• USD 374
  • EUR 425.8
  • RUR 5.63

Қоғам

Астанада балабақша тәрбиешісіне сұраныс өте жоғары

24 сәуiр, 11:24284
Автор: Elorda Aqparat

Астана қаласы Білім басқармасының Гуманитарлық колледжінде түлектер жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге елордамыздағы 118 мекемеден (соның ішінде 75-і - балабақша, 43-і - мектеп) жұмыс берушілер қатысты, деп хабарлайды Елорда инфо.

Соңғы 10 жыл ішінде қалыптасқан ізгі дәстүрдің берері мол. Жұмыс берушілер жүздесу барысында жас маманға жұмыс орнын бермес бұрын, оның қабілетін жан-жақты бағалай алады. Ал түлектер қандай мамандық иесіне сұраныс барын біледі және бос жұмыс орындары жөнінде толық ақпарат алады. Жәрмеңкенің ашылу салтанатында сөз сөйлеген колледж директоры Әділхан Жүсіпов жұмыс берушілерді 74 жылдық тарихы бар Астанадағы ең байырғы, ең тәжірибелі оқу орнының түлектеріне толық сенім білдіруге шақырды.

Айтарлығы, соңғы 5 жылда Гуманитарлық колледжді бітіретін түлектер 100% жұмыс орындарымен қамтылған. Биыл 10 мамандық бойынша оқу бітіретін 402 түлек жұмыс берушілердің алдында портфолиосын көрсетіп, тұсаукесер өткізді. Ал жұмыс берушілер әр мамандық бойынша түлектердің білім мен рухани деңгейіне ұқыптылықпен зер салып, болашақ өз қызметкерлерін таңдады. Аталған колледж түлектеріне деген үлкен қызығушылықтың бары бірден байқалды. Себебі, оқу орны өткен жылы екі бірдей жоғары деңгейдегі жүлде: Қазақстан Республикасындағы Ұлттық бизнес рейтинг қорытындысы бойынша «Жыл көшбасшысы-2017» атағын және Астана әкімдігінің «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» атағы мен Астана әкімінің грантын жеңіп алған.

 

- Біздің түлектер жаңартылған бағдарламамен оқиды. Соңғы екі жылда дуалды оқыту жүйесі бойынша болашақ бастауыш сынып мұғалімдері мектептерде жұмыс істеуде,-деп түсіндірді озық тәжірибені Әділхан Шаймағамбетұлы.

Оның айтуынша, эксперимент ойдағыдай іске асырылған.

«Мұндай тәжірибе әр студентке оқу орнын бітірген соң тұрақты жұмыс табуына көмектеседі. Осы оқу жылының басында «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша мемлекеттік тапсырыспен 175 абитуриент қабылдадық. Соларды 1-ші курстан бастап, елорданың балабақшаларына бөлдік. Қазір олар өндірістік тәжірибені сол балабақшада өтіп жүр. Меніңше, мамандар тек оқып қана қоймай, еңбек етуге деген құлшынысын дәлелдеп отыруы керек. Үлкен жетістік деген осы», - деді ол.

Әңгіме барысында Әділхан Шаймағамбетұлына қазір қандай мамандықтарға сұраныс көптігін, жәрмеңкеге қатысқан қанша түлек тұрақты жұмыс орнын табатынын сұрадық. Колледж басшысының айтуынша, Астанада бастауыш сынып және дене тәрбиесі пәні мұғалімі, балабақша тәрбиешісі деген мамандықтарға сұраныс өте жоғары.

 «Жыл сайын бас қаламыз өркендеп, жаңадан балабақша, мектептер салынуда. Соның нәтижесінде бастауыш сынып, дене тәрбиесі пәні мұғалімі, балабақша тәрбиешілеріне деген сұраныс өте жоғары. Ал қазақ тілі мен әдебиеті, бейнелеу өнері мен сызу мұғалімдеріне сұраныс аздау. Оның себебін түсіндіру қиын. Негізінен алғанда, мектеп бағдарламасында соңғы пәндер бойынша сағат саны өте аз. Ал түлектеріміздің жұмыс орындарымен қамтамасыз етілуі бойынша жыл сайын көрсеткішіміз жоғары. Қазан айының ортасына дейін колледж бітірген түлектеріміз 100 пайыз жұмысқа орналасады», - деді ол.

Әділхан аға сөз соңында түлектер жәрмеңкесіне қолдау көрсеткен Астана қалалық Білім басқармасына, жұмыс берушілерге алғысын жеткізді.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар                                                                                                                  

 




Наверх