• USD 362.5
  • EUR 412.9
  • RUB 5.45

Мәдениет

Жалау Мыңбайұлының өмірі мен қызметінен сыр шертетін «Елім деп өткен ер Жалау» тарихи драмасы қойылды

17 қаңтар, 16:41532
Автор: Elorda Aqparat
«Елім деп өткен ер Жалау» тарихи драмасынан көрініс (Мұстафа Шоқай мен Жалау Мыңбайұлы) «Елім деп өткен ер Жалау» тарихи драмасынан көрініс (Мұстафа Шоқай мен Жалау Мыңбайұлы)

Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театры ордасында көрнекті мемлекет қайраткері Жалау Мыңбайұлының өмірі мен қызметінен сыр шертетін «Елім деп өткен ер Жалау» тарихи драмасы қойылды, деп хабарлайды Елорда инфо

Маңғыстау облыстық «Ақ жол – жастар» жастар қанатының ұйымдастыруымен Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театры ордасында көрнекті мемлекет қайраткері Жалау Мыңбайұлының өмірі мен қызметінен сыр шертетін «Елім деп өткен ер Жалау» тарихи драмасы қойылды. Драма авторы, жазушы-драматург Өтен Ахмет. Қоюшы режиссер – Әлия Исаева.

Жалау Мыңбайұлы кім еді? Қарапайым арбекештен Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметіне көтерілген шығарма кейіпкері қысқа ғұмырында қазақ үшін көп іс тындырып кетті. 1917 жылдан Маңғыстау уездік кеңесінің мүшесі болып, сол жылы желтоқсанда Түркістан (Қоқан) автономиясын Маңғыстау өңірі адайларының қолдайтындықтарын білдіру мақсатында Қоқанға барды. Мұстафа Шоқаймен сол жолы танысып, Алаш қайраткерін 1919 жылдың көктемінде Каспий теңізі арқылы шетелге өткізіп жіберді.

Қос қайраткер тұлғасын аша түсу үшін төмендегі диалогты келтірейік. Одан Мұстафа Шоқайдың Жалауды тұлға деп танығанын, шын риза болғанын байқаймыз.   

Жалау: - Мен, Мұстеке, айқайшыл ұрандарға емес, жүрегіме жүгінем, алдымен жүрегімнің үнін тыңдаймын. Тап қазірдің өзінде қапымды аңдып, жолымды торыған жауым барын біле тұра, жүрегіме жүгініп, тәуекелге бел буып, сізге жәрдем беруге  келіп тұрмын.  

Мұстафа Шоқай: - Турасың, беттісің, Жалау інім. Сенің бұл мінезіңді сыртыңнан біраз бағып байқағам. Жансауғалап қашқан бишара лақ қасқыр апанына секіріп кетіпті. Бірақ қасқыр оны жемепті.

Жалау: - Мен қасқыр емеспін. Сіз, әрине, лақ емессіз. Мен бойында ұлттық қаны бар жай ғана бір қарапайым қазақ баласымын.

Мұстафа Шоқай: - Қазақпын дедің – ау, інім. Осы ғой біздің бәрімізге  керегі...  Халқы мен елінің алдындағы өзінің перзенттік парызын анық түсінген, қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дүйім жұртының ардақ тұтар азаматы болып қала бермек. Сіз солардың қатарынан екенсіз, інім...

Жалау Мыңбаев ұлт мүддесін қорғау жолында қазақты ашаршылық пен қырғынға ұшыратқан Филипп Голощекинмен тартысып өткені де тарихтан белгілі. Драматург шығармасында оны былайша келтірген:

Голощекин: - Мені мұнда надан қазақтардың тілін үйрен, тұрмысын көр, үстерінде өріп жүрген битін сана деп жіберген жоқ. Орталықтың, партияның саясатын жүргіз деп жіберді.

Жалау: - Қанды қол, не тантып тұрсың?

Голощекин: - Не? Не дедің?

Жалау: - Қолыңа қара деймін. Қолың қан сенің...

Голощекин: - А... вот оно что! Иә, мен қатын, бала-шағасымен қосып Николай патшаны өлтірдім. Ленин өзі тапсырғасын. Иә, солай, халықты қанап, қанын сорып келген жауыздың жанын жаһаннамға жібердім.

Жалау: - Патша халықты қанаса, сен тігерге тұяқ қалдырмай тонап кетпексің. Елді аштан қырмақсың ба?..

Жалау Мыңбайұлынан қазақ әндерін зерттеуші Александр Затаевич «Ақтан», «Ақбөбек», «Жуас қоңыр», «Қараторғай» деген төрт әнді жазып алды. Осынау тұлғаның бейнесі театр сахнасынан көрінгені де өте дұрыс болды. Себебі, 1926 жылдың қаңтарында қазақтың тұңғыш ұлттық драма театрын (қазіргі М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры) құру туралы қаулыға дәл осы Жалау Мыңбайұлы қол қойды.

Жалау Мыңбайұлының өмірі мен қызметіндегі осындай сәттерді автор шығармасында жақсы қамтыған.

«Оқушылар мен студенттерден құралған әртістерді әуесқой деуге келмейді. Олар күрделі тақырыпты жақсы меңгеріп, образдарды кәсіби деңгейде сомдай алды. Драма соңында қара киімді, қара ниетті көлеңке төменде қалып, ақ киімді ер Жалау тұғырына көтерілді. Бұл өте дұрыс режиссерлік шешім болды», - деді көрермендердің арасында болған филология ғылымдарының кандидаты, Алаш арыстарының бірі Қошке Кемеңгеровтің шөбересі Қайырбек Кемеңгер.      

 Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Наверх