• USD 362.5
  • EUR 412.9
  • RUB 5.45

Қоғам

Дәрі-дәрмек бағасын төмендету үшін өзіміздің кәсіп­орындарға үлкен қолдау керек

18 қаңтар, 11:46171
Автор: Elorda Aqparat

Бүгінде елімізде 8 мыңға жуық дәрі-дәрмек тіркелген. Олар 10 мыңға жуық жекеменшік дәріханаларда сатылады. Күні кеше созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне және артериалды гипертензияға тағайындалатын мөлшері 25 мг «Карвидил» препаратының бағасы елордалық «Гиппократ» дәріханасында – 2920 теңге, «Цветнаяда» – 3510, «Eurofarma» дәріхана желісінде – 3176, ал «Биосфера» дәріханасында 3310 теңгеден сатылып жатыр.

Жыл басында дәрі-дәрмек бақылауына қатысты жаңа жүйенің артықшылығы туралы жарияланған болатын. Ол бо­йынша 2018 жылдан бастап дәрі-дәрмек бағасы барлық дәріханаларда бірдей болады әрі ведомстволық орган тарапынан бақылау орнайтынын айттық. Дәл осы мәселені реттейтін жүйе қолға алынады дегенде, ең алдымен, қарапайым халық қуанды. Әзірге баға саясатының бірдей емес екені анық. Бірақ жылдың жаңа басталғанын ескерсек, бұл мәселе көп ұзамай бір жолға қойылады деген үкілі үмітіміз бар.

Әрине, препараттардың көбі шетелден тасымалданатындықтан, өндірушіден дистрибьютерге, одан дәріханаға жеткенше бағасы шарықтап, қарапайым халыққа қымбат түсетіні белгілі. Десек те, түрлі сылтаумен бағаны көтеріп жіберетін фирмалардың ұпайы түгел.

Бюджет қаржысы үнемделе ме?

Жалпы, Қазақстанның фармацевтикалық нарығы өткен жылы 458 млрд теңгені құраған. Оның ішінде бірыңғай дистрибьюторлардың үлесі – 115 млрд теңге. Алайда қаржыны жеткілікті түрде бөлген сайын, қолдан жасалған қордаланған проблемалар көп. Нақты мысал келтірсек, амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде жергілікті атқарушы органдар осы уақытқа дейін бір дәріні түрлі бағада сатып алып келген. Мәселен, артериалды гипертензияны емдейтін 5 мг дозалы «эналаприл» дәрісінің қолжетімді бағасы 60 теңге бола тұра, әр өңірде 100 теңге мен 240 теңге аралығында сатып алынған. Егер бәріне бір баға белгіленсе, мемлекеттік сатып алу кезінде бюджет қаржысы 60 пайызға дейін үнемделеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің өзі мәлімдеген еді. Қысқасы, министрдің өзі айтқандай, бұл саладағы мәселелерді төрт топ­қа бөлуге болады. Біріншісі – экономикалық қолжетімділігі. Яғни бағаның қымбаттауы және көтерме-бөлшек сауда кезіндегі жүйенің бақылаусыздығы. Екіншісі – сапасыз дәрі-дәрмектер мен контрабандалық жолмен келген көшірме дәрілердің мәселесін шешу. Үшіншісі – тиімді қолдану. Мұндағы басты мәселе дәрігерлердің саны көп препараттарды ретсіз тағайындауында және фармацевтикалық компаниялардың дәрілерді сатудағы этикаға жатпайтын әдісінде болып тұр. Аталмыш мәселелерді шешуде пәрменді шаралар қолға алынғанын ескерсек, қаншалықты тиімді жүзеге асатыны – уақыттың еншісінде.

Отандық өндіріске жол ашу керек

Елімізге дәрінің 70 пайызы сырт­тан келетіні белгілі. Тонналаған түрлі дәрілер Ресей, Үндістан, Қытай, Германия, Франция, Украина және тағы басқа елдерден сатып алынады. 2000 жылдары отандық үлес 10 па­йыз болса, 18 жыл ішінде небәрі 30 пайызды құрап отыр. Әрине, бұл көрсеткіш аз.
«Қазақстанда да дәрі-дәрмек шығаратын өндіріс орындары жоқ емес. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Santo «Химфарм» АҚ, «Зерде-Фито» ЖШС, Алматы қаласындағы «Нобел» фармацевтикалық фабрикасы мен «Абди Ибрахим Глобал Фарм», Алматы облысында «Kelun-Kazpharm» фармацевтикалық зауыты және Қарағанды облысындағы «Фармация-2010» және «Фитохимия» ғылыми-өндірістік холдингі жұмыс істейді. Қарағанды және Алматы облыс­тары еліміз бойынша өндірістік өнімнің басым бөлігін қамтамасыз етіп келеді» дейді білікті фармацевт Дархан Төлегенов. Оның айтуынша, бір ғана «Santo» компаниясы жылына 1,2 миллиард таблетка, капсула мен түйіршік, 300 миллион ампула, 40 миллион антибиотик құтысын, 6 миллион инфузия пакеті мен құтысын шығаруға қауқарлы. Мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған компания өз өнімдерін Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Түрікменстан елдеріне экспорттайтыны қуантады.
Жалпы, отандық мамандардың пікірінше, еліміздің фармацевтика нарығын еншілеген импортты төмендету үшін өзіміздің кәсіп­орындарға үлкен қолдау керек. Ол үшін ел Үкіметінің отандық дәрі-дәрмектің үлесін 50 пайызға арттыру бағдарламасынан үлкен үміт күтеді.

 

Тегін дәрінің ауқымы артты

Жазылмайтын сырқаттары бар науқастарға паллиативтік көмек көрсету үшін тегін дәрілер тізіміне 15 жаңа дәрілік заттар мен бұйымдар енгізілді. Олардың қатарында кетопрофен, трамадол, морфин, фентанил, преднизолон, дексаметазон, омепразол, амитриптилин, карбамазепин, метоклопрамид және тағы басқа дәрілер бар.

Денсаулық сақтау министрлігінің көңілге қонымды болған биылғы өзгерісінің бірі – тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізбесін қайта қарап, көлемін ұлғайтты. Бұған дейін 266 дәрілік зат сырқаттың 48 тобы бойынша тегін беріліп келген. Енді оның қатары тиімділігі дәлелденген препараттармен толығып отыр. Тиісінше, клиникалық тәжірибеде пайдаланылмайтын кейбір дәрілер алынып тасталды. Бұл ретте ауыр сырқат түрімен ауыратын науқастар мен олардың отбасыларына көп көңіл бөлінгенін айтуға тиіспіз. Жазылмайтын сырқаттары бар науқастарға паллиативтік көмек көрсету үшін тегін дәрілер тізіміне 15 жаңа дәрілік заттар мен бұйымдар енгізілді. Олардың қатарында кетопрофен, трамадол, морфин, фентанил, преднизолон, дексаметазон, омепразол, амитриптилин, карбамазепин, метоклопрамид және тағы басқа дәрілер бар. Егер бұрын палли­ативтік көмек үшін тегін дәрі-дәрмек алу көрсеткіші ретінде тек қатерлі өскіндердің кең таралған түрлеріне рұқсат етілсе, қазір туберкулез және АИВ-инфекциясы, жүрек, бауыр, бүйрек жетіспеу­шілігі декомпенсациясы, бауыр циррозының асқынуы сатысындағы созылмалы асқынған ауруларға да тегін тағайындалады. Жаңа тізбеде балаларға да ерекше назар аударылған. Сонымен қатар, жүректің ишемиялық ауруларын және гематологиялық ауруларды емдеу үшін заманауи препараттар қосылған.

 

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Наверх