• USD 346.5
  • EUR 404
  • RUB 5.6

Руханият

Астанада Қайым Мұхамедханов көшесі ашылды

12 қаңтар, 16:49508
Автор: Elorda Aqparat
Қазақтың көрнекті ғалымы, абайтанушы, ҚазССР-нің тұңғыш әнұранының авторы Қайым Мұхамедханов Қазақтың көрнекті ғалымы, абайтанушы, ҚазССР-нің тұңғыш әнұранының авторы Қайым Мұхамедханов

Астана қаласындағы жобалық атауы Е250 көше енді бұдан былай қазақтың көрнекті ғалымы, абайтанудың алыбы, ұстаз, ҚазССР-нің тұңғыш әнұранының авторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қайым Мұхамедхановтың есімімен аталатын болды, деп хабарлайды Елорда инфо.

Қайым Мұхамедханов көшесінің ресми ашылуы өтіп, аталмыш көше бойында орын тепкен Қазақ технология және бизнес университетінде «Абайдың інісі, Алаштың ірісі» атты ғылыми семинар ұйымдастырылды.

Астана қалалық Ономастика комиссиясының 2016 жылғы 7 қыркүйектегі №1 шешімінің негізінде Астана қаласы әкімдігінің қаулысы және Астана қалалық мәслихатының шешімімен берілген бұл көше «Жағалау» шағын ауданында орналасқан. Көше Ш.Айтматов көшесінен басталып, Ұлбике ақын көшесінде аяқталады. 

Қазақтың көрнекті ғалымы, абайтанудың алыбы, ұстаз, ҚазССР-нің тұңғыш әнұранының авторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қайым Мұхамедханұлы өз өмірі мен еңбегі арқылы қайтпас қайсарлықтың, азаматтықтың үлгісін көрсетті. Әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы еді. Оның үйінде Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов, өзге де Алаш қайраткерлері жиі бас қосатын. Мұхамедхан Семейде шығып отырған «Сарыарқа» газеті мен Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтің басшылығымен шыққан «Абай» журналын қаржыландырып отырды. Сөйткен әке өткен ғасырдың отызыншы жылдары «халық жауы» атанып, атылып кетті.

Әке үлгісі, жастайынан көріп жүрген Алаш ардақтыларының өнегесі Қайым өмірі мен қызметіне де әсер етпей қоймады. Мұхтар Әуезовтің адал шәкірті болып, ең алдымен ұлы Абайды қазаққа танытуда өлшеусіз еңбек сіңірді. Абайтануға жан-тәнімен кірісіп кетіп, 1940 жылы ақынның алғашқы музейінің негізін қалап, соның тұңғыш басшысы болды. «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғады. Бұл еңбегі үшін 1951 жылы қамауға алынып, Семей, Алматы түрмелерінде, Қарағанды лагерінде отырды. Сонда түрлі азап көрді. Алайда алған бағыты мен ұстанымынан қайтпады. Қайымның шәкірті, Астанадағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектеп директоры Ербол Іргебайдың сөзінше, кеңес өкіметі Қайым арқылы Мұхтар Әуезовті ұстағысы келген. Бірақ Қайым ұстазын сатпады.

Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Қайым туралы «Бұл бала біздің есімізді жаңғыртады» деген екен. Қайымның өзі «Өлсем, Алаш азаматтарынан жаным артық емес» деп жазып кеткен. Бұл туралы Қайымның қызы Дина Мұхамедханнан естідік. Ол, айтпақшы, ғалым Абай мен Шәкәрім Құдайбердіұлы мұраларын бір ізге түсіріп, өлеңдерінің текстологиясын жасады. «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітаптан тұратын жинақты құрастырды. Алаштануға да өлшеусіз еңбек сіңірді.

«Мен қалалық Ономастика комиссиясының көп жылдан бергі мүшесімін. Қайым Мұхамедхановқа Астанадан көше беру туралы үлкен айтыс-тартысқа басынан-аяғына дейін қатыстым. Жалпы, бұрын Астанада Абайдан бастап қазақтың тұлғаларының атында 10 шақты ғана көшесі болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен бір күнде 70 көшеге қазақы атау бердік. Ал Қайымға көше беру 3 жылға созылды» деді қоғам қайраткері, Қазақ телевизиясы ардагері Сұлтан Оразалы.

Семинарда Қайым Мұхамедханов туралы белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлық иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының төрағасы Несіпбек Айтұлы, академик Ғарифолла Есім, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры Болат Жүнісбеков ойларын айтты.

 

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Наверх