• USD 373.5
  • EUR 423
  • RUR 5.68

Қоғам

Бұл табиғи жағдай Астана үшін үлкен сынақ болды

12 қаңтар, 17:25240
Автор: Elorda Aqparat

Астанада ауа-райы қатты құбылып, елді әбігерге салғанмен елорда осы сынақтан сүрінбей өтті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, барша қызметтік мекемелердің бәрі бірдей жақсы жұмыс жасады. Дауыл салдары ешқандай ауыр залалсыз өтті , – деді Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева баспасөз конференциясында.

Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева мен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров, ІІД Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Арман Айтимов, Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Болатбек Амрин ситуациялық орталықта 11 қаңтар күнгі табиғи жағдайға байланысты БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берді. Спикерлердің сөзіне сүйенсек, 11 қаңтар күні «109» қызметіне 13 мыңдай, «102»-ге 2 мыңнан аса, ал «112»-ге 4 мыңға жуық қоңырау түсіпті.

Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаеваның айтуынша, ақтүтек боран салдарынан 26 тұрғын үй мен 4 мектеп, 3 балабақшаға біраз зақым келсе, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті шатырының жартысын жел ұшырып әкеткен. Сондай-ақ, шамамен секундына 30 метр жылдамдықпен соққан желдің 16 аялдама мен 131 бағдаршамға да зияны тиген.

Ал Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың мәліметіне сүйенсек, боран салдарынан 39 адам жараланып, оның екеуі ауруханаға жатқызылған. Екеуіне де ота жасалған. «Зардап шеккендердің бірі қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы нашар. Ал қалған 37 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді» дейді К.Надыров.

Сондай-ақ, боран кезінде ІІД Жергілікті полиция қызметі 472 полиция қызметкері мен 70 көлігі және құтқарушылардың жеке құрамдағы 221 маманы мен 44 техникасы жұмылдырылыпты. Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Арман Айтимовтің айтуынша, 175 жол-көлік оқиғасы мен 82 табиғи апат бойынша тәртіп сақшыларына шақырту түсіпті. Патрульді полиция көліктері қала ішінде тұрғындарды тасымалдап, жолда қалғандарға көмек көрсеткен.

– Әсіресе, Астрахан мен Павлодар тасжолдарының бойында қалған адамдар көп болды. Қазіргі уақытта қалааралық 6 бағыт бойынша да жол ашық. Бірақ ауа райының өзгеруіне байланысты жолдар кез келген уақытта қайтадан жабылып қалуы мүмкін, – деген Арман Айтимов қала тұрғындары мен қонақтарын қар тазалаушылардың жұмысына түсіністікпен қарап, жол жүру ережесін қатаң сақтап, тек белгі бар жерлермен ғана өтуге шақырды.

Ал «Қояндыдан» қалаға шығып, орта жолда қалған адамдар көліктерін тастап кетуге мәжбүр болған. Оқиға орнынан 149 жолаушыны қалаға жеткізген құтқарушылар 66 техниканы эвакуатормен алып шыққан.

Абырой болғанда, адам шығыны болмаған. Ал қаланың жалпы материалдық шығыны әзірге белгісіз. Аудан әкімдері ПИК-термен бірге әлі де тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.

Жалпы, тазалық жұмыстарына 2 мың жұмысшы мен 2600 техника жұмылдырылып, 2 тәулік ішінде 82 мың текше метр қар қала сыртына шығарылған.

– Бұл табиғи жағдай Астана үшін үлкен сынақ болды. Бірақ елорда осы сынақтан да сүрінбей өтті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлеріне, полиция қызметкерлеріне, медицина мамандарына, БАҚ өкілдеріне және боран кезінде тұрғындарға көмек көрсеткен барша елордалықтарға Астана қаласы әкімдігінің атынан зор алғысымызды білдіреміз, – деді Эльвира Жүргенбаева тілшілерге берген сұхбатында.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ




Наверх