• USD 321
  • EUR 397.2
  • RUB 5.72

Қоғам

Айқын ДҮЙСЕМБАЕВ,  психолог: Өзіңе оралуға кеш емес

22 қаңтар, 10:28185
Автор: Elorda Aqparat
Айқын ДҮЙСЕМБАЕВ,  психолог Айқын ДҮЙСЕМБАЕВ,  психолог

 Ұстазым сөзін жалғастырып, қазақта түрме болмаған, демократияның ең дамыған жері осында дегенде өзімнің қазақ болып туылғаныма қуандым. Кейде өзіңнің еліңнің кім екенін біреулердің аузынан естісең, жүрегіңе жетеді, - дейді психология саласының маманы Айқын Дүйсембаев.

 Ленинградта оқып жүрге­німде, білімі төмен болса да, тек түрі үшін ғана алдымнан кесіп өтетіндерге ренжіп: «Әттең, орыс болып туғанымда мені ешкім тоқтатпайтын еді. Жолым жеңіл болып, еш іркілмес едім» деп, өкініп айтуға болмаса да, қапаланатынмын. Өзге тілде тілім шығып, өзге мәдениетке жақын өскендіктен, қазақы болмысымнан хабарым аз болатын. Иә, әкем де, шешем де қазақ. Атылып кеткен «алашордашы» әкесінен ерте жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген әкем тек орысша сөйлейтін.
Сөйтіп жүргенде менің өз тамырыма үңілуге, өз ділімді танып, қазақ атыма мақтаныш оятқан оқиға болды. 
90-шы жылдары. Ленинградта оқып жүрміз. Бір күні ұстазымыз дәрісін батыс пен шығыстың психологиясына арнады.

«Батыс бар жерде Шығыс бар. Сәйкесінше, батыс және шығыс психологиясы бар. Арасын ажырата білуіміз керек. Шығыс та бірдей емес, оның ішінде қазақ деген халық бар».

Мен курстағы жалғыз қазақпын. Аудиториядағы отызға тарта адамның назары маған ауғанын сезіп отырмын. Ұстазым сөзін жалғастырып, қазақтардан үйреніңіздер деп қазақтың дәстүрінен он түрлі мысал келтірді. Оның ішінде келіссөз жүргізу, отбасы ара-қатынасы тағысын тағылар. Қазақта түрме болмаған, демократияның ең дамыған жері осында дегенде өзімнің қазақ болып туылғаныма қуандым. Кейде өзіңнің еліңнің кім екенін біреулердің аузынан естісең, жүрегіңе жетеді. 
Өз бойыңыздағы қасиетті білу үшін де оның шегінен шығып көргеннің зияны жоқ. Сонда ғана өз қасиетіңізді ашып, өз мүмкіндіктеріңізді бағалап, жүректе сенім ұялайды. Жалпы, қазақтың «жатқан тастың астына су ақпайды» деген сөзінің  жаны бар.     

Айқын ДҮЙСЕМБАЕВ, 
психолог,
 «Қасиет» психология 
орталығының директоры

Наверх