• USD 385
  • EUR 434

Қоғам

«Екі сиырмен күн көруге бола ма?» – Сапарбаев жауабы

26 тамыз, 13:432814
фото авторы Сұлтан Сейітов фото авторы Сұлтан Сейітов

Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев соңғы күндері қоғам талқысына түскен «Екі сиырмен күн көруге бола ма?» сауалына жауап берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Еңбек етсе екі сиырмен де күн көруге болады. Бәріміз негізінен ауылдан шықтық қой. Бір сиырмен де, екеуімен де күн көруге болады. Ол үшін сиырға да жағдай жасау керек. Шөп-жем жоқ деген әңгімелер толып жатыр. Бірақ жоқ дей берсек ол жоқ бола береді. Ешкім ешкімге барып шөп-жемін әкеп бермейді. Біздің жеріміз де, ондағы шөбі мен суымыз да жеткілікті. Оған тек әрекет жасау керек. Сиырдың жағдайын жасаса ол күніне кем дегенде 7-8 литр сүт береді. Оның 2-3 литрін пайдаланса, қалғанынан май да, құрт та, айран да жасауға болады», – деді Бердібек Сапарбаев астанадағы «Жанұя» орталығының ашылуында.

Вице-премьер сөз арасында «екі сиыр» әңгімесінің түп төркіні жұмыс істеуде екенін ерекше атап өтті.

«Бұл сөздің негізгі мәні халықтың жұмыс істеуінде. Жұмыс істемесек болмайды. Дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деп айтып жатырмыз. Ол үшін он екі мүшесі сау адам жұмыс істеуі керек. Жастарымызды, әсіресе ауылдағы жұртты жұмысқа үйретуіміз керек», – деді вице-премьер.

Бердібек Сапарбаев сөз арасында «Жанұя» орталығына келген отбасылар өзара әңгімелесіп, пікірлесуі, тәжірибе алмасуы керектігін айтып өтті.

«Ең бастысы отбасылық, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауымыз керек», – деп ойын қорытты Үкімет басшысының орынбасары.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх