• USD 385
  • EUR 434

Экономика

Елордада «Кәсіпкер ана» жобасы іске қосылды

12 қыркүйек, 19:2067
Автор: Elorda Aqparat
Фото: 24.kz Фото: 24.kz

«Жанұя» отбасылық қолдау орталығында «Кәсіпкер ана» авторлық әлеуметтік жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Кәсіпкер ана» жобасына көп балалы және жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған аналар мен тұрмысы төмен әйелдер қатыса алады. Жобаның барлық кезеңінде бизнес тренерлер, кәсіпкерлер, сарапшылар, шеберлер шақырылады. Оқу ұзақтығы мамандық түріне қарай 1-3 ай аралығында болады. Бұл – маникюр, педикюр, хейр, мейкап, шугаринг, массажға үйрететін бьюти индустрия; аспаз, кондитер, кулинария, шоколатье бағытында оқытатын foodиндустрия; графикалық дизаин, копирайтинг, СММ менеджментін меңгертетін IT индустрия бағытындағы мамандықтар.

«Жас кәсіпкерлер кеңесі» қоғамдық ұйымының төрайымы Айнұр Әмірхан жобаның «Жас кәсіпкерлер кеңесі» қоғамдық ұйымының бастамасымен дүниеге келгенін, мақсаты үйде отырған әйелдерге де кәсіби мамандар сияқты қомақты қаржы табуға мүмкіндік жасау екенін айта келіп, өзі негізін салған «Алай Фуд» жартылай фабрикаттар компаниясының тәжірибесінен де мысалдар келтірді.

«Бұл жобаға қатысушы кез келген әйел өзінің ас пісіру, іс тігу, қолөнер бұйымдарын жасау сияқты қабілеттерін ұштап, оны дамыта отырып, фрилансер ретінде (шаш қию, суретке түсіру, дәмді ас дайындау т.б.) еңбек етіп, ай сайын 200-300 мың теңге пайда табуына болады. Сонымен қатар жаңа бизнесін жүзеге асырып, 505 000 теңге көлемінде грант алатын мүмкіндігі де бар. Бұл мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі бізге үлкен қолдау білдіріп отыр», – деді Айнұр Әмірхан.

Оның айтуынша, грантқа ие болатындардың саны шектелмейді. «Кәсіпкер ана» қоғамдық ұйымы еңбек етіп, кәсіп ашқысы келетін әйелдерді өз ресурстарымен оқытады,  коучинг, тренингтер өткізіп, ақысыз білім береді. Жұмсақ ойыншықтар тігетін, торт пісіретін әйел адамдарға өз өнімдерін сатуға да көмектеседі.

«Біз алдымен өтінімдерді қабылдап, әңгімелесіп көреміз. Екінші кезең бойынша қатысушының қабілеті мен мүмкіндіктерін саралау үшін коучинг сессия өткіземіз. 3-кезеңде күндізгі теоритикалық тренингтерді ұйымдастыру маңызды орында. Бұдан әрі мамандығы бойынша білім алған әйелдің өз кәсібін бастап кетуіне көмек беріледі. Біздің ойымызша, бұл жоба әйелдер кәсіпкерлігіне серпін беріп, олардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсартуға септігін тигізеді», – деді «Жас кәсіпкерлер кеңесі» қоғамдық ұйымының төрайымы.

«Кәсіпкер-ана» жобаға қатысу ниеті бар әйелдерді «Жанұя» отбасылық институтты қолдау орталығы күтеді.

«Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Әйгерім Тәңірбергенова жоба таныстырылымына жиналғандарға «Жанұя» отбасын қолдау институтының әйел-аналарға қолдау көрсетудегі жұмыс бағыттары туралы айтты. Оның сөзінше, «Жанұя» орталығында ХҚКО және БЖЗҚ орталықтарымен бірге, әйелдерге құқықтық, алимент мәселесін шешуге кеңес беретін арнайы мамандар тартылған. Сонымен бірге қыз-келіншектердің сұрақтарына жауап беретін психолог кабинеті де жұмыс істейді. Сондай-ақ  Әйгерім Тәңірбергенова «Жас кәсіпкерлер кеңесі» қоғамдық ұйымының «Кәсіпкер ана» жобасының да қыз-келіншектерді қолдап, олардың өз  кәсібін ашуына көмегі тиетініне сенім білдірді.

Жадыра ШАМҰРАТОВА



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх