Қоғам

Елордада қазақ тілін насихаттайтын жаңа бастама қолға алынды

20 қыркүйек, 21:05137
Автор: Elorda Aqparat

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «MENİŃ TİLİM - ULY DALA RÝHY» ХХІ қалалық тіл фестивалінің аясында «TİL-AMANAT» акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Акция «Руханият» орталығының  алдында бастау алды. Іс-шараның мақсаты – қоғамдық-көпшілік орындарда қазақ тілін насихаттау. Оның  қолданыс аясын қоғамның барлық саласында жан-жақты кеңейту. Көпшілікке «Тіл мерекесін», «Тіл фестивалін» паш ету және олардың маңыздылығын түсіндіру. Шара барысында бір топ белсенді жастар қаламыздың тұрғындары мен қонақтарын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің атынан қалалық тіл мерекесімен құттықтап, домбырамен ән салып, көркемсөз оқып, көпшілікті қазақ тілінде сөйлеуге, туған тілге құрмет көрсетуге шақырды.

Сонымен қатар, тұрғындарға тіл төңірегінде интеллектуалды сұрақтар қойып, белсене қатысқандарға, ән шырқап, өлең оқыған, тіпті, күй тартқан таланттарға ұлттық нақышта безендірілген қоржындар табысталды. Акцияның негізгі бөлігі қоғамдық көліктер мен аялдамаларда, сауда орталықтары мен көпшілік көп жүретін орындарда өтті.

 «Іс-шараның басты мақсаты қала халқына мерекелік көңіл-күй сыйлау, ана тілімізді құрметтуге шақыру. Қаламыздың белсенді жастары халық көп шоғырланған орындарда жұртшылыққа жырдан шашу шашып, түрлі сұрақтар қояды. Белсенді тұрғындарға естелік сыйлықтар табысталады. Жалпы бұл 10 мыңға жуық қала тұрғынын қамтиды деп жоспарлап отырмыз. Бұл тіл айлығының қарсаңында іске асып жатқан акция. Жалпы фестиваль 30 қыркүйек күні Бейбітшілік және келісім сарайында гала-концертте қорытындыланады», - деді «Руханият» КММ басшысы Ержан Еңсебай.




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх