың барлық жеріне спорт нысандары салынған, тұрғын үй алаптары жоқ. Сол себепті адамдар үнемі жүрмейтін жер жағымсыз, қарапайым тілмен айтқанда криминалдық сипатқа ие болады. Сол себепті оның аумағын адамдарға толтырып, тұрғын ауданға айналдыруды қалаймыз. Бұған қоса, біз бірінші рет бұл ауданның үйлерінің қасбеттеріне қатысты талап қоюды көздеп отырмыз. Бұған дейін біз олай істемеген болсақ, бүгін сол деңгейге жеттік», - деді сәулетші.

Бұған қоса, ол болашақта «Sport City»-де шамамен 10 мың адам тұратынын атап өтті.

Үшінші аймақ – Мәңгілік ел даңғылынан «Астана» халықаралық қаржы орталығына дейінгі аумақ. Бұл жерде үлкен саябақ пен жаңа мешіт салынады.

«Сәулет басқармасы бір жағынан Мәңгілік ел даңғылы, ал екінші жағынан Қабанбай батыр даңғылымен шектелетін саябақ жобасына байқау жариялады. Өлшемі жағынан ол Ботаникалық бақтан кіші болады. Сонымен бірге саябақтың жанында 15 мың адамдық жаңа мешіт орналасады. Қаладағы ең үлкен мешіт осы жерде болады», - деп қосты Арсений Пирожков.

Телман кентінде бой көтеретін төртінші аймақ елорданың полиорталығының бірі болады.

«Бұл жерде Керей және Жәнібек хандар көшесінің жалғасы ретінде жаңа көше бой көтереді. Ескі Тельман кентінің жанында жасыл желегі көп жаңа заманауи шағын аудан пайда болады. Яғни, ол қиылыстағы жинақы шағын аудан болмақ», - деді ол.

Қаланың дамуындағы жаңа вектордың бірі полиорталықтық. Тұрғындардың жайлылығы үшін елорданың оң жағалауындағы әкімдіктің жанында, Нұржол және Эксподан бөлек, бірнеше полиорталықтар қалыптасады.

«Болашақта полиорталықтарды вокзал, Бейсекова пен Қорғалжын тасжолы, Тілендиев пен Бейсекова көшелерінің қиылысы және Тельман кентінің аумағында жасауды жоспарлап отырмыз», - деді маман.

Бұл қаланың оң жағалауынан сол жағалауына қатынайтын көлік трафигін азайтуға мүмкіндік береді. Тұрғындарға сауда жасап, спортпен шұғылданып, көңіл көтеру үшін бір ауданнан екіншісіне барып жүру қажеттілігі болмайды.

Сәулетшінің сөзінше, С-409 көшесіндегі жаңа мешіттің ауданындағы жағалаудың құрылысы басталып кетті.

«Жаңа мешіттің ауданындағы жеке секторды күреу көзделген, бірақ бұл мәселенің шешімі инвесторларға байланысты. Жоспарда әдемі аймақтар, қалалық жағажай, өзен порты мен пирс салу көзделген», - деді ол.

«Астана бас жоспары» мекемесінің бұл жобаны жүзеге асыруы қалалық бюджетке байланысты, себебі өзен арнасын кеңейту жұмыстарын жүргізу қажет.

Арсений Пирожков қазіргі күні қала шекарасын шектеу бағдарламасы барын атап өтті.

«Жақында қаланың шекарасын игеру қаулысы бекітілді және енді біз құрылысты соның ішінде жүргіземіз. Қаланың ішіндегі апатты үйлерді күреуді көздейтін жоба бар», - деді сәулетші.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар

БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх